Мәдениет

Қара сөзбен жырлаған жазушы

Облыстық Сағи  Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Алтайдың ақиық қаламгері – Оралхан Бөкей» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Биыл  «Бір кітап —бір ел» акциясы аясында жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» атты шығармасын оқырман қауым таласа-тармаса оқуда.

Кешке қаладағы  мектеп кітапханашылары, облыстық «Менің сүйікті кейіпкерім» байқауының  жеңімпаздары, Алға, Мәртөк, Әйтеке би, Темір , Қобда, Мұғалжар, Байғанин  аудандық  және  Ақтөбе қалалық кітапханаларының  жасөспірімдермен  жұмыс  бөлімінің  кітапханашылары қатысты.

Алтыншы рет өтіп жатқан республикалық акцияға таңдалып алынған  жазушы, драмматург,   Мемлекеттік  сыйлықтың , Жастар одағы сыйлығының ,

Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің  бас редакторы болған Оралхан Бөкейдің шығармаларын жан-жақты насихаттауда, оқырман бетін кітапқа бұруды мақсат еткен кітапханашылар қызу іске кірісіп кетті.

Оқырмандарға асқар Алтайдың керемет  табиғатын қара сөзбен жырлаған  Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?»  повесі туралы  кітапхана библиографы Әсемгүл Арыстанбаева әңгімелеп берді.

Кітапханашы Лариса Құрымбаева жазушының  соғыс тақырыбына жазған тағы бір  шығармасы  «Бәрі де майдан»  повесі жайында тоқталса,  Ләззат Бөлтекова  «Жетім бота», «Қар қызы» шығармалары туралы айтты.

Шараға қатысқандар жазушының өмірі мен шығармашылығынан хабар беретін   «Қазақ прозасының  қара нары — Оралхан Бөкей» атты кітап көрмесін тамашалады.

Сондай-ақ шығарма жазудан облыс  жасөспірімдері арасында өткен  «Менің сүйікті кейіпкерім» атты байқаудың  қорытындысы да сол кеште  жарияланды.

І орынды  Ембі қаласының № 7 қазақ орта мектебінің оқушысы Аружан Мутуш, екінші орынды  №1 Мәртөк аудандық орта мектебінің оқушысы Ангелина Мендинова, ІІІ орынды Алға ауданы  Бестамақ  орта мектебінің оқушысы Ұлан Рахмет  жеңіп алды.

Кітапхана директорының орынбасары Үржан Кудасова  аталған жүлдегерлерді марапаттады. 7 талапкер ынталандыру сыйлығына ие болды.

Келушілер назарына «Кітап  ескерткіштері» және «Алтайдың ақиық қаламгері» тақырыбында  слайдтар ұсынылды.

Ә.Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледж студенті  Думан Бейілов «Ауылым»,  «Аңсағаным»  әндерін тарту етті.

Алтынгүл ЕРМЕКБАЕВА,

кітапханашы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button