ДРОППЕРЛІККЕ ЖОЛ ЖОҚ


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Студенттер сарайында облыстық Жастар ресурстық орталығы және Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп. Дроппер деген кім?» тақырыбында студенттермен кездесу өтті.
Шараға облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисембин, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин, сондай-ақ банк саласының мамандары қатысты. Кездесуге 700-ге жуық студент жиналды.
Алдымен университет жанынан құрылған «Жастар» театрының қойылымы тамашаланды. Қойылымда алаяқтардың арбауына түсіп, түрлі қиын жағдайға тап болған жастардың өмірлік оқиғалары сахналанды.
Жиында сөз алған Жадан Бисембин дропперлік ұғымына кеңінен тоқталып, оның заң алдындағы салдарын түсіндірді. Оның айтуынша, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа 232-1-бап енгізілген.
— Бұл бап банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды үшінші тұлғаларға беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру әрекеттерін қамтиды. Оның ішінде материалдық сыйақы үшін өз банк картасын бөтен адамдарға беру де дропперлік болып саналады, — деді департамент басшысы.
Маманның айтуынша, дропперлік интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдерінің бірі болып отыр. Алаяқтар дәл осы әдіс арқылы ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, ізін жасырады.
— Аталған әрекеттің ауырлығына, сипатына және заңсыз алынған табыс көлеміне байланысты 232-1-бапта айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл норма кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті күшейтуге, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған, — деді ол.
Жадан Бисембиннің айтуынша, өткен жылы еліміз бойынша 30 мыңнан астам дроп-карта тіркелген. Олардың басым бөлігі жұмыссыздар мен тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарға тиесілі. Сонымен қатар интернет кеңістігінде күмәнді жарнамалар да көбейген.
— Қазіргі таңда түрлі сайттарда «курьер», «қашықтан жұмыс», «еркін график» деген атаумен сағатына 20–50 мың теңге немесе айына 300–600 мың теңге жалақы уәде етілетін хабарландырулар жиі кездеседі. Мұндай ұсыныстарға аса сақтықпен қарау қажет, — деді басқарма басшысы..
Кездесу барысында студенттердің өздері де пікір білдірді. Экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Аян Оралов осындай ұсыныстардың өзіне де түскенін айтты.
— Маған бір адам хабарласып, банк картамды сатуды ұсынды. Өзін жұмыс беруші ретінде таныстырып, карта берген жағдайда қосымша бонустар түсетінін айтты. Бірақ мен бұл ұсыныстан бас тарттым. Осындай жағдай болса, үйдегі үлкендерге айтып немесе полицияға хабарласу керек деп ойлаймын. Бұл тақырып жиі көтеріліп жатқандықтан, барша жастарды сақ болуға шақырамын, — деді студент.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар студенттердің қызығушылығын арттырып, құқықтық сауаттылығын нығайту мақсатында интеллектуалдық ойын өткізді. Ойын барысында белсенділік танытып, жеңімпаз атанған студенттерге арнайы сыйлықтар табысталды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



