Мәдениет

Табылдыны еске алған кеш

Жақында Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ғимаратында қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Мен қазақпын» атты кеш өтті.

Ең бірінші көзге түскен дүние — сахнаның көркем безендірілуі. Көрерменді Табылдының бұла кезіндегі гитара ұстап тұрған әдемі суреті мен оның «Мен қазақпын» атты өлеңінен алынған бір шумақ өлең «қарсы алды». Ал сахна ортасына қойылған орындыққа сүйеулі  қара гитара — Табылдының Иманғали ағасы сыйлаған «Сүлік қарасы» иесін жоқтап тұрғандай әсер қалдырды….

Кеш Табылдының өз әндерін орындап тұрған қысқа көріністен басталды. «Қазақстан — Атырау» телекомпаниясының қызметкері Асантемір Қаршығаұлы түсіріп алған бұл кадрлар  марқұмның көзі тірісінде «таспаға» түскен жалғыз дүние (мүмкін, қателесетін де болармыз. Табылдының баяғы жұлдызды шақтарында әртүрлі концерттерге қатысқан шақтары орталық телевидениелерде сақталып қалуы ғажап емес — Б.Б.).

Табылды — бард, яғни өз туындыларын һәм өзге ақындардың шығармаларын тыңдарманға гитара үніне қосып жеткізген талант. Сондықтан да оның қаныңды тулататын,  рухы биік әндерін орындап жүрген маңғыстаулық Есенбай Құлиев гитарасымен  ортаға шыққанда жұртшылық ерекше ризашылықпен қол соқты. Табылды әндерінің бар болмысын сақтай отырып, эстрадаға салған  Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі Жоламан Көшкінов те көпшілік көңілінен шықты. Ал Табылды көзі тірісінде «Сен менің қарындасым емессің, інімсің…» — деп еркелеткен Елена Әбдіхалықова Табылдыға арналған өз әнін орындады.  Алматыдан осы кешке арнайы келген әнші Роза Әлқожа Табылды сөзін жазған Серік Жанболаттың әнін әуелетті.

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншілері Қанат Айтбаев, Светлана Айтбаева, Жұлдыз Нұрқасымова, Жадыра Арыстанова, Аймұрат Мәжікбаев, Дулат және Рита Айтжановтардың орындауындағы  Табылды әндері жаңаша сипат алыпты.

Алматы, Қарағанды, Ақтау, Атырау, Оралдан келген қонақтардың әдемі естеліктері кешті қыздыра түсті. «Меніңше, Табылды — жырау! Ол біздің жыраулардың рухы асқақ поэзиясының негізін сақтай отырып, жаңаша, гитара тілінде сөйлетті. Және гитараның ырқында кеткен жоқ, керісінше гитараны ұлттық мүддеге «қызмет еткізе» отырып, қазаққа мейлінше жақындатты» — деген «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболаттың, «Лермонтов қыршын кетті, Саттар Ерубаев аз уақытта қанша шаруа тындырды. Сен не бітірдің?» — деп мені үнемі қамшылап отыратын» — деп ағынан жарылған ақын Жұмабай Құлиевтың, Табылдының осыдан отыз жыл бұрын Алматыға  гитарасын арқалап келген шағынан бастап,  риясыз сәттерді еске түсірген «Хабар» телеарнасының продюсері Арман Сқабылұлының, «Менің балаларым Табылдыны, оның балалары мені әке деп өсті», — деп бастап, бардтың Ресейге барған сапарындағы қызықты оқиғаларды айтып, жұртты бір серпілткен «Қазақстан — Орал» телекомпаниясы директорының орынбасары Рашид Шақудың әдемі естеліктерін жиналғандар ықыласпен тыңдады.

Кештің бел ортасында әйгілі гитарашы, Табылдының өзі Жезқазғанға іздеп барып, сәлем берген  Қорабай Есенов сахнаға шығып ән салғанда, аға буын еріксіз қосылып отырды. Жетпісінші-сексенінші жылдарда жастарды аузына қаратқан  тарлан әлі бабында екен…

Табылдыдан қалған тұяқ — Абыл сахнаға көтеріліп, манадан бері төрде «жетімсіреп» тұрған «Сүлік қараға» қол созғанда толқымаған жан жоқ. Меніңше, кеш сценарийінің (Кештің сценарийін жазған һәм жүргізген Орал БайсеңгірБ.Б.) ең ұтымды тұсы осы болды. 15-ке енді толған Абылдың дауысы әлі балаң демесеңіз,  әкесінің иірімдерін айнытпай салады екен. Тәуба, «ат тұяғын тай басар» деген — осы.

Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова кеш қонақтарына сыйлықтар тапсырды. Ал осы кештің өтуіне мұрындық болған «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС құрылтайшысы, Табылдының мұрасына бас-көз боп жүрген ағасы Бижан Қалмағанбетов Қорабай ағасына шапан жауып, Абылға аттарын атауды қаламаған бір топ азаматтың атынан темір тұлпар мінгізді.

…Әрине, кештің «әттегене-ай» дейтін тұстары да болмай қалған жоқ. Бірақ «ондай-ондай хан қызында да болатынын» ескерсек, азғантай күнде осындай әдемі кешті ұйымдастыра білген Бижан мен Қанат бастаған азаматтарға мың алғыс. Оның тағылым беретін тұстары өте көп.

Біріншіден, кеш ақтөбеліктерге Табылдыны мейлінше жақын «таныстырды». Көп адам оның кім болғанын, қандай әндері бар екенін осы кеште білді.

Екіншіден, «Ақтөбе Табылдыны еске алады» деген дақпырттың өзі аз ұпай әкелген жоқ. Кеш алдында «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Алаш айнасы», «Алтын орда» газеттері мен «Абай.kz», «Маса.kz», «БАҚ.kz» сайттары бізде  өтетін кешті ықыластана жарнамалады. Алматы мен Астана жұртшылығы кәдімгідей елеңдеп, Ақтөбеге қарай құлақ түріп отырды. Кештің қалай өткендігі хақында да жылы лебіздер айтылып жатыр.

Табылды кенеттен дүниеден озғанда қазақ газеттері бір-бірінен оның өлеңдерін сұрап, қапылып қалғаны бар. Осы оқиғадан кейін «Айқын» газетінің тілшісі Қаншайым Байдәулетова интернеттен қауымдастық ашып, Табылдыға қатысты бар деректі жинақтап жүр. Марқұммен бірнеше рет сұхбаттасқан, енді  «Әкесінен қалған мұраға Абыл өскесін өзі ие болар» — деп сауапты іс жасап жүрген қарындасымыз осы кешке арнайы қатысып, әдемі мақала жазды.

Үшіншіден, «Осы кеш Табылды атындағы бард-ақындар фестивалінің бастауы болса…» — деген пікір айтылды. Демек, алдағы уақытта осындай дүние қолға алынып жатса,  «Еее, бұл Ақтөбеден басталған…»  — деп отырған да жаман емес…

Төлеген ақын орда бұзар отызында дүниеден көшкенде, Меңдекеш Сатыбалдиев «Өлгеннен кейін көп жоқтап жүрміз біз сені, Өлмеске аяқ басқаның шығар бұл сенің…» — деп өлең жазған-ды. Иншалла, Табылдының да өлмеске аяқ басқаны шығар бұл!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button