Қандай шай ішіп жүрсіз?

Қазақстанда кей шайлардың құрамынан қауіпті қоспалар табылды. Осыдан кейін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2026 жылғы 5 қаңтардағы қаулысымен тиісті нормативтік-құқықтық актілер мен техникалық регламент талабына сәйкес келмейтін шайларды өндіруге және сатуға тыйым салынды. Тек Ақтөбе облысында құрамында бояуы мен зиянды қоспалары көп 500 келіге жуық шай дүкен сөрелерінен алынып тасталды.

Ел арасында шай неғұрлым қою күрең болса, соғұрлым жақсы деген түсінік бар. Тұтынушы талғамын білетін тауар өндірушілер соңғы жылдары шайдың түр-түрін шығара бастады. Сол шайлардың құрамын тексерген мамандар құрамында тағам бояғыштары бар («сары», «батқан күн түстес» сары бояғыш (Е110), тартразин (Е102), понсо 4R (Е124) өнімдердің сауда сөрелеріне шығарылғанын анықтаған.
Қара шайдың құрамынан табылған Е110 бояуын алар болсақ, ол — тағамға сары реңк беретін синтетикалық бояу. Оны тауар өндірушілер әдетте газдалған сусынға, тәттілер мен соустарға, кондитер өнімдеріне қосады. Бұл — аллергиясы мен астмасы бар ересектер мен бала ағзасына өте қауіпті қоспа.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Әсел Неталинаның айтуынша, зиянды деп танылған шайлардың құрамында адам ағзасына кесел келтіретін бояғыштар болған.

— Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы тексерулер барысында шай қаптамаларында расталмаған мекенжайлардың көрсетілгені анықталды. Бұл кәсіпорын қызметін жүзеге асыруға қажетті құжаттарының жоқтығын білдіреді. Бүгінде қаламыздағы сату орталықтарында сатуға тыйым салынған шайлар қолданыстан алынды. Қаламыздағы барлық сауда орталықтарында тексеру әлі де жүргізіліп жатыр. Әрбір өңірден анықталған шайлардың атаулары мен өндірушілері бірдей, бәрінің құрамына зат таңбасы жазылмағандықтан алдын алу шаралары жүзеге асырылып, қаулы қабылданып отыр, — дейді маман.
Сатуға тыйым салынған шайлардың тізімі:
-
«Апамның шәйі Premium gold» түйіршіктелген қара шайы — буып-түюші: «Orda Trade Astana» ЖШС: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
-
«Al-Hayat Golg» қоспалары бар қара шайы — өндіруші: «Empire KENIY E.P.Z. Limited», Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көкөзек ауылы, 751/2 учаскесі;
-
«Балқия Premium gold» түйіршіктелген қара шайы — буып-түюші: «Аль-Хадия» ЖК, Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Дүйсенов көшесі, 25;
-
«Pakistan tea» түйіршіктелген қара шайы — өндіруші «Real Trade Astana» ЖШС, Астана қаласы, әл-Фараби даңғылы, 27;
-
«Alfarah» түйіршіктелген қара шай — қаптамада өндіруші туралы мәлімет көрсетілмеген;
-
«Aje Onim» түйіршіктелген қара шайы — өндіруші: «Орда Чай» ЖК, Қазақстан Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша;
-
«Орда Кения» қара шайы — өндірушісі және буып-түюші: «Orda Trade Astana» ЖШС, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
-
«Аль-Кайрат шайы Premium gold» түйіршіктелген қара шайы — өндірушісі «Orda Trade Astana» ЖШС, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
-
«Al-Jannat Premium» түйіршіктелген қара шайы — өндіруші: «Ferdaus» ЖШС. Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Дүйсенов көшесі, 25/159;
-
«Sultan Suleyman» түйіршіктелген қара шайы — өндіруші: «Real Trade Astana» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, әл-Фараби даңғылы, 27.
Синтетикалық бояулардың әсерінен шайға алтын-қызғылт реңк беретін бұл өнімдерді желіде блогерлер мен танымал әншілер көп жарнамалады. Жарнамасы жер жарған өнімдер қатарында «Апамның шайы» мен «Балқия» сияқты шайлар бар. Эпидемиологтердің тізіміндегі зиянды шайлардың ақтөбеліктер жиі баратын «Анвар» мен «Дина» дүкендер желісінде бар-жоғына көз жеткізу мақсатында біз бірқатар супермаркетті аралап шықтық. Қаламыздағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан «Анвар» супермаркетінің филиал директоры Ильмира Елеусізованың айтуынша, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы шыққан бойы «Анвар» сауда желісінің бас кеңсесіне дүкен сөрелерінен тез арада алынуға тиіс шайлардың тізімі бар хат келген.
— «Анвар» супермаркетінде шайдың сан алуан түрі бар. Сатуға тыйым салынған шайлар сөреден алынды. Жеткізуші «Шан-Сан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Апамның шайы», «Аль-Кайрат», «Al-Jannat Premium» сияқты шайлар қайтарылды. Бұл шайлардың құрамынан зиянды қоспалар анықталғанын жыл басында білдік. Жауапты мамандар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдерімен кездесіп, тиісті жұмыс атқарылды.Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Супермаркет сөрелеріне қойылатын шайлар арнайы тексерістен өтіп келеді, — дейді ол.
Шайдың пайдасы мен зияны
Шай — қазақтың қонақжайлығының символына айналып кеткен сусын. Халқымызда үйіне келген кісіге, арнайы шақыртумен келген қонаққа шай беру сыйластық пен құрметтің белгісі саналады. Одан бөлек табиғатынан шайқор адамдар болады. Олар күрең шайды тәуліктің кез келген сағатында іше береді. Алайда дәрігерлер оңды-солды шай іше беру денсаулыққа зиян дейді. Ақтөбедегі №6 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Шолпан Нарезімованың айтуынша, шай құрамындағы зиянды қоспалар ағзаға түскен кезде ең алдымен асқазан-ішек жолын тітіркендіріп, бауыр мен бүйрекке салмақ түсіреді.

— Кейбір шай түрлерінен жасанды бояғыштар, ароматизаторлар, пестицид қалдықтары, ауыр металдар, сапасыз шикізат қалдықтары анықталып жатыр. Олар адамның жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Мұндай кезде жүрек айну, іштің ауыруы, іш өту, бас ауруы, әлсіздік, жүрек қағуы байқалуы мүмкін. Ал көп уақыт бойы сапасыз немесе құрамында зиянды қоспалары бар шайды тұтыну созылмалы улануға әкеліп, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуына, иммунитеттің нашарлауына, гормондық тепе-теңдіктің өзгеруіне және кей жағдайларда қатерлі ісікке соқтыруы да ықтимал. Шайдан уланған жағдайда адамда құсу, жүрек айну, іш өту, бас айналу, терінің бөртуі, қышыну, әлсіздік белгілері байқалады. Ауыр жағдайда есінен танып немесе тынысы тарылуы мүмкін. Мұндай кезде, ең алдымен, шайды ішуді тоқтатып, көп мөлшерде таза су ішу қажет. Белсендірілген көмір қабылдауға да болады. Егер белгілер басылмаса немесе күшейсе, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Зиянды қоспалар балаларға, жүкті әйелдерге және қарт адамдарға ерекше қауіпті. Балалар тез уланады, жүкті әйелдерде ұрықтың дамуына кері әсер етсе, ал қарт адамдарда созылмалы аурулар асқынуы мүмкін, — дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, кейбір зиянды заттар ағзадан тез шығарылса, ауыр металдар мен пестицидтер ағзада жиналып, ұзақ уақыт бойы зиян келтіруі мүмкін. Терапевт маман құсу мен іш өту 24 сағаттан ұзаққа созылып, әлісіздік байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керегін ескертеді.
— Күнделікті шай таңдағанда құрамының тазалығына, өнімнің сертификатына, шай жапырағының бүтіндігіне, табиғи иісіне мән берген жөн. Бағасы тым арзан, өндірушісі белгісіз, түсі күмән туғызатын шайдан сақтану керек. Сапалы шайдың жөні бөлек. Оның пайдасын айтпасқа болмайды. Мұндай шайлар антиоксиданттарға бай, ас қорытуды жақсартады, сергітеді, жүрек-қан тамыр жүйесіне оң әсер етеді.Сондықтан шайды талғап ішкен дұрыс. Шайды шамадан тыс көп ішу немесе сапасыз шайды тұтыну ұйқысыздыққа, қан қысымының көтерілуіне, асқазан қышқылының артуына және уытты әсерге әкелуі мүмкін. Дәрігер ретіндегі кеңесім — шайды мөлшермен ішіңіз, сапасына ерекше көңіл бөліңіз, балаларға қою шай бермеңіз. Денсаулықтан қымбат ештеңе де жоқ. Сондықтан күмәнді өнімнен бас тартыңыз. Егер шай ішкеннен кейін ағзада жайсыздық байқалса, оны дереу тоқтатып, өз бетіңізше емделмей, маманға қаралған дұрыс, — дейді ол.
Эксперттер мен қала тұрғындары не дейді?
Талғампаз тұтынушылар жиі баратын қаламыздағы шай сататын танымал дүкеннің менеджері, сарапшы маман Гүлсезім Байтүлекованың айтуынша, қазір құрамында бояуы жоқ, сапалы шайды ғана таңдайтын ақтөбеліктер аз емес.
— Біз шайды Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттерінен әкелеміз. Шайдың сапасы мен құрамына жіті мән береміз.Тұтынушының сұранысына қарай, ай сайын Еуразиялық сертификаттан өткен өнімдерге тапсырыс береміз. Дүкенімізде ақ, қара, көк, көгілдір түсті және жеміс-жидек шайлары бар. Әсіресе ройбуш, да хун пао, пуэр, гава, сүтті улун сияқты шайлар ақтөбеліктер арасында сұранысқа ие. Мұның бәрі — кептірілген жапырақ күйінде келетін шайлар. Сапалы өнімнің балғын дәмін сақтау үшін арнайы ыдыстарға салып қоямыз, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, дұрыс таңдалған шай миды тыныштандырып, адамның бойын сергітеді.
— Мысал ретінде алар болсақ, Ройбуш — дәруменге бай сусынның бірі. Оның құрамында кофейн жоқ. Сондықтан бұл шайды қан қысымы жоғары адамдар еш алаңдамай іше берсе болады. Әдетте ұйықтар алдында қою күрең шай ішпеген жөн. Бірақ ройбушты ішуге болады. Өйткені оны шайдан гөрі ыстық сусын десе болады. Оның ерекше әсері тыныш ұйықтауға сеп болады. Улун шайы — жартылай ферментті, ашық түсті. Бас пен ми жұмысына күш түскенде өте жақсы көмектеседі. Қызыл шай — (ел арасында қара шай) күшті ферменттелген шай. Яғни жиналғаннан кейін өте жоғары температурада кептірілген. Қара пуэр — тым сирек кездесетін сорт. Жылына бірнеше келі етіп қана жасайды. Бұл шай кездейсоқ дайындалған. Шай плантациясынан дүкендерге әкелгеннен кейін жаңбыр астында қалып қойып, қатты дымқылданған. Сөйтіп, жылдар бойы қожайынның қоймасында жатқан. Кейін шайдың бір қорабын алып, дәмін көргенде қожайын шалқасынан түсе жаздапты. Пуэр — уақыт өткен сайын бағасы, құндылығы өсіп келе жатқан шайдың жалғыз түрі. Оның басқа сорттармен салыстырғанда әсері өте күшті. Гүлді шай — түрлі гүлдердің хош иісі аңқып тұратын сусын. Оны кәнігі шайқорлар жан рақаты үшін тұтынады, — дейді Г.Байтүлекова.
Сарапшы маман әр өнімді тұтынушыға ұсынбас бұрын ең алдымен өздері дәмін татып тексеретінін айтады.
— Шайды демдемес бұрын алдымен аққұманды жылытып аламыз. Содан соң жылы аққұманның ішіндегі суын төгіп, шай саламыз. Үстіне ыстық су құйып қоямыз. Қытайлықтардың шай демдеуді айрықша церемонияға айналдырған халық екенін білетін боларсыздар. Ол тегін емес. Олар шайға шөл басатын сусын ғана емес, емдік қасиеті бар сұйықтық деп қарайды. Шайды отқа қайнатпай демдеген дұрыс. Бұл шай құрамындағы пайдалы дәрумендерді сақтауға септігін тигізеді, — дейді маман.
Ал сіз қандай шай ішіп жүрсіз? Шай ішкенде оның кеседегі реңкіне ғана мән бересіз бе? Әлде сапасы маңызды ма? Біз осы сауалдарды бірнеше тұтынушыға қойып көрген едік…
— Өзім түйіршіктелген шайды мүлде ішпеймін. Жапырақталған шайды Алматыдан тапсырыс беріп алдыртамын. Оның өзін сартылдатып қайнатпай, тұндырып қойып демдеймін. Бұл денсаулыққа өте пайдалы. Шайға талғаммен қарайтын басым кім көрінгеннің шай шығарғыш боп алғанына күмәнмен қарайтын едім. Мемлекеттің оларға талапты күшейткенін құптаймын, — дейді Гүлнар Дәулетқалиқызы.
Ал зейнеткер Мейрамгүл Тынымованың пікірінше, қала базарлары мен дүкендерінен бұрынғыдай сапалы, шығымы жақсы шай табу қиын.
— Бұрын шайды талғап ішетіннің бірі мен едім. Қазір бұрынғыдай сапалы шай жоқ. Сауда орталықтары мен базарларда неше түрі толып тұр. Бірақ оның сапасы көңілге күмән ұялатады. Мәселен, Пәкістан шайын демдегенде оның еш дәмі жоқ, тек бояуы көп шай екенін байқадым. Тіпті жарнамасы жер жарған кейбір шайлардың өзін сүйсініп іше алмайсың. Сондықтан емдік шөптерден жасалған шайларды ішіп жүрмін, — дейді қала тұрғыны.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



