Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсыныс терең көзқараспен қаралады — Үнзила Шапақ

АСТАНА. KAZINFORM — Конституция преамбуласын жаңарту — бұл тек редакциялық түзету емес. Бұл туралы Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ мәлім етті.
— Ең бастысы — бір мақсат, бір мұрат жолында ұйысқан халқымыздың бірлігі мен баянды болашағы. Осы асыл құндылықтарды арқау ете отырып, бүгінгі отырыста мен Конституциялық реформаны тереңдету аясында Конституция преамбуласын жаңғырту, оның мазмұнын заман талабына сай қайта өзектендіру мәселесіне тоқталмақпын. Конституция преамбуласын жаңарту — бұл тек редакциялық түзету емес. Бұл — ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам. Мемлекет басшысы да преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттілігін нақты атап өтті, — деді Үнзила Шапақ.
Осы орайда ол қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету маңызды екенін атап өтті.
— Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсынысқа үстірт емес, байыппен әрі терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз. Өздеңізге мәлім, бұған дейін құрылған Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы өз миссиясын абыроймен аяқтады. Сол кезеңде жұмыс тобына түскен ұсынастырдың ішінде Конституция преамбуласына қатысты салмақты да, салиқалы ой-пікірлер аз болған жоқ, — деді депутат.
Айта кетейік, Jibek Joly арнасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысын тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
Бұған дейін Конституциялық комиссияның құрамында кімдер кіргенін жазған едік.



