Заң мен тәртіп

Оқушылармен ой бөлісті

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінде «Заң мамандықтары: әділет жолындағы кәсіптер» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған құқық қорғау саласының өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты.

Қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, бұл іс-шара жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
— Оқушылар мен ұстаздар бас қосқан жиын «Жасөспірім және заң» профилактикалық онкүндігі аясында өткізілді. Оған облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Асылхан Бекбосынов, Ақтөбе көлік прокуратурасының аға прокуроры Аяжан Назар және Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің аға инспекторлары қатысып, жастарға ұрлық жасап, төбелес ұйымдастырудың арты жақсылыққа апармайтынын түсіндірді. Кездесу барысында тәртіп сақшылары заң саласының қоғамдағы орны, жауапкершілік пен кәсіби талаптар туралы ақпарат беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай іс-шаралардың оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы маңызы ерекше, — дейді ол.
Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы шеңберіндегі мазмұнды басқосулар қаланың басқа да мектептерінде жалғасады.
Дөңгелек үстелге жиналған мектеп оқушылары құқық қорғау саласының өкілдеріне көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
— Биыл 11 жыл оқыған мектебімізден түлеп ұшамыз. Қазір ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатырмыз. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған жиында өзекті мәселелер талқыланды. Полиция мен прокуратура қызметінің қаншалықты қиын әрі жауапты қызмет екенін түсіндік. Бұл іс-шара бізге болашақ мамандығымызды таңдауда септігін тигізеді, — дейді Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ринат Бейбітов.
Іс-шара соңында заң саласында еңбек етіп жүрген бірқатар ата-анаға Алғыс хаттар табысталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button