Заң мен тәртіп

Заң мен тәртіп өзімізден басталады

«Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Полиция департаменті сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою және қызметтік тәртіпті нығайту бойынша жүйелі жұмысты күшейтті. Біздің мақсатымыз — құқықбұзушылықтарды тек анықтау ғана емес, оларды жасауға жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру.
Полиция департаменті адал қызметкерлердің құқықтарын қорғау, ішкі істер органдарының беделін арттыру және ең бастысы — халықтың полицияға деген сенімін нығайту бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Ішкі істер министрлігі «Адал полицей» атты ауқымды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараны қолға алды. Бүгінде жеке құрам арасындағы профилактика жүйелі негізде жүргізілуде.
Негізгі құралдардың бірі — адалдыққа тексеру, яғни Integrity Check. Қызметкерлерді нақты қызметтік жағдайларға барынша жақын ортада тестілеу тетіктері белсенді түрде енгізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша адалдық сынағынан өте алмаған қызметкерлер мен олардың тікелей басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Қызметтің барлық бағыттары бойынша ішкі бақылау күшейтілді. Әрбір бөлімшеге Ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері бекітілген. Бұл ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды жедел бақылауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бастапқы кезеңінде-ақ анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қызметтік кабинеттерде тәулік бойы онлайн режимде бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін бейнекамералар орнатылған. Нақты уақыт режиміндегі күнделікті бақылау өз нәтижесін беруде. Осы жүйені енгізу және қабылданған алдын алу шараларының арқасында полиция қызметкерлері тарапынан азаптау фактілеріне жол берілген жоқ. Бұл — қатаң тәртіп пен үздіксіз бақылаудың нақты нәтижесі.
Сыртқы қызметтерге қатысты да осындай жұмыс жүргізілуде. Посттар мен патрульдеу бағыттарындағы қызметтің ашықтығы бейнетіркегіштер арқылы қамтамасыз етілуде. Қашықтан онлайн бақылауды енгізу сыртқы бөлімшелердің жеке құрамы арасындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының айтарлықтай төмендеуіне мүмкіндік берді. Бейнефиксация қызметкерлер үшін де, азаматтар үшін де тәртіпті күшейтетін факторға айналды.
Жауынгерлік және қызметтік дайындық жүйесінде жеке құраммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта тұрақты түрде оқыту жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе кадрлардың кәсіби санасындағы сапалы өзгерістерді атап өткен жөн. Қызметтік міндеттерін атқару барысында пара беру әрекеттері туралы Ішкі қауіпсіздік басқармасына полиция қызметкерлерінің өздері тарапынан жүгінулер санының тұрақты өсімі байқалады.
Полиция қызметкерлерін өздеріне тән емес функцияларға тарту және негізсіз іссапарларға жіберу фактілері қатаң түрде тоқтатылуда. Әр қызметкер өз тікелей міндеттерін сапалы әрі толық орындауға мүмкіндік алуы тиіс.
Алдын алу жұмысы студенттік орындықтан басталады. Ақтөбе заң институтында курсанттар адал емес қызметкерлердің нақты ұсталу жағдайлары бойынша кейстерді зерделейді. Біз қызмет мүддесіне сатқындық жасаудың салдарын ашық көрсетіп, болашақ офицерлердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырамыз.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша жеке құрам арасындағы қылмыстарды тіркеу деңгейі едәуір төмендеді.
Қатарымызды тазалай отырып, біз антқа соңына дейін адал болған әріптестерімізді ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндетін атқару кезінде 11 әріптесіміз қаза тапты. Мемлекет заңды да, оны қорғаушыларды да қорғап келеді.
Нақты мысал келтірейін. Учаскелік полиция инспекторына қарсылық көрсетіп, күш қолданғаны үшін Ақтөбе қаласының тұрғыны 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал полиция қызметкеріне пара беруге әрекет жасаған облыс тұрғыны кінәлі деп танылып, ірі көлемде айыппұл төлеуге сотталды, ал оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген болатын.
Құрметті облыс тұрғындары! Жұмысымыздың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Ішкі қауіпсіздік басқармасында тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істейді. Егер полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне тап болсаңыздар, бұл туралы дереу хабарлауларыңызды сұраймын.
Сонымен қатар ескертемін: пара беру, қорқыту немесе билік өкіліне күш қолдану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Баршаңызды заң талаптарын сақтауға және өзара құрмет танытуға шақырамын.
Өз қатарымыздың тазалығы мен қоғамдағы заңдылық — біздің бұлжымас басымдығымыз.
Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының:«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі осының айқын дәлелі.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті
Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы
Ардақ Иманов

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button