Жаңалықтар

50 мың текше метр қар шығарылды

Ақтөбеде көшенің қары шығарылып жатыр. Әсіресе көктемде су басу қаупі бар аудандарға баса назар аударылуда. Қаңтар басталғалы  қаладан 50 мың текше метрден астам қар арнайы полигонға тасымалданған.

Қала әкімі Азамат Бекет Мәскеу, қаланың ескі бөлігі Құрмыш және Алтын Орда шағын аудандарын аралап, мердігерлерге қар шығаруды жеделдетуді тапсырды. Техниканың санын көбейтіп, қосымша жұмыс бригадаларын тарту туралы нақты тапсырма берілді.

Қала әкімі Мясоедов көшесінен қар шығарып жатқан «Ақжол LTD»  компаниясына Мәскеу шағын ауданындағы өзге де көшелердің қарын тезірек шығарып тастау үшін техника қосуды тапсырды.

Ал Алтынсарин көшесінен қар шығарып жатқан «АТК Qyzmet» ЖШС басшылығына сейсенбінің кешіне дейін қаланың ескі бөлігін тазалап болуды міндеттеді.

Құрмыш шағын ауданындағы Жанқожа батыр, Асау-Барақ, Қонаев көшелері мен Нокин даңғылында қар шығарып жатқан «Жол Алға Системс» ЖШС-на қала әкімі көлік қозғалысын қиындатпас үшін жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Ал Алтын Орда шағын ауданындағы М.Шоқай көшесінде «ZNS Group» ЖШС шнекороторлы техника көмегімен қар шығаруда. Заманауи техника 4-5 минут сайын бір жүк көлігін қармен толтыруға қауқарлы.

— Жыл басталысымен қар көп мөлшерде түсті. Алда ақпан, наурыз айларында да қарлы бұрқасын бар. Сондықтан қарды қаладан шығаруға қазірден басымдық берілуі керек. Әсіресе су басу қаупі бар шағын аудандарда қол қусырып отырудың қажеті жоқ. Мердігерлер өз учаскелерін таза ұстауға міндетті, —  деді Азамат Бекет.

Қыс айларында қала жолдарын күтіп ұстауға 13 мердігер ұйым жауапты. Қазіргі кезде 18 учаскеде күндіз —  24, ал түнгі кезекшілікте 12 бригада үздіксіз жұмыс істеп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button