Екі ауылдың қуанышы

Спорт кешені
Шалқар ауданына қарасты Бозой, Шілікті ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды.
Жаңа спорт кешендерінің құрылысы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдау нәтижесінде жүзеге асырылды. Заманауи талапқа сай салынған кешен ауыл тұрғындарының бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік бермек.
Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Шілікті ауылында бұған дейін денешынықтыру-сауықтыру кешені болған емес.
— Ауылымызда спорт кешенінің ашылуы — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен тұрақты айналысуына жол ашады. Алдағы уақытта осы кешеннен талай чемпиондар шығады деп сенемін. Ауылымызды көркейтіп, осындай игі істің жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға алғыс айтамын,— деді жас спортшы Қуаныш Сағитов.
Шілікті ауылындағы спорт кешенінің ашылу рәсімінде аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекет саясатының басым бағытының бірі екенін атап өтті.
— Бұл денешынықтыру-сауықтыру кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді. Мемлекет қолдауының арқасында шалғай елді мекендерде де заманауи спортпен айналысуға қажетті жағдай жасалуда,— деді аудан әкімі.
Облыстық спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов жаңа нысанның әлеуметтік маңызына тоқталды.
Екі спорт нысанының құрылысы Президенттің бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Жоба Ұлттық қор, республикалық, облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Екі ауылдағы нысанның мердігері — «BASPANA BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



