Полиция қызметінде жаңа дәуір


Қоғам мен полиция арасындағы өзара сенімді нығайту — бүгінгі құқық қорғау саласындағы басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта елімізде «Адал полицей» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жоба ішкі істер органдарының жұмысын ашық, сервистік форматқа көшіруге бағытталған. Аталған бастаманың мәні, атқарылып жатқан жұмыстар мен нақты нәтижелер жөнінде Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Апсеттаров тарқатып айтты.
— Елімізде іске қосылған «Адал полицей» жобасының басты мақсаты қандай?
— Жобаның мақсаты атауынан-ақ белгілі. Біз қазіргі таңда сервистік полиция моделін қалыптастырып келеміз. Яғни ішкі істер органдарын жазалаушы құрылымнан сенімді серіктеске айналдыру. Біз полицейдің азаматтар тарапынан қорқынышсыз, кедергісіз жүгінуге болатын кәсіби көмекші ретінде қабылдануын қалаймыз. Бұл — «бақылау» жүйесінен «көмек пен қорғау» жүйесіне көшу кезеңі десем артық болмас.
— Осы жоба аясында қызметкерлерге қандай нақты міндеттер жүктелген?
— Қызметкерлерге бірнеше нақты міндет жүктелді. Олар полиция жұмысын сапалы, ашық және тиімді етуге бағытталған. Азаматтар қабылданатын шешімдердің қалай және не себепті қабылданатынын түсінуі керек. Сонымен қатар цифрлық құралдардың көмегімен өтініштерге әрекет ету уақыты едәуір қысқарды. Бұдан бөлек профилактикалық іс-шараларды көбірек ұйымдастыру жүктелген. Өйткені біздің басты міндетіміз — құқық бұзушылыққа тек жаза қолдану емес, заң бұзуға жол бермейтін, жоғары құқықтық мәдениет қалыптасқан орта құру.
— Кері байланыс мәселесі қалай жолға қойылған? Бұл тетік іс жүзінде қаншалықты тиімді?
— Кері байланыс — жобаның іргетасы. Онсыз бұл бастаманың мәні болмайды. Біз Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа аламыз. Қала тұрғындарынан келіп түскен кез келген өтініш немесе хабарлама — көшедегі жарықтандыруға қатысты шағым болсын, құқық бұзушылық туралы ескерту болсын – барлығы мониторинг жүйесіне тіркеледі. Әрбір жағдай жан-жақты талданып, тиісті шешім қабылданады. Бұл мәселені тез анықтауға және жұмыс тәсілдерін жедел өзгертуге мүмкіндік береді.
— Биыл Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл бағыт «Адал полицей» қағидаттарын іске асыруға қалай әсер етіп жатыр?
— Цифрлық технологиялар субъективтілікке жол бермейді. Қазіргі таңда QR-сервистер, онлайн қабылдау бөлмелері, мобильді хабарламалар кеңінен қолданылуда. Өтінішті тіркеу үдерісі барынша ашық: азамат өз мәселесінің орындалу барысын смартфон арқылы бақылай алады. Сонымен қатар цифрландыру деректердің үлкен көлемін жылдам өңдеуге және патрульдік күштерді ең қажет аймақтарға тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
— Жобаның бүгінгі күндегі ең басты нәтижесі қандай?
— Ең басты нәтиже – адамдардың көзқарасының өзгеруі. Қала тұрғындарынан жүздеген мазмұнды, сындарлы ұсыныстар келіп түсуде. Бұл – полицияға деген сенімнің арта бастағанының нақты белгісі. «Адал полицей» – уақытша акция емес, бұл біздің қызметіміздің жаңа стандарты. Әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі және полицияның әрдайым заң мен қоғам мүддесі үшін жұмыс істейтініне сенуі үшін біз осы бағытта жүйелі түрде еңбек етіп келеміз.
Сұхбаттасқан Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



