«Омыртқа қозғалысты «жақсы көреді»

Қазіргі таңда арқа, мойын, бел ауруына шағымданатындар көп.Бұрын омыртқа ауруы егде адамдарға немесе ауыр еңбекпен айналысатындарға телінсе, бүгінде бұл мәселе жастар, тіпті мектеп жасындағы балалар арасында да жиі кездеседі. Бұл туралы бізге облыстың штаттан тыс бас неврологі, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің неврология кафедрасының ассистенті Жаңылсын Орашева айтты. Сонымен қатар дәрігер омыртқаны күтудің жолы, аурудың алдын алу және күн сайынғы қарапайым да пайдалы әдеттер туралы әңгімеледі.

Жастар жиі шағымданады
— Соңғы жылдары омыртқа ауруының жиілеуіне не себеп?
— Ең басты себеп — қозғалыстың аздығы. Қазір адамның өмір салты түбегейлі өзгерді: көпшілік компьютер алдында ұзақ отырады, көлікпен жүреді, бос уақытын телефон қараумен өткізеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында гаджеттерді шамадан тыс пайдалану қозғалыс белсенділігін күрт азайтты. Ұзақ уақыт бір қалыпта отыру, смартфонды бас пен иықты еңкейте пайдалану омыртқадағы дегенеративті өзгерісті жылдамдатып, бұлшықет арасындағы тепе-теңдікті бұзады. Омыртқа қозғалысты қажет етеді, ал қозғалыс азайған сайын бұлшықет те әлсіреп, ауруға жол ашылады.
— Тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, пациенттеріңіздің жас ерекшелігі қандай?
—Жастар мойын, арқа, бел ауыратынын айтып, жиі шағымданады. Жылдан- жылға омыртқасы ауыратын науқастар «жасарып» барады. Бұрын мұндай дерттер көбіне егде адамдарда немесе ауыр дене еңбегімен айналысатындарда анықталатын. Ал қазір остеохондроз, сколиоз, кифоз, радикулит секілді аурулар 20-40 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтарда, тіпті жасөспірімдер мен балалар арасында да жиі кездеседі.
Алғашқы белгілерді елемеуге болмайды
— Омыртқа ауруларының бастапқы белгілері қандай?
— Арқа мен мойынның жиі ауыруы, ертеңгілік дененің сіресуі, ұзақ отырған кезде тез шаршау, бас ауруы, қозғалғанда сүейектің сықырлауы, аяқ-қолдың ұюы — мұның бәрі алғашқы белгі. Көп жағдайда адамдар мұны уақытша жайсыздық деп қабылдап, мән бермейді. Алайда ауруды мейлінше ерте анықтау оның алдын алуды әлдеқайда жеңілдетеді.
— Мұндай белгілерді елемей жүре беру қауіпті ме?
— Әрине. Уақытында дәрігерге көрінбесе, омыртқааралық диск жарығы дамуы мүмкін, кейде жүйке түбірлерінің қысылуы, аяқ-қолдың әлсіздігі мен сезімталдықтың нашарлауыда ықтимал.Тіпті дәрет қысып тұрғанын сезбей қалатындар да кездеседі. Мұндай жағдайда емдеу ұзақ әрі күрделі болады.

Офис синдромы — заман дерті
— Қозғалыстың аздығы омыртқаға қалай әсер етеді?
— Қимыл-қозғалыс азайған кезде арқа мен дене бұлшықеттері әлсірейді. Ал бұлшықеттер омыртқаны ұстап тұратын табиғи «корсет» рөлін атқарады. Қозғалыс аз болса, омыртқаға түсетін салмақ біркелкі бөлінбей, қисаю мен ауырсыну пайда болады. Ұзақ отыру қан айналымын баяулатып, жүйке талшықтарының қысылуына әкеледі.
— Компьютер мен смартфонды ұзақ қолданудың зияны бар ма?
— Экранға үңілген кезде бас алға кетіп, мойын омыртқасына әдеттегіден бірнеше есе көп салмақ түседі. Нәтижесінде мойын мен иық бұлшықеттері тартылып, ауырсыну пайда болады. Бұл сымбаттың бұзылуына, тіпті омыртқаның қисаюына да әкелуі мүмкін.
— Отырып жұмыс істейтіндер қандай шағым айтады?
— Мойын мен бел аурулары, остеохондроз, омыртқааралық дискілердің протрузиясы мен жарығы, бас ауруы, қолдың ұюы, тез шаршау — мұның бәрі ұзақ уақыт бір қалыпта отырудан туындайтын «офис синдромының» белгілері.Сонымен қатар мұндай шағымдарды тек кеңсе қызметкерлері емес, көлік жүргізушілері де жиі айтады.
Бала омыртқасы және өзін-өзі емдеу тәсілі
— Балаларда омыртқа аурулары неге көбейіп отыр?
— Негізгі себеп — гаджеттер алдында ұзақ отыру, онлайн оқу, мектеп сөмкелерінің ауырлығы, қозғалыстың аздығы және бұлшықет корсетінің әлсіздігі.
— Ата-аналарғақандайкеңесбересіз?
— Ең әуелі, баланың экран алдындағыуақытыншектеңіз. Сосын жұмысорнындұрысұйымдастырып,жеңіләрі ыңғайлы сөмкетаңдаңыз. Ал спорт бәрінен маңызды. Балаңыздың сымбатыбұзылабастаса, міндеттітүрдедәрігерге көрсетіңіз.
— Омыртқа аурулары өздігінен жазыла ма?
— Денедегі жайсыздық уақытша басылғанымен, негізгі себеп жойылмаса, ауру қайталана береді. Сондықтан ауырсыну жиі мазаласа, дәрігерге көріну қажет.
— Халық арасында кең тараған өзін-өзі емдеу тәсілдеріне көзқарасыңыз қандай?
— Өзін-өзі емдеу кей жағдайда уақытша жеңілдік беруі мүмкін, алайда ол көбіне аурудың белгісін жасырып, дерттің асқынуына алып келеді. Әсіресе дәрігердің кеңесінсіз ауырсынуды басатын дәрілерді және ауырған жерді оңды-солды қыздыру аса қауіпті. Дұрыс диагноз қойылмайынша мұндай әдістерден сақ болған жөн.
Алдын алу — ең тиімді ем
— Омыртқа ауруларының алдын алу үшін қандай өмір салтын ұстану қажет? Қандай қозғалыс пайдалы?
— Омыртқа — бүкіл ағзаның тірегі. Сондықтан күн сайын кемінде 30-40 минут қозғалысқа уақыт бөлген жөн. Бұл жаяу жүру, жүзу немесе жеңіл гимнастика болуы мүмкін. Сымбатыңызды қадағалап, ағзаның дабылына бейжай қарамаңыз. Омыртқа қозғалысты «жақсы көреді», ал оның саулығының басты кепілі — белсенді өмір салты.Ең алдымен, тұрақты қозғалыс, дұрыс сымбат және жұмыс орнын сауатты ұйымдастыру маңызды. Әсіресе бір қалыпта ұзақ отырмау керек. Отыру, жүру, жату — осы үшеуін алмастырып отырған абзал. Әр 40-60 минут сайын орныңыздан тұрып, жеңіл сергіту жаттығуларын жасаған жөн. Ұйқының жеткілікті болуы да омыртқа саулығына тікелей әсер етеді.
Жаяу жүру — ең қолжетімді әрі тиімді қозғалыс түрі. Ол қан айналымын жақсартып, бұлшықетті шымыр қылады және омыртқаға түсетін салмақты азайтады. Күніне 6-10 мың қадам жасау — омыртқа ауруларының алдын алудың қарапайым, бірақ нәтижелі жолы.
Ал жүзу — омыртқаға түсетін жүктемені барынша азайтатын спорт түрі. Әсіресе шалқалай жүзу бұлшықетті нығайтып, арқаға оң әсер етеді.
— Күнделікті өмірде орындауға болатын қарапайым жаттығуларды атаңызшы?
— Мойын мен иықты созу, денені бұру, «мысық» жаттығуы, іш пен арқа бұлшықеттерін нығайтатын қимылдар өте пайдалы. Бұл жаттығуларды үй жағдайында да, жұмыс орнында да еш қиындықсыз орындауға болады.
— Қозғалысты күнделікті әдетке айналдырудың ең оңай жолы қандай?
— Аздан бастау керек, бірақ ең бастысы — тұрақтылық. Лифтінің орнына баспалдақпен жүру, әр сағат сайын орныңыздан тұрып, аздап қимылдау сияқты қарапайым әдеттер омыртқаның саулығын сақтауға көмектеседі.
Сұхбаттасқан Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



