Жаңалықтар

Бір палаталы Құрылтайға кімдер квота бойынша кіре алады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында бір палаталы Құрылтайға кімдер квота бойынша кіре алатынын айтты.

– Парламенттегі квоталар туралы Президент Ұлттық құрылтай отырысында егжей-тегжейлі баяндады. Мемлекет басшысы айтқандай, «президенттік квота» деген болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс» деді. Мұндай қадам болашақ Құрылтайдың құрамын жасақтағанда бәріне бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз етеді. Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады. Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота. Мұның барлығы конституциялық заңдар деңгейінде шешілетін мәселелер, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімдерді болашақ Құрылтай моделінде сақталатынын айтты.

– Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам. Сондықтан, қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды, – деді ол.

Айта кетейік, Jibek Joly арнасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысын тікелей эфирде көрсетіп жатыр.

Бұған дейін Конституциялық комиссияның құрамында кімдер кіргенін жазған едік.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button