Мәдениет

Қорабай Есенов: Екі әнім елге танытты

Ақтөбеде қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовты еске алуға арналған «Мен қазақпын» атты кешке   «Жас қалам», «Қоштасу» сынды  керемет әндерін гитарамен қосыла шырқап, өзіндік ерекше орындау стилімен  тыңдарман жұрттың сүйіктісіне айналған Қорабай Есенов сонау Жаңаарқадан ат арытып келді.  Біздің өңірімізге алғаш рет жолы түскен  әнші, сазгер ағамызбен жолығып, сұхбаттасудың сәті түсіп еді.

— Қорабай аға, Ақтөбеге қош келіпсіз. Табылды ініңізге арналған кештен қандай әсер алдыңыз, онымен  жақын таныс болдыңыз ба, әңгімені осыдан бастасақ.

— Өмірден ерте кеткен Табылды  бүгінгінің серісі еді.  Әнінің өзін де, сөзін де өзі шығарып, өзі орындайтын баяғының Біржан сал, Ақан сері тәрізді  сал-серілердің жұрнағы іспетті болатын.  Қазіргіше айтқанда бард-ақын Табылды інімді қадірлеп, бізді шақырып, осындай кеш өткізіп жатқан ақтөбеліктерге ризамын. Кеш жақсы өтті.  Табылды сыртынан біліп жүретінмін, әндері де, сөздері де, орындау мәнері де көңілімнен шығатын. Табылды 2005 жылы  елге іздеп келіп, менен бата алып қайтты, бұл да оның кісілікті жігіт болғанын байқатса керек.  Сол жолы байқағаным, ол өзі мінезі тура, ақкөңіл, ешкімге жалпақтамайтын жігіт болып көрінді.

— Табылдыны жұрт өз ортасынан жырақ кетіп, құса болды деген ойда, сіз ше, өмір бойы елде жүріп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттіңіз, орта іздеген жоқсыз ба?

— Мүмкін, Табылдының өнер  мен мәдениеттің ортасы Алматыда жүргені дұрыс болар ма еді, кім біледі.

Ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан, мен өзімді сол ортаның адамы деп есептеймін. 1970 жылы Целиноградтағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, туған жеріме қайтқанмын.

— Гитараны қашаннан бастап жаныңызға серік еттіңіз?

— Оқушы кезімде гитараны ұстап көрген емеспін, бірақ әкем Әбікен домбыраның құлағында ойнайтын, күй тартатын. Әншіліктен де, ақындықтан да құралақан емес еді. Бірақ өмір бойы қарапайым теміржолшы, парауыз машинисі болып жұмыс істеді. Содан жасымнан мен де домбыраға қол созып, мектеп оркестрінде ойнап жүретінмін. Гитарамен ойда жоқта достастым. Институтқа түскеннен кейін, 1-курста  80 студент ауыл шаруашылығы жұмысына бардық, сонда жатақханадағы екі қатарлы кереуеттің жоғарғысында жататын  Николай Литовченко деген украин жігіті болды, сол түнімен гитарасын сабалап, ән айтады, таң атқанша ұйқы бермейді, өзі әскерден келген, оқуға есейіп түскен. Ақыры ұйқы жоқ болған соң: «Коля, маған да гитара тартуды үйретші», — деп қолқа салдым. Гитараны екі-үш күнде игеріп алдым, домбыра тартқан кісіге қиындығы шамалы екен. Николай: «Сен бұрыннан гитара тартатын шығарсың, сірә, қалай тез үйрендің деп?» деп таң қалды. Мен сол күннен бастап гитара деген ауруға ұшырап, күзде сол аспапты  сатып алып тындым.

— Алғашқы әніңіз қалай туды?

— Мен небәрі екі ән жазған адаммын. Алғашқы әнім — «Жас қалам».  Оны 17 жасымда жаздым. Бір күні бір курстасым сол әннің сөзін әкеп берді, оқып отырсам, сөзі ғажап:

Кездессең ұрлана қараймын,

Асаудай тулайды жас жүрек.

Мен сені жаныма балаймын,

Сен үшін мен де бар бір тілек.

Өлеңнің сөзі біздің енді жігіт бола бастаған албырт шақта  бастан кешетін сезімді дөп басып жеткізіп тұрғандай. Сөйтіп, 1966 жылы Жаңа жылдың алдында ойда жоқта жаңа ән туды. Қолым қалт еткенде сол әнді айтамын, институтта атым шыға бастады.

«Жас қаламға» қатысты айта кетейін, біреулер «Әннің сөзі Қорабайдікі емес» деген әңгіме  айтыпты, мен де оның сөзіне таласудан аулақпын, әні — менікі.

Екінші курста оқып жүргенде КВН-ға қатысып, тобымыз жеңіліп бара жатқан кезде орысша ән  айтып, институттың  намысын қорғап қалғанмын, алдында өзім оқитын агрофактың деканы, ұлты орыс кісінің айтуымен тілімді бұрап «Где-то вдали, Это — корабли» деп келетін орысша ән үйреніп алғаным жақсы бопты. Сол жолы облыстық телеарнада қызмет жасайтын Иса Ғалиасқаров деген ағаның көзіне түссем керек, кейін мені шақырып алды да: «Жақында Алматыда Целиноград қаласының онкүндігі өтеді, 2-3 ән дайында, біз жазып көрейік»,— деді. Бір-екі ай дайындықтан соң, телестудия  менің орындауымда Нұрғисаның «Әке туралы жыры» мен өзімнің «Жас қалам», «Қоштасу» әндерімді  жазып алды.  Жолымның болғаны сол шығар,  әндерім облыстық радио ғана емес, бірден Қазақ радиосынан да беріле бастады.  10-15 күннен кейін республиканың түкпір-түкпірінен менің атыма хаттар ағылды дейсіз. Факультет деканатына жолдайды.  Біреуі әннің сөзін сұрайды, біреулерінің танысқысы келеді. Жаспын ғой, бір күнде 10-15 хатқа жауап жазуды қиынсынамын, уақытым да жоқ, құрдастарым бір мәз болып қалды. «Мен — Қорабаймын» деп өздерінің суреттерін салып, қыздармен танысып жүріпті сыртымнан. Шетінен Қорабай болып хат жазады. Бір күні менің атыма бандероль келіп тұр, ішін ашсам, қымбат құлақшын. Сөйтсем, бір қулау құрдасым: «Целиноградта күн суық, басым жаурап жүр» деп хат жазыпты. Ұялғаным-ай! Құлақшынды сұраған кісісіне беріп құтылдым ғой. Осылайша Қазақ радиосының арқасында елге бірден танылдым. Қаладағы  лауазымды кісілер: «Бір-екі ән айтып бер» деп тойларға шақырады. Ол кезде студентпіз, қарнымыздың бір тойғанына мәзбіз, бөлмелестерімді шұбыртып ертіп барам.  Тойдың көркі болдық. Өнеріміз үшін аздап тиын-тебен де береді. Халықтың қошеметінің өзіне  көңіліміз семіріп қайтамыз.

— «Жас қалам» әнінің тууына әсер еткен бойжеткен бар ма еді?

— Мен өзі алғашқы махаббатына үйленген жігітпін. Сірә, сол қызға деген ынтызарлық бір күні ән болып төгілсе керек. Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде тұрамыз, 9-сынып оқып жүргенде класымызға бір Галя Сәрсекеева деген қыз келді. Кластағы ұлдардың бәрінің көзі сонда, бәрі бірдей қырындап жүр. Сөйтсек, ол біздің көршіміздің үйінде жатып оқиды екен. Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшардан келіп, әпкесінің үйінде оқып жатыр. Менің де көңілім кет әрі емес. Өзі әдемі, ақылды, байсалды көрінді. Көрші болған соң, таң атпай аңдып, сабаққа бара жатқанда соңынан ілесемін: «Қараңғыда қорықпайсың ба?» деп қамқорсып жүрдім. Күннен күнге ұнап барады.  Ол кезде қызға суырылып сөзбен бірдеңе айту сән емес. Іштей тынасың, сосын хат жазасың. Үйге келіп, ақындардың кітабын аударыстырып, осы менің халіме сай келеді-ау деген тұстарын көшіріп аламын. Ахметтің Қамар сұлуға айтатын «Көп жүрдім шыдайын деп іштен жанып, Бірде олай, бірде олай ойға алып. Амалсыз арды түйіп қалам алдым, Кеткен соң ғашық оты бойымды алып» деген өлең жолдарын  Сұлтанмахмұттан көшірдім де, арғы жағына тағы да басқа ақындардан алған он шақты шумақ  «ұрлық» өлеңімді қосып, Ордабай деген немере інімді жұмсадым. «Мына хатты Галяға апарып бер, жауабын алып келмесең, соям» деп тіпті күш көрсетіп те жібердім. Қыз жауап бермеді, ініме күн көрсетпеймін, «Жауабын алып кел!» Ол: «Қыз жауап бермесе, мен  не істеймін?» деп қасарысады. Әйтеуір бір күні қыздан «Жарайды» деген жауап әкелді-ау.

— Целиноградтың сұлуларына  да  көз салмадыңыз ба?

— Жоқ. Себебі Галя да сол институттың экономика факультетінде оқыды. Бесінші курста жүргенде үйленіп, пәтерде тұрдық. Екі ұл, екі қыз сүйдік. Ержан, Сәкен деген ұлдарым да жолымды қуды, гитара тартады. Немерелерім бар.

— Ел-жұрт әнші деп таныған соң, Алматыға кетсем деген ой келген жоқ па?

— Студент кезімде деканат арқылы Нұрғиса Тілендиев ағамыз шақыртты. «Әке туралы жырын» орындадым ғой, Қазақ радиосынан естіп, өте риза болғанын айтты, консерваторияға шақырды. Әкеммен ақылдасып көріп едім, «Нар баласы бақырмас болар» деп  тоқтатты. Қасында болғанымды қалады. Анам дүниеден ерте озған-ды, әкем бертінде 86 жасында қайтты. Қазақ радиосынан әнімді естігенде әкейдің төбесі көкке жетпей қалған сыңайлы: «Баламнан еңбегім қайтты» деп қатты риза болыпты. Дегенмен түбегейлі өнер жолына түскенімді қаламады. Қалай дегенде қолымнан гитарам түскен жоқ, әлі күнге жүрген жеріме әніммен сүйкімдімін.

Жаңаарқа өңірінде  жүріп те жалғызсыраған жоқпын.

Сол ауданда жас кезімде «Сарыарқа» деген вокалды-аспапты ансамбль құрып, екі жарым жылдай халыққа қызмет еттік. Жолдамамен келген жас мамандардың жан-жаққа тарауына байланысты ансамбль де тарқап кетті.

Жағыпар Әлімханов деген сазгер бар, ол да ауыл шаруашылығы маманы. Жезқазған облысының екінші хатшысы болған, белгілі ақын Кәкімбек Салықов ағамыздың  сөздеріне ән жазды. Осы үшеуміз шығармашылық одақ ретінде біраз әнді жарыққа шығардық. «Досыңның көзін ұғарсың», «Аққу», Жақсыгелді Сейіловтің «Неге солай?» әндерін айттым.

— Материалдық игілікке қалай қарайсыз?

— Мен байлық қуған адам емеспін, орта шаруамын. Институтты бітірген соң екі жыл бас агроном болып қызмет жасадым, көп жылдардан бері жеке меншік астық қабылдайтын мекеменің директорымын, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Өзім  тойшыл адам емеспін. Әрі тойды табыс көзіне айналдырмаған адаммын. Басшылық қызметте жүріп те гитарамды тастамадым.  Біздің заманымыз басқаша болды.

— Жеке шығармашылық кештеріңізді өткізіп тұрасыз ба?

— Гитараны серік қылып ән айтқалы елу жылдай бопты. Әуелі өнерімнің, мені жоқтайтын журналистердің арқасында халық менің өмірімнен хабардар болып келеді. Әнімді қазіргі жастар да құмарта тыңдайды. Халық әнімді ұмытпайды, Қорабай Есеновті іздейді, сондықтан жеке шығармашылық кешімді өткізіп отыруым керектігін түсіндім. Жезқазғанда, Алматыда, Астанада кештерім өтті. Халықтың ықыласы толқытты. Болашақта әндер жинағын шығаруды ойлап жүрмін.

 

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Андеринизди тындаймын.маган оте унайды.жас калам менин жургеимнин аниндей.керемет. Сизге денсаулык тилеимин.100 жасаныз.шамши аганын аниндей.андериниз бикке самгай берсин.керемет андеринизди сагына кутемин.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button