Жүйріктер анықталды

Шаңғы
Қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдер арасында шаңғыдан облыс чемпионаты өтті. Чемпионатқа Ақтөбе қаласы және облыстың 3 ауданынан жиналған 120-ға жуық шаңғышы қатысты.
Жарыс қатысушылары 72 медальды сарапқа салды. Спортшылар шаңғының спринт, масс-старт, классикалық жүріс түрлері бойынша сынға түсті. Жарыстың алғашқы күнінде жасөспірімдер 1,5 шақырымға жүгіріп, спринт сайысының жеңімпаздары анықталды. Одан соң масс-старт және классикалық жүріс бойынша 5 шақырымға жүгірді.
Қысқы спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерболат Қуандықұлының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінде көптеген елді мекенде тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуы үшін жағдай жасалып жатыр.
— Мектебіміздің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да көп көңіл бөлінуде. Мұнда республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар өткізіліп тұрады. Заман талабына сай салынған спорт мектебінің ғимараты біздің спортшыларымыз үшін жайлы мекенге айналды. Бұл жерде адами фактор жоқ. Барлығы компьютермен бақыланып отырады. Барлығы шаңғыларын жылы жерде отырып байлайды. Кейін жерасты жолы арқылы жарысқа шығады. Спортшыларға өте ыңғайлы. Бүгінде үлкен додаларды бағындырып жүрген спортшыларымыз да баршылық, — дейді ол.
Мәртөк балалар-жасөспірімдер спорт мектебі полиатлон секциясының жаттықтырушысы Әсет Сағынұлы жарысқа 10 спортшы даярлаған.
— Шаңғы жарысынан спортшыларымыздың аяқ алысы жақсы. Бүгінде ауданымыздағы спорт мектебінде 30-дан астам спортшы жаттығады. Олар биатлон және шаңғы спорты бойынша республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүр. Президенттік көпсайыс бойынша бірнеше жыл қатарынан жеңімпаз атандық. Кезекті облыс чемпионаты 11-13 қаңтар аралығында өтті. Облыс чемпионатында спринт жарысы бойынша София Иванова, Екатерина Волоснова, Алина Плис, Вероника Матвеева, масс-старт (еркін жүріс) бойынша Алина Плис, Софья Швачко, София Иванова, классикалық жүрістен София Иванова, Алина Плис, Софья Швачко сияқты шаңғышыларымыз 1-орынды иеленді. Олар ақпан айында Щучинск қаласында өтетін ел чемпинатында облыс намысын қорғайды, — дейді ол.
Жарыс нәтижесінде қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командалық есепте топ жарып, жеңімпаз атанды. Ал жүлделі 2-орынды — Мәртөк, 3-орынды Қобда балалар-жасөспірімдер спорт мектебі иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен медаль табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



