Жаңалықтар

Конституциялық реформа: е-Otinish пен eGov арқылы ғана 600-ден астам ұсыныс түскен

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші — Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформаны азаматтық қоғам қалай қабылдағанын айтты.

— Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуі тиіс. Сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты. Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылды. Бұл құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеді. Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылды. Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел жинақталды, — деді Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында.

Ол Жұмыс тобының мүшелеріне өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілгенін еске салды.

— Жұмыс тобының мүшелерімен қатар, Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдады. Сондай-ақ «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады, — деді ол.

Мемлекеттік кеңесші конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жібергенін, ал, е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түскенін атап өтті.

Айта кетейік, Jibek Joly арнасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысын тікелей эфирде көрсетіп жатыр.

Бұған дейін Конституциялық комиссияның құрамында кімдер кіргенін жазған едік.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button