Жол мұраты—жету…

Қай ауданға автобус қатынайды?
Автовокзалдардан ірілі-ұсақты автобустардың бірінен соң бірі әр тарапқа аттанып жатқанын көресіз. Бір қарағанда өңірдегі жолаушылар тасымалында еш қиындық жоқ, қатынас мәселесі толық шешілгендей көрінеді. Ішкері үңілсеңіз, түйткілдің аз емесін аңғарасыз. Қауіпсіздік, қызмет сапасы, билет сату жүйесі, заңсыз тасымал, жол үстіндегі жауапкершілік — осының бәрі бір-бірімен тығыз байланысып жатқан күрделі мәселе.
Тұрғындар талабы орындалды
Теміржол немесе әуе қатынасы жоқ елді мекендер үшін облысішілік автобус— негізгі байланыс жолы. Қазіргі таңда Ақтөбеде облыс орталығынан аудандарға қатынайтын 15 автобус бағыты тіркелген. Алайда облыстықжолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, оның ішінде 12 ауданға ғана тұрақты түрде автобус қатынасы бар.
Атап айтқанда, Ақтөбе қаласынан Хромтау, Қандыағаш, Қарауылкелді, Қобда, Родниковка, Сарыжар, Мәртөк, Маржанбұлақ, Алға, Кенқияқ-Сарыкөл, Бадамша бағыттарына тұрақты автобус қатынайды.Шалғай ауылдардың оқшауланып қалмауы үшін атқарушы билік былтыр тасымалдаушы компанияларға субсидия ретінде 611 млн теңге бөлген. Бұл шешімнің шарапатын көріп отырған ауданның бірі— Темір. Осы ауданның Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл елді мекендеріне 50 орындық автобус қатынайды. Темірлік қоғам белсендісі Ардақ Құбашева көп жылдан кейін Ақтөбемен екі ортаға автобус қатынай бастағанда халықтың қатты қуанғанын айтады.
— Бұл өңірде 1980 жылдан бері тұрамын. Көп жыл бойы бізде автобус қатынасы болмады. Таксиге міну қауіпті еді. Жас таксистер жылдамдықты шектен тыс асырып, ескертуге құлақ аспайтын. «Жай айдаңыз» десең, «ұнамаса түсіп қал» дейтін кездер де болды, — дейді ол.
Бейресми такси қызметінің табысы жылдамдықпен тікелей байланысты. Көп жүрсең, көп табасың. Табысқа ғана тәуелді жүйеде көбіне жолаушылардың қауіпсіздігі ескеріле бермейді. Ақтөбе мен Темір ауданының ортасындағы тасжолда көлік апаты көбейіп, бір әулеттен бірнеше адам қаза болғаннан кейін Ардақ Құбашева ауылдастарынан қол жинап, облыс әкімдігіне хат жазған.
—Нәтижесінде 2024 жылдың маусым айында бізге автобус қатынай бастады. Бұған түрткі болған жайт— әлеуметтік желіден Хромтау, Қобда аудандарына облыс орталығынан автобус жүре бастағаны туралы ақпаратты оқып қалдым. Облыс әкімдігіне арыздануымызға сол ақпарат түрткі болды, — дейді Ардақ Құбашева.
Елу орындық автобустың Саркөл, Шұбарши, Кеңқияқ бағытына тұрақты қатынай бастағанына екінші жылға қарады. Жол ақысы да тиімді: ересектерге — 1800 теңге, балаларға — 900 теңге. Ал бұл бағыттағы такси бағасы бір адамға 2500 теңгеден.
— «Қайдан құлақ шығарса да қазаншының өз еркі» емес пе? Тасымалдаушылар кейде такси ақысын қымбаттатып жіберетін. Ең қиыны — балаға да, ересекке де бірдей ақы алады. Бұл, ең алдымен, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға қиын. Ал автобустың артықшылығы — тәртіп пен тұрақтылық бар. Диспетчер ауыл тұрғындары үшін ортақ чат ашып қойған. Сол чаттан онлайн билет алып, жолдың ашық-жабықтығы, рейстің уақытша тоқтауы секілді ақпаратты алдын ала біліп отырамыз. Автобус күн сайын бір мезгілде жүреді. Жолаушы нөпірі көбейетін жаз айларында орын таппай қалатын кездеріміз де болады, — дейді Ардақ Құбашева.
Такси бар, автобус керек
Ал Ырғыз ауданының тұрғындары үшін автобус мәселесі әлі де өзекті. Ақтөбе–Ырғыз бағыты бойынша тұрақты автобус қатынасы жоқ. Осыған байланысты ырғыздықтар облыс орталығына таксимен қатынауға мәжбүр.
Тұрғындарының айтуынша, бүгінде Ырғыз ауданында такси қызметімен айналысып жүрген жергілікті кәсіпкерлер бар. Олар Ақтөбемен екі ортадағы барыс-келіске үш тұрақты диспетчерді тағайындап қойған. Әрқайсысының қарамағында орта есеппен 10 көліктен бар. Қатынас құныадам басына 5000 теңге деп белгіленген.
Ырғыз — Ақтөбенің ең шалғай ауданы. Барып-келуіңнің өзі мың шақырымға жуықтайды. Ал алыс жолға шыққан адамға жылдамдықтан гөрі қауіпсіздік маңыздырақ. Ырғыз ауданының тұрғыны Бекзат Есқара жол қауіпсіздігіне алаңдайтынын жасырмады.
— Самара–Шымкент тасжолымен жүк көліктері көп жүреді. Оның бәрі бірдей жол ережесін сақтай бермейді, өзгелерге қауіп төндіреді. Осындай жағдайда жолаушылар автобусының қажеттігі айқын сезіледі. Оның үстіне такси бағасы да шарықтап кетті,— деді ол.
Бұл мәселеге Ырғыз ауданы әкімдігі өкілі түсініктеме берді.
— Бұған дейін Ақтөбе–Ырғыз бағытында автобус болған. Конкурс нәтижесінде адам тасуға төрт ГАЗель шықты. Алайда техникалық ақаудың жиілеуіне байланысты қозғалыс тоқтады. Қазіргі таңда облыс әкімдігімен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр. Жуырда конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталған соң автобус қатынасын қайта іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан жиі көтеріледі,— деді Ырғыз ауданы әкімінің көмекшісі Кенжебек Қожамбердиев.
Автобустар жол ережесін бұзбайды дегенге ешкім де кепілдік бермейді. Мұндай уәжді жеке тасымалдаушылар, яғни такси жүргізушілері жиі айтады. Бірақ қалай болғанда да ресми түрде жолаушы тасымалымен айналысушылардың артықшылығы көп. Конкурс кезінде жүргізушінің тиісті куәлігі мен санаты, жұмыс тәжірибесі ескеріледі, автобус жүргізушілері медициналық тексеруден де жүйелі түрде өтеді. Тағы бір артықшылығы—бекітілген маршрутпен, кесте бойынша қозғалады, жолаушы санын арттырмайды. Осы бір қарапайым талаптар — жолаушы амандығының кепілі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр Ақтөбеде 2007 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 134 адам көз жұмып, 2900-ден астам адам түрлі жарақат алған. Мүгедек болып қалғандар қаншама…
Еске сала кетейік, былтыр 23 қазан күні Самара–Шымкент тасжолының Белқопа ауылы маңында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. DAF жүк көлігі мен «ГАЗель» жолаушылар көлігі соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Бұл жағдай жолаушылар тасымалы саласында қауіпсіздік пен жауапкершіліктің бірінші орында болуы керегін тағы бір мәрте көрсетті.Аталған жол-көлік оқиғасынан кейін Әйтеке би — Ақтөбе бағытындағы автобус қатынасы уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы тұрғындар қатынау үшін такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Ал жол апатынан кейін қозғалған қылмыстық іс сотта әлі қаралып жатыр.

Жүйе қашан жаңармақ?
Облысішілік маршруттардың көбеюіне жолаушылар ғана емес, автовокзалдар да мүдделі. Әзірше «Сапар» автовокзалы тәулігіне орта есеппен 600-700 жолаушыға қызмет көрсетіп отыр. Автовокзал басшылығының айтуынша, бұл жерде билет сататын терминалдар орнатылған. Үйден шықпай-ақ билет сатып алу мүмкіндігі де қолжетімді. Яғни алдын ала билет сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Бірақбұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін көрдік. Мақала әзірлеу барысында автовокзалдағы билет алу кассасына барып, өзім де билет алмақ болдым. Бірақ билетті алдын ала сатып алу мүмкін емес екен. Қосымша төрт терминалдың бірде-біреуі жұмыс істемейді. Жолаушылар тек қолма-қол ақшамен касса алдында кезекке тұруға мәжбүр. Электронды билет сатып алу мүлдем мүмкін емес. Электронды билет сату жүйесін қолға аламыз деген автовокзал уәдесі іске асса, жолаушылар тасымалындағы олқылықтың бір бөлігі жойылары анық.
«Сапар» автовокзалының диспетчері Жанар Сағындықова жүргізушілерге қойылатын талаптың қатаң екенін айтады.
— Әр жүргізуші рейске шығудан бұрын медициналық және механикалық тексеруден өтіп, тиісті анықтама әкелуі керек. Біз барлық құжатты тексеріп, мөр басамыз. Құжаты түгел емес жүргізушілерді жолға шығармаймыз. Қауіпсіздік — біздің басты мақсатымыз, — деді ол.
Жолаушылардың айтуынша, автобустардың қызметіне шағым жоқ, бірақ электронды билет жүйесінің жоқтығы үлкен қолайсыздық тудыратынын жасырмады. Алдын ала билет алып, уақыт үнемдегісі келетіндер көп.
Заңсыз такси қатаң бақылауда
Автобустардың басты бәсекелесі заңсыз такси қызметін бақылау мен жолаушылар тасымалы кезінде жүргізушілерге қойылатын талапты қадағалауАқтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің құзыретінде. Ақтөбе қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бахтияр Төрештің айтуынша, заңсыз тасымалмен күрес тұрақты түрде жүргізіледі.
— Заңсыз такси қызметін жүзеге асыратын жүргізушілерге айына 2-3 рет біздің бөлім мамандарының, Ақтөбе облысының көлік инспекциясы және жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің қатысуымен бірлескен рейдтік тексеру ұйымдастырылады. Тексеру барысында жүргізушілердің e-license.kz порталына тіркелуі, жолаушылар мен жүк тасымалдауға берілген рұқсат хабарламасының болуы, күнделікті медициналық тексеруден өткені туралы құжат, рейс алдындағы жол парағы, сақтандыру полисі және өзге де міндетті құжаттары қаралады. Жолаушы тасымалын табыс көзі екен деп адам өміріне жауапсыздық танытуға болмайды. Сондықтан талап жұрттың бәріне бірдей, — деді ол.
Оның айтуынша, құжаты түгел болмаған немесе заңсыз тасымал фактілері анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жолақы қалай анықталады?
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Есбол Базарғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 65 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның ішінде 46 қалалық, 12 облысішілік, екі облысаралық және 5 халықаралық бағыт бар. Халықаралық автобус рейстері Ақтөбе–Орынбор (күн сайын 3 рейс), Ақтөбе–Орск (күн сайын 2 рейс), Ақтөбе–Самара (аптасына 1 рет) бағытына қатынайды. Ал Ақтөбе–Қазан және Ақтөбе–Уфа бағыты бойынша автобус қозғалысы тоқтап тұр.
Бұл бағыттардың бір бөлігі облыс орталығындағы «Сапар» автовокзалынан, енді бір бөлігі «Экспресс» автостанциясынан жолға шығады. Облысаралық автобус тасымалы тек жаз мезгілінде Қызылорда мен Орал бағытында жүреді.
—Облысішілік және ауданаралық тұрақты автобус тасымалы 12 бағыт бойынша ұйымдастырылған. Былтыр маусым айында конкурс нәтижесі бойынша Ақтөбе–Темірбек Жүргенов, Ақтөбе–Ырғыз және Ақтөбе–Ойыл бағыттарында қызмет көрсететін тасымалдаушылар анықталды.
«Автомобиль көлігі туралы» Заңға сәйкес жергілікті әкімдік әлеуметтік маңызы бар бағыттарға жолаушы таситын компанияларға шығынын өтеу үшін қаржы бөледі. Былтыр осы мақсатқа 611,7 миллион теңге қарастырылған болатын. Ал тарифтік комиссияның қараша айындағы отырысында тасымалдаушылардың есебі қаралып, биылдан бастап Ақтөбе–Темірбек Жүргенов және Ақтөбе–Ойыл бағыттары субсидияланатын болды.
Қазір конкурс өткізу тәртібі бұрынғыдан өзгеше. Тасымалдаушы бірден бекітілмейді. Алдымен бірнеше ай бойы оның маршруттағы жұмысы бақыланып, рейтинг қалыптастырылады. Осы кезеңде қанша тасымалдаушы бар екені, көлік саны, бір рейске кететін нақты шығыны, жолаушы ағыны жан-жақты есептеледі. Осы мәліметтер толық сарапталғаннан кейін ғана тасымалдаушылар конкурсқа қатысып, субсидия алу құқына ие болады, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Есбол Базарғалиев.
Бөлім басшысының айтуынша, бұл тетіктің басты мақсаты — жолақы бағасын тұрақты әрі халық үшін қолжетімді деңгейде ұстап тұру.
— Арзан тариф дегеніміз — тасымалдаушы барлық шығынды жолаушыдан алмайды деген сөз. Оның бір бөлігі мемлекет субсидиясымен өтеледі. Сондықтан біз конкурс өткіземіз. Бөлінген қаржы есебінен тасымалдаушылар жүргізушілерге тұрақты жалақы төлейді, көлікті күтіп ұстауға, жанар-жағармай мен техникалық қызметке қаражат бөледі. Бұл жүйе жолаушы үшін де, тасымалдаушы үшін де тиімді, — дейді Есбол Еңсепұлы.
Сонымен қатар басқарманың негізгі міндеті — әлеуметтік маңызы бар бағыттарда автобус қозғалысын үздіксіз қамтамасыз ету.
— Біздің басты жұмысымыз — осы бағыттардағы автобус қатынасын реттеп отыру. Қажет болса, жедел түрде конкурс жариялап, нақты маршрутқа тасымалдаушыны бекітеміз. Бұл әсіресе шалғай аудандар үшін өте маңызды, — деп толықтырды ол.
Айдана АЛТЫБАЕВА.





