Мәдениет

Жыр ағытылған күн

Жақында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының құжатпен қамтамасыз ету және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Ақтөбе көктемі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Кешті институт ректоры Ғалымжан Нұрышев ашып, ақындарға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі.

Құжатпен қамтамасыз ету және тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүлшат Сапарқызының айтуынша, кеш Ақтөбе өңіріне ғана емес, республикаға танымал ақындардың жырларын оқырмандарға кеңінен таныту, киелі сөз өнерін дәріптеу, сондай-ақ жас ақындарға қолдау көрсету, студенттердің поэзияға деген құштарлығын арттыру мақсатында өткізілген.

Кешке бас-аяғы ақтөбелік он алты ақын шақырылған екен. Студенттер он алты ақынның өлеңдерін кезек-кезек сахнаға шығып, мәнерлеп оқыды. Сонымен бірге институттың өлеңге ғашық бір топ студент ұл-қызы өз өлеңдерін ортаға салды.

Аталмыш оқу орнының студенті Естай Өтеулиев Наурызбектің термесін орындаса, «Сағыныш» триосы кешті «Өз елім» әнімен әрледі.

Кешті өткізуге аталмыш басқарманың қазақ тілін оқыту орталығының қызметкерлері ерекше белсенділік көрсеткен. Әсіресе «АКМПИ Хабаршысы»  журналының жауапты хатшысы Гүлнар Қараша жасаған слайд-шоу көрермендер көңілінен шықты.

Кеш соңында ақындар студенттермен бірге естелікке суретке түсіп, ақын Кәрім Айнабеков жас ақындарға батасын берді. Ал облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы жас ақындарға өлең өлкесінде сәттілік тілеп, осындай рухани шаралардың облыс көлемінде өткізілуіне әрдайым мұрындық болып жүрген Ақтөбе педагогикалық институтының облыста үлкен мәдени ошаққа айналып отырғанын айтып, ректорға, институт ұжымына алғысын білдірді. Сондай-ақ ақындар өздерінің кітаптарына қолтаңба жазып, студенттерге тарту етті.

Кеш көрермендерін жырға суарып тастағандай әсер қалдырды.

Ж.НҰР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button