Басты жаңалықтар

Жүн өндірісіндегі жаңа серпін

Еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласында мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ерекше маңызға ие. Әсіресе қой жүнін тиімді пайдалану —  экономикалық ғана емес, экологиялық тұрғыдан да өзекті мәселе. Бүгінде облысымызда іске қосылған «KazFeltec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүнді қайта өңдеу зауыты осындай қажеттіліктің нақты көрінісі әрі өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған стратегиялық жоба болып отыр. Бұл кәсіпорын заманауи италиялық технологиямен жабдықталған және жылына 3600 тоннадан астам жүнді өңдеуге мүмкіндік береді. Жобаның іске асуы жергілікті 350-ден астам шаруашылықтың өнімін тиімді пайдалануға, сонымен қатар өңірде тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етті. Қазірдің өзінде зауыт өнімдері Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де сұранысқа ие болып отыр.

Жүн келісі — 150 теңге

Қой жүнін қайта өңдеуге бағытталған «KazFeltec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл көктемде толық қуатында жұмыс істеуге ниетті. Былтыр тамыз айының соңында іске қосылған кәсіпорын қазіргі таңда сынақ және бейімдеу кезеңінен өтіп жатыр.

Былтыр көктемде жүн қабылдай бастадық. Ауыл шаруашылығы құрылымдарынан қабылданған жүн арнайы іріктеуден өтеді. Сапалы жүннің келісін 150 теңгеден қабылдаймыз. Бұл — Қазақстан бойынша ең жоғары баға. Негізгі талап — жүннің сапасы. Әсіресе ұзын қылшықты қазақы қойдың жүніне басымдық беріледі. Ал меринос қойдың жүні әзірге қабылданбайды, арнайы тапсырыс болған жағдайда ғана өңделуі мүмкін, — дейді зауыттың бас технологі Сағатбек Әмірғалиев.

Зауыт толықтай италиялық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Кәсіпорын жылына 3600 тонна жүн қабылдау мүмкіндігіне ие. Бұл ретте, ең алдымен, жергілікті шаруашылықтардың өніміне басымдық беріледі. Ал қажеттілік туған жағдайда қалған көлем өзге өңірлердің есебінен толықтырылатын болады.

Ақтөбе өңірінде жыл сайын шамамен 2 мың тонна жүн жиналады. Алайда мұнда меринос тұқымды қойдың үлесі көп емес. Былтыр көктемгі қырықтық кезінде шамамен 160 тонна жүн жиналып, бүгінде сол қор сортталып, жуылып, өндіріске дайындау кезеңінен өтіп жатыр. Алдағы қырықтық науқаны басталғанда, жүнді толық көлемде қабылдау жоспарымызда бар.

Қазіргі таңда жүн қабылдау жөніндегі хабарландырулар баспасөз беттерінде, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылуда. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарындағы шаруалардан жүн жеткізуге қатысты алғашқы өтінімдер де түсе бастады. Дегенмен кәсіпорын үшін ең басты басымдық — жергілікті шаруалардың өнімін қабылдау, — дейді Сағатбек Әмірғалиев.

Жиырма түрлі өнім

Оның айтуынша, егер кәсіпорын толық қуаттылықта жүн қабылдаса, шикізаттан шамамен 2200 тонна таза өнім алынады.

Жүн өңдеу қатаң технологиялық тәртіппен жүзеге асырылады. Алдымен арнайы бригада жүнді сапасына қарай сорттайды. Содан кейін партия-партиямен жуылады. Әуелі ақ жүн, кейін түрлі түсті, ең соңында қара жүнөңделеді. Автоматтандырылған  жүйелер іске қосылған кезде технологиялық үдерісте ешбір кідіріс болмауға тиіс. Сондықтан да үш-төрт рет шайылып, кептірілген жүн шоңайнадан тазартылып, арнайы қондырғы арқылы өндіріс желісіне жіберіледі, — дейді бас технолог.

Зауытта 20-ға жуық түрлі өнім шығарылады. Олардың қатарында жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, автомобиль өнеркәсібіне арналған бөлшектер, тұрғын үй құрылысына қолданылатын СИП-панельдер де бар. Барлық өндіріс процесі компьютерлік технология арқылы басқарылады.

Үш шопанның жұмысы

Қобда ауданындағы «Туған жер» шаруа қожалығы 2010 жылдан бері қой өсірумен тұрақты түрде айналысып келеді. Бұл кәсіп шаруашылық басшысы Серік Орынғалиевке мүлде жат емес.

Әкем Сағидолла өмір бойы ауыл шаруашылығында еңбек етті. Көп жыл бригадир болып, кейінгі он бес жылын қой бағуға арнады. Ол өңірге танымал, ел сыйлаған шопандардың бірі болды. Әке жолын жалғау— мен үшін үлкен мақтаныш. Өзімнің туып-өскен жерім— Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау өңірі. Кейін Қобда ауданына қоныс аудардық. Қиыл өңірі бұрын шөбі шүйгін, малға жайлы, киелі мекен еді. Алайда соңғы жылдары жердің берекесі қашып, шөптің шығымы жылдан-жылға азайып барады. Мал азығын дайындау да оңай емес. Соған қарамастан, барымызды бағалап, табиғаттың бергенін тиімді пайдалануға тырысып келеміз. Оның үстіне соңғы кездері бұрынғыдай қатал қыс та байқалмайды, — дейді Серік Орынғалиев.

Қазіргі таңда шаруашылықта 2 мыңнан астам қой бар. Қойды жылына екі рет — мамыр және қыркүйек айларында қырқу қажет. Алайда аталған шаруашылықта жұмыс күші жетіспегендіктен, қырқу науқаны жылына бір рет қана ұйымдастырылады.

Бізде үш шопанбар. Алайда қазір тұрақты шопан табудың өзі үлкен мәселеге айналып отыр. Қазіргі таңда 12 адамға тұрақты жұмыс ұсынып отырмыз, олардың арасында отбасылы жандар да бар, — дейді шаруашылық басшысы.

«Туған жер» шаруа қожалығы Қиыл ауылынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда жұмысшыларға барлық қажетті жағдай жасалған, еңбекақы уақтылы төленеді. Дегенмен қой қырқу науқаны басталған кезде жүн өткізу мәселесі шаруалар үшін ең өзекті әрі күрделі түйткілдің бірі болып отыр.

Облыста жүн өңдейтін зауыт ашылады деген хабарды естіп, үлкен үміт артып отырмыз. Өйткені бұл мәселе бір ғана өңірге емес, тұтас елге ортақ проблемаға айналды. Бұрын қой жүнін амалсыздан жерге көміп немесе бөгеттерді бекітуге пайдаланатынбыз. Кей жылдары Қытайдан келгендер сатып алып кететін, ал кейде тіпті тегін үлестіруге мәжбүр болдық. Ақтөбе қаласындағы «Сельмаш» кәсіпорнына да өткізген кездеріміз болды. Қабылдағанының өзіне қуанатынбыз. Бұрын қойды арнайы аппаратпен қырқатын едік. Қазір ондай техниканы меңгерген мамандар өте аз. Қанша түрлі аппарат сатып алсам да, оны жүргізетін адам табылмады. Сондықтан қол қырықтыққа қайта оралуға мәжбүрміз, — дейді ол.

Қазіргі таңда шаруашылықта ұзын қылшықты қазақы қой өсіріледі. Сонымен қатар іріқара мен азын-аулақ жылқы да бар. Соңғы жылдары шаруашылық орналасқан аумақта жердің құнарлығы төмендеп бара жатқаны байқалады. Соған қарамастан, биыл аталған шаруашылықта 100 тоннадан астам жемшөп дайындалды. Оның ішінде бидай, арпа және ұнтақталған жем бар.

Табиғи өнімге сұраныс жоғары

Қазақстанда өндірілетін жүннің шамамен 80 пайызы — ұзын қылшықты қазақы қойдың жүні. Сағатбек Әмірғалиевел бойынша жылына 30 мың тонна жүн жиналатынын, соның 22 мың тоннасы қазақы қойға, 7,5-8 мың тоннасы меринос және өзге тұқымдағы қойға тиесілі екенін айтады.

Бүгінде экологиялық таза өнімге алыс-жақын шетелден де сұраныс туындап жатыр. Қазіргі таңда Ресейдің екі компаниясы, сондай-ақ Финляндия мен Венгрия тарапынан қызығушылық бар.

Қазір сынақ кезеңінен өтіп жатырмыз. Ақ жүннен өнім шығардық, енді қара жүннен өндіріске көшеміз. Себебі әр шикізаттың сапасы әртүрлі, — дейді Сағатбек Әмірғалиев.

Мұндай кешенді жүн өңдеу зауыты ТМД елдері аумағында алғаш рет Ақтөбеде ашылып отыр. Бұған дейін еліміздің кей өңірлерінде жүн жуатын шағын цех болғанымен, толық циклды өндіріс іске қосылмаған.

Қазіргі таңда зауытта 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Толық қуатқа шыққанда бұл көрсеткіш 50-ге дейін жетпек. Өндіріс жеңіл өнеркәсіп саласына жатады және еңбек қауіпсіздігі талаптары толық сақталған.

Қазір 100 келіге жуық дайын өнім шығарылды. Бұл — сынақ ретінде өндірілген өнімдер. Болашақта көлемін ұлғайтсақ, матрац сияқты бұйымдар жасауға да болады. Шетелдік компаниялар жасанды емес, 100 пайыз экологиялық таза өнімге қызығушылық танытып отыр, — дейді ол.

Сағатбек Әмірғалиев жеңіл өнеркәсіп саласында 1987 жылдан бері еңбек етеді. Инженер-технолог мамандығын Мәскеуде алған. Қазір зейнеткер болғанына екі жыл өтсе де, мол тәжірибесін ескерген әріптестерінің шақыруымен Семейден Ақтөбеге келіп, жаңа зауыттың дамуына үлес қосып отыр.

Ең басты мақсатымыз — зауытты толық қуатында іске қосып, тапсырыс негізінде тұрақты жұмыс істеу, — деді ол.

350 шаруаның үміті

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ермек Әділбекұлының айтуынша, өңірде қой шаруашылығы — агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші салаларының бірі. Бүгінде облыс бойынша

1 миллион 208 мыңнан астам қой тіркелсе, соның 155 мыңнан астамы асылтұқымды мал санатына жатады. Қой өсірумен 350-ден аса шаруашылық тұрақты түрде айналысып отыр.

Облыста, негізінен, етті бағыттағы қой тұқымдары өсіріліп, нарық сұранысына сай өнім өндіруге басымдық берілуде. Сонымен қатар қой шаруашылығын дамытуда жүн өнімдерін қайта өңдеу бағытына да ерекше көңіл бөлініп отыр.  Осы орайда «KazFeltec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырған жүнді қайта өңдеу зауыты — саланың жаңа серпін алуына жол ашқан маңызды жоба. Жоба Италияның Cormatex компаниясының заманауи Lar FormAir технологиясы негізінде жүзеге асырылып, аэродинамикалық кенеп қалыптастыру әдісі арқылы әртүрлі мақсаттағы тоқыма емес материалдар өндіруге бағытталған. Кәсіпорын жылына 3600 тоннадан астам шикізатты қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Өндірісте табиғи және синтетикалық талшықтардың әртүрлі түрлері, сондай-ақ тоқыма өндірісінің қалдықтары қолданылады. Зауыт өнімдері ішкі және сыртқы нарықтарға шығарылып, құрылыс, өнеркәсіп және тұрмыстық салаларда кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Әсіресе табиғи қой жүнінен дайындалатын жылу мен дыбыс өткізбейтін плиталар мен орамдар экологиялық тазалығымен әрі жоғары тиімділігімен ерекшеленеді, — деді Ермек Әділбекұлы.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button