Тоғызыншы олимпиада. Тоғызыншы медаль бола ма?

6 ақпанда Италияның Милан және Кортина қалаларында ХХV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Олимпиадаға 95 елден 3,5 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Спортшылар 116 медаль жиынтығы үшін жарысқа түседі. Қазақстандық спортшылардың еншісінде қазір 36 жолдама бар.
Қазақстан тәуелсіз ел ретінде тоғызыншы рет қысқы Олимпиадаға қатысқалы отыр. Бұған дейін біздің спортшыларымыз қысқы ойындардан 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль ұтып алды.
Оның ішінде жалғыз алтын медаль иегері, яғни қысқы ойындар бойынша әзірге елімізден шыққан жалғыз Олимпиада чемпионы — Владимир Смирнов. Ол 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиадада шаңғымен 50 шақырымдық жарыста топ жарды. Сондай-ақ осы ойындарда ол тағы екі күміс медаль (10,15 шақырымдық жарыстар) жеңіп алды. Үшінші күміс жүлдені 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында биатлоннан Елена Хрусталева әперді. Елена — белоруссиялық спортшы, ол біздің еліміздің атынан Ванкувер Олимпиадасынан бөлек, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына да қатысып, жарқын өнер көрсетті.
Төрт қоланың екеуі 1998 жылы Нагано Олимпиадасында алынды. Бұл жолы шаңғышы Владимир Смирнов — 15 шақырымдық жарыста, ал конькиші Людмила Прокашева 5 мың шақырымдық жарыста мәреге үшінші болып жетті.

Смирнов пен Прокашева кеңестік замандағы мектептің соңғы буын өкілдері еді. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар мен білікті мамандардың, бапкерлердің өзге елдерге көшіп кетуі салдарынан, қысқы спорт түрлерінен әлемдік деңгейде жетістіктерге жету, соның ішінде Олимпиада жүлдесін алу Қазақстанға оңайға түскен жоқ. Сөйтсе де,әсіресе 2011 жылы Астана мен Алматыда VІІ қысқы Азиаданың ұйымдастырылуы көптеген спорт түрін дамытуға жол ашты.
Соның нәтижесінде 2014 жылы Сочиде өткен ойындарда — мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, ал 2018 жылы Пхенчханда фристайлшы Юлия Галышева Олимпиада жүлдегері атанды.
Өкінішке қарай, 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиадада спортшыларымыз тағы да жүлдесіз қалды. Бұл жолы жүлдеге бір табан жақындаған бірден-бір спортшышорт-трекші Абзал Әжіғалиев болды. Ол 500 метр қашықтықтағы жарысты 4-орынмен аяқтады.
2022 жылғы Олимпиадаға қазақстандық спортшылар34 жолдамамен барса, ақпанда Италияда өтетін Олимпиадаға, жоғарыда айтқанымыздай, әзірге 36 жолдама жеңіп алған. Әзірге дейтін себебіміз, бұл — 2025-2026 жылдарда өткен лицензиялық жарыстардың қорытындысы бойынша халықаралық федерациялар тарапынан берілген жолдамалар, ал алда Халықаралық Олимпиада комитеті есебінен қосымша квоталар қарастырылуы мүмкін.
Сонымен Олимпиадаға кімдер барады? Кімдерден үміт күте аламыз?
Басқа спортшыларымыздан бұрын жолдамаға мәнерлеп сырғанаушылар — Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина қол жеткізді.

2025 жыл Михаил үшін табысты жыл болғанын айта кету керек. Ол былтыр ақпан айында Сеулде өткен Төрт құрлық чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алды. Қос бағдарлама бойынша жинаған ұпайының жалпы саны — 285,10.
Оған дейін 2015 жылы Денис Тен де Қазақстан тарихында тұңғыш рет осы беделді жарыстың чемпионы атанған болатын. Араға он жыл салып Михаил оның жетістігін қайталады.
Сонымен бірге ол осы жылы ақпанда Қытайдың Харбин қаласында өткен ІХ қысқы Азия ойындарында қола медаль иеленді. Ал наурыз айында АҚШ-тың Бостон қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Бұл үлкен жетістік екені даусыз. Михаил жапон Юма Кагияма, франциялық Адам Сяо сынды мамандар айрықша мақтаған шеберлерден озық шықты. Жалпы ұпай саны — 287,47.
Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында да, әйелдер арасында да бәсекелестік өте жоғары. Оның үстіне Михаил өткен жылғы жарыстарда күрделі элементтерді таза орындап, көзге де түсті. Қазіргі күні ол ISU (Конькишілердің халықаралық одағы) рейтингінде 4-орында тұр. Дегенмен әрине, үміт басым…
Софья Самоделкина — Ресейден келген спортшы, өткен жылы еліміздің атынан Турин қаласында өткен Универсиадаға қатысып, қола жүлде иеленді.

Былтыр Харбинде өткен қысқы Азиадада Қазақстан жалпы есепте 4-орын алды. Бұл жетістікке зор үлес қосқандардың бірі — шорт-трекшілер құрамасы. Италияда өтетін Олимпиадаға 4 шорт-трекшіміз бара жатыр. Олар — Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова және Яна Хан.
Абзал мен Денистің өте тәжірибелі спортшылар екені жанкүйерлерге мәлім. Абзал бұған дейін әлем кубогы кезеңінде жеңімпаз атанған, сондай-ақ Харбиндегі Азия ойындарында ұлттық құрама сапында алтын және күміс жүлделерді иеленді.
Ал Денис 2024 және 2025 жылдары әлем чемпионатында күміс жүлде алды. Ол — әлем чемпионатының жүлдесін иеленген тұңғыш қазақстандық шорт-трекші. Біздіңше, Абзал мен Денисті алдағы Олимпиадада жүлдегерлер қатарынан көреміз деп үміттене аламыз. Олар жекелей сындармен қатар, аралас эстафетада да өнер көрсетеді.

Олимпиадада конькишілер алғашқы жарыс күнінен, яғни 7 ақпаннан бастап бәсекеге қосылады. Бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында 5 жолдама бар. Олардың төртеуі — қыздардың еншісінде. Ерлер арасынан өнер көрсететін жалғыз спортшы — Евгений Кошкин.
Қазақстандық конькиші Евгений Кошкин 2025 жылы әлем кубогының екі кезеңінде 500 метр қашықтықта жеңімпаз атанды, сондай-ақ Харбинде өткен қысқы Азиадада күміс медаль алды. Қыздарға келсек, 2025 жылы Норвегияда өткен әлем чемпионатында Кристина Силаева 500 метрлік қашықтықта 4-орын алып, жүлдеге сәл ғана жетпей қалған еді. Осы біріншілікте әйелдер құрамасы да командалық спринтте 4-орын алды.
Шаңғы спорты бойынша қазақстандықтар 4 жарыс түрі бойынша 12 жолдама иеленді. Оның ішінде шаңғымен жарысқа 3 ер, 4 әйел спортшы қатысады. Бүгінде бапкерлер олардың есімдерін жария етті. Біздің шаңғышыларымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері жоқ, сондай-ақ олардың былтырғы Азия ойындарында да аса сәтті өнер көрсете алмағанын ескерсек, алдағы Олимпиадада қандай да бір ғажайып күтуоңайға соқпайды…
Шаңғымен жарыстан бөлек, Қазақстанға тау шаңғысынан — 2, шаңғы қоссайысынан 1 және шаңғымен тұғырдан секіруден 2 жолдама берілді. Мұның ішінде, мысалы, шаңғы қоссайысынан Олимпиада жолдамасы тұңғыш рет алынып отыр.
Биатлоннан қазақстандық спортшылар 4 жолдама жеңіп алды. Оның ішінде жарыстарға 2 ер және 2 әйел спортшы қатыса алады. Бұлар да атаулы жолдамалар емес. Италияда нақты кімдер жарыс жолына шығатынын ұлттық құраманың бапкерлері анықтайды. Біз өз тарапымыздан өткен жылғы Азиадада чемпион атанған Владислав Киреевті ғана атап өткіміз келеді. Владислав — Харбинде жекелей сында алтын алған бірден-бір қазақстандық спортшы (өзге үш алтын командалық жарыстар қорытындысында алынғанын естеріңізге саламыз). Сондай-ақ ол былтыр Австрияның Хохфильцен қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде үздік 20 спортшының қатарына енді. Осыған дейін биатлоннан әлемдік деңгейдегі жарыстарда жекелей сында қазақстандықтар ешқашан үздік 20 спортшының қатарына ілігіп көрмеген екен.
Фристайлшыларымыз екі жаттығу түрінен 9 жолдама иеленді. Могулден — 4, ал акробатикадан 5 жолдама беріліп отыр. Айта кетейік, 2018 жылы Пхенчханда Юлия Галышева могулдан Олимпиада жүлдесін алған еді. Биылғы Олимпиадаға Павел Колмаков, Юлия Галышева, Анастасия Городко және Аяулым Әміренова барады. Оның ішінде Анастасия Городконың соңғы жылдардағы жетістіктерін есіңізге саламыз: ол параллель могулдан екі рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, сондай-ақ 2025 жылы Турнинде өткен қысқы Универсиадада екі алтын медаль иеленді.
Ал акробатшылар сапынан Италияға Дінмұхаммед Райымқұлов, Шерзод Хашырбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан және Аяна Жолдас барады. Жас та болса, олардың есімдері спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Әсіресе былтыр өткен әзірге соңғы қысқы Азиадада бұл спортшылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып қуантқан еді. Сонымен бірге Дінмұхаммед Райымқұлов жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз болған.
ХХV қысқы Олимпиада ойындары 22 ақпанға дейін жалғасады.
Біз Олимпиадаға қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілейміз!
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
Суреттер:
Михаил Шайдоров,
,
Евгений Кошкин,
Дінмұхаммед Райымқұлов (немесе орнына Асан Асылхан)



