Мәдениет

Алдыңғы толқын алыбы

Көпшілікке танымал тұлға, саналы ғұмырында ел басқару ісіне белсене араласып, салмақты сөзімен, өнегелі ісімен айналасын ұйыта білген абзал азамат Алтынбек Әкімжанов арамызда болғанда бүгінде тоқсан жасқа толар еді.

Оның артында өшпес ізі, тәлімдік тағылымы қалды.

Замандастары Алтынбек ағаны өз дәуірінің ақыл-ойы, ілгері бастаушысы, байыпты ақылманы деп таниды.

Беріліп отырған топтамада Еңбек Ері атанған дара тұлға өмірінің өнегелерінен сыр шертіледі.    

Өзіне тағдыр өлшеп берген саналы ғұмырында адамгершіліктің асыл мұраттарын биік ұстап, айналасына ізгілік шуағын шашып өткен, қай жерде жүрсе де қарапайым мінезімен, сабырлы тұлғасымен талай жанға үлгі болған Алтынбек Әкімжанов жайлы әңгіме қозғағандағы мақсат асыл ағаның бір басын ғана мадақтау емес, оның өнегелі өмірінің жалпы жұртшылыққа, елге, әсіресе, халқымыздың жас буын өкілдеріне көрсетіп өткен тәрбиелік өнегесінің зор екендігін мойындауымыз абзал болар еді.

Абзал азамат, аяулы аға, өз ортасында қимас жолдас, отбасына сүйікті жар, мейірімді әке бола білген Алтынбек Әкімжанов аға жүріп өткен жол оны білетіндердің санасында әлі де жаңғырығып тұрғандай.

Алтын ағаның өмірбаянына қысқаша ғана тоқталсақ, ол 1922 жылы Ырғыз топырағының №17  Толыбай елді мекенінде дүниеге келген. Он бір жасқа толар-толмасында,  яғни 1933 жылы, әкесі Әкімжан дүниеден озып, сонау бір аласапыран заман кезінде анасы Балайым екеуі ғана қалып, ашаршылықтың қанды қақпанынан  әзер жан сақтап, балғын балалықтың сәресінен бастап-ақ болашақтың болмысын ойлауға мәжбүр болады.

Анасының ақылын көкейіне түйген қаршадай бала Толыбайдан алпыс шақырым жердегі Аққұм ауылына жалғыз өзі жаяу жетіп, сонда Ырғызға жиналып жатқан керуенге  ілесіп, біраз күндер жаяулап-жалпылап, арып-ашып Ырғызға да барады.

Сөйтіп, ол 1933 жылдан 1941 жылға дейін Ырғыздағы балалар үйінде, кейін интернатта тәрбиеленіп, орта мектепті бітіреді.  Сол кездегі пионер, комсомол ұйымдарының белсенді мүшесі болып, қоғамдық қызметтер атқарады.

1941 жылдан 1947 жылға дейін Кеңес армиясының қатарында авиациялық бөлімдерде, техникалық, саяси жетекшілік қызметтерін абыроймен атқарған ағамызды сол бір жылдар темірдей тәртіпке, істі нақпа-нақ орындауға және өзгеден де соны талап етуге шыңдады деуге әбден болады. Әскер қатарында отанға парызын өтей жүріп 1943 жылы Кеңестер  одағы коммунистік партиясының қатарына қабылданды.

Әскер қатарынан оралған жас Алтекеңді сол кездегі облыстық партия комитеті басшылары біршама ысылған партия мүшесі ретінде танып, бағалап, бірден Шалқар аудандық партия комитетіне қызметке жібереді. Сол Шалқардағы бар болғаны екі-үш ай қызметі кезінде ауданның бірінші хатшысы мынадай мінездеме берген екен: «Әкімжанов Алтынбек жұмысын жақсы атқарады, жұмыста бастама көтере біледі. Техникалық жағынан сауаты жоғары, саясаткер, өсіп келе жатқан партия қызметкері». Бұндай мінездеме ол кезеңдерде кез келген кісіге беріле бермейтіні әркімге де түсінікті болар.

Алтынбек ағаның өткен еңбек жолдарында, басқа да өзі секілді азаматтарға тән, жалпы ұқсастығы  болғанымен, өзіне тән ерен ерекшеліктері де сонадайдан көзге ұрып тұрады. Ол — ағаның қысқа ғана уақыт мерзімінде қызмет сатысымен сенімді де, абыройлы алға басуы. 1947-1951 жылдары Шалқар  аудандық  партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1953-1955 жылдары Жұрын аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды.

1955-1959 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқып, оны бұрын атқарған партия қызметі тәжірибесімен шебер жалғастыра білген аға 1959-62 жылдары Байғанин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.

Адам өмірінде ел есінде қалатын өте бір елеулі кезеңдер  болады. Соның бірі ағамыздың Қобда өңірінде  қызмет жасаған уақыты болды. Себебі Алтынбек аға 1962 жылдан бастап табандаған он бес жылдан астам уақыт Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып үздіксіз қызмет істеді. Өзінің табиғи, аумақтық, шаруашылық-өндірістік ерекшеліктерімен дараланатын сол бір қасиетті өңірдің бірінші басшылық тізгінін соншама жыл  абыроймен атқарып, қалың жұрттың қалаулысы болу кез келген жұмыр басты пенденің қолынан келе бермейтіні — бәрімізге де аян мәселе. Ондай тіршілік тек Алтекең сияқты асқар азаматтың қолынан келері хақ.

Алтекеңнің ерен еңбегін, елімен бірге, сол кездегі билеуші үкімет те бағалай білді. Ол, 1965 және 1971 жылдар екі дүркін Ленин орденімен, Социалистік Еңбек ері жоғары атағымен, оның «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталса, 1974 жылы «Октябрь революциясы» орденінің иегері болды. Ол сондай-ақ Қазақстан компартиясының Х-ХІІІ съездерінде Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланса, 1971 жылы СОКП ХХІV съезіне делегат болып қатынасты.

1977 жылдан 1983 жылға дейін, яғни Алтынбек аға зейнеткерлікке шыққанша  облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Ол 1979 жылы Бүкілодақтық кәсіподақтардың ХVІІ съезінде «Құрмет белгісі» орденіне ие болды. Бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшелігіне, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталды. Өзінің саналы өміріндегі атқарған барлық жауапты қызметтері барысында Алтынбек аға тәжірибелі де білікті партия қызметкерлері кадрларын тәрбиелеу ісіне аса мән берді. Қобда өңірінен көтеріліп шыққан көп азаматтар — сол істің айғағы, олардың бүгінде ағаның есімін ерекше құрметпен еске алулары да сондықтан болар.

Ұзақ жылдар тынымсыз қызмет еткен ардақты аға 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, облыстық партия комитетінің жоғары партия органдарына жолдаған ұсыныстары бойынша одақтық дәрежедегі арнайы зейнеткер атағына ие болды. Алайда өмірінің өрнегін еңбек  ету деп ұққан ол, қол қусырып басқаға масыл болып отыра алмады, сөйтіп алты жыл бойы республика мемлекеттік  жабдықтау  басқармасы мемлекеттік орман инспекциясының бас инспекторы қызметін және басқа да көптеген қоғамдық тәрбиелік қызметтерді атқарды.

Алтекеңе жаратушы күш әдейілеп  берген мінезіне, өзіне ғана тән болмысына, оның қоршаған ортасына таратқан жан жылуы туралы азырақ тоқталмасқа әсте де болмас. Бұл жерде  мен Алтекеңді ол туралы оның көзі тірісінде де, ол арамыздан кеткеннен кейін де  айтып жүрген аузы дуалы асқар азаматтардың естеліктері арқылы жеткізгім келеді. Алтекең сегіз қырлы, бір сырлы, алды жайқалған кең жайлау, арты толқындаған көк майса, тұла бойы болмысы адамгершілік пен азаматтыққа тұнып тұрған  дарқан жан еді. Ол шын мәніндегі би еді. Оның билігін ешкім де кесіп өтпейтін. Ел өмірінде болып жататын небір саяси да шытырманы мол қалтарыстарды Алтекең салқынқандылықпен, өзінің орнықты да адал шешімін айтып, тығырықтан талай шығаратын.  Оның терең ұғымға толы тегеурінді деректерді келтіріп байыптауы, бусанып тұрған талайларды тоқтатып, өз деңгейіне түсіретін.

Алтекең төре еді. Басшы адамның өмірінде жиі кездесетін ірілі-ұсақты көп кикілжіңдерде  ағамыз өзінің маңғаз мінезімен, терең, пәлсапалық ой өрнегімен, байыпты ақылымен жұртшылықты сабасына салатын. Алтекең Алла сыйлаған сырбаздық, Сарыарқадай кең көңіл, оның айналасындағы ханға да, қараға да шен-шекпеніне де қарамастан сыйлайтын әділ де әсем жан жылуы, басқа көпшілік пендеге бұйырмаған, тек өзіне тән ерекшеліктері еді.

Алтекең өзінің қатарына, өзінен кейінгі жас буын өкілдерін тәрбиелеп өсірумен қатар өзі де алдыңғы буын ағалармен, жоғары қызметтегі халық қалаулыларымен жоғары сыйластықта, қимас достық деңгейінде қызмет атқарып, олардың жоғарғы бағасына лайық бола білді. Ол әр кездері облысымызды басқарған, әрқилы қиын кезеңдерде ел көңілінен орын таба алған М.Сужиков, Е.Тайбеков,  Ш.Қарсыбаев, Ш.Бектұрғанов, Н.И.Журин, В.А.Ливенцов секілді азаматтармен сыйластықта қызмет атқарса, қазақтың біртуар ұлы, халық қалаулысы, отыз жылға жуық Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ерекше ықыласына ие бола білді.

Димекең Алтынбек ағамызды жоғары бағалаған. Ол өзінің «Ақиқаттан аттауға болмады» деген мемуарлық еңбегінде: «Мол тәжірибе жинақтаған, көпті көрген алдыңғы буынмен қажымас қайраты, ақыл-ойы, өмірге деген құштарлығы, халқына деген қалтқысыз кеуілі бар жас толқынның  сабақтастығын сақтау біздің барлық табыстарымыздың кепілі, — дей келіп, — оған ірі шаруашылықтарға өндіріс орындарына алға қойған міндеттерді дұрыс әрі мінсіз орындайтын, еңбекке ысылған, өмір тәжірибесі бар кадрларды жіберу өзінің баянды жемісін берді. Солардың ішінде аудандық партия комитеттерінің хатшылары сапында Алтынбек Әкімжанов та бар…» — деп республика бойынша 220 ауданның бірінші басшыларынан небәрі он жеті адамды, оның басы етіп Алтекең ағамызды атап көрсеткен екен.

Көп жылдар облыс көлемінде қатар қызмет жасаған, Қазақстанның бірнеше облыстарын басқарған, Ақтөбе облысының партия комитетінің  бұрынғы бірінші хатшысы В.А.Ливенцов өзінің «Мое время» атты естелігінде Алтынбек ағамызға берген құрметтік сипаттамасында төмендегідей жүрекжарды ризашылық сезімдерін білдірген: «Алтынбек Әкімжанов он сегіз жылдан астам уақыт Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Аудан шаруашылығына қосқан ерекше еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызымен марапатталды. Ол аудан халқының әл-ауқатын көтеру жолында көп еңбек сіңірді. Сондықтан облыстық кәсіподақ кеңесіне төраға болып сайланып, оның жұмысын едәуір жандандырды. Жеке басының қасиеттеріне келетін болсақ ұстамды, салмақты, ізетті және ел арасында беделі жоғары азамат».

Алтынбек ағаның ерен ерекшеліктерінің бірі — өз халқының тарихын, әдеп-ғұрпын сыйлауды дағды еткендігі. Өткен дәуірлердегі елге еңбек еткен бабаларымызды, өзінің ата-тектерін, олардың аруағын әрқашан сыйлап, туған, өскен ортасын ұмытпай кадір тұтуы еді. Қаншама жырақта, ауыр да сұранысы көп жауапты қызметтерде жүргенімен, туған топырағын, сол жердегі ағайын-тума, қарияларын ұмытпай, қолы қалт еткенде, еңбек демалыстарында үнемі елге келіп-кетуге тырысатын.

Алтекең мазмұны жағынан мәнді, сәттілігі  жағынан сәнді жанұялық өмір өткерді. Алтекең мен Жұмагүл анамыздың шын мәніндегі өнегелі одағы талайды тәнті етті. Жұмагүл анамыз жаратылысынан аналық мейірімге, туа біткен ұстаздық қасиетке толы жүрегімен ағамызға өмірлік сүйеу болды. Қазақ ССР оқу ағарту ісінің үздігі деген құрметті атаққа ие болды.

Олардың бауырынан өсіріп, тәрбиелеп ұшырған бес баласы бұл күнде өздерінің ізін қуған салауатты да салиқалы ел таныған  азаматтар болып өсіп жетілді. Қыздары Ләйла, Света, Нұрсұлу, ұлдары Нұрлан, Абай бәрі де жоғары білімді, қазіргі өмірге қоғамға сай, әртүрлі саладағы қызметтерін атқаруда.

Алтын ағамыздың асыл атымен өзінің кіндік қаны тамған киелі де қасиетті Ырғызда, сондай-ақ Ақтөбе қаласында  көше аталады. Бұл да елдің құрметі деп ойлаймыз.

Самат Есқалиев,

                                                            Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық

                                                                   институтының доценті, тарих                                 

                                                                   ғылымдарының кандидаты.

 

 

Құрметке бөленген жан еді…

 

Жылдар ілгері жылжыған сайын азайып бара жатқан қатарыңды іздейсің. Өткен күндерді сағынасың. Сондайда бүгінде мәңгілік тыныс тауып жатқан небір асыл жандар көз алдыңа келеді.

Солардың бірі — Алтынбек Әкімжанов еді. Оның байсалды да байыпты кескіні, адам баласына мейірім шуағын төге қарайтын жарқын жүзі қазір де көз алдымызда.

Осындайда сонау 1948 жылдың күз айы — 7 қараша мейрамындағы Шалқар қаласы шетіндегі ат шабыс еске түседі. Бұл — соғыстың жаңа басылған кезі. Мұндай мейрамдарда қала халқы үйде отырмайды. Осындай көп адамның арасынан бір ұзын бойлы, жанындағы бәкенелеу жігіт екеуі бірден көзге түсті. Артынан білсем, сол еңселісі Алтынбек замандасымыз екен.

Қасындағысы — Әлім Үсенов. Екеуі де сол кезде жас жігіттер, партия қызметіне енді кірісе бастаған кездері екен.

Арада аз уақыт өткенде олармен жақсы таныс болдық. Менің күйеуім Жадығұл Алтынбекпен жақсы жолдас болып кетті. Алтынбектің зайыбы Жұмагүл де адамды жанына тартып тұратын жарқын жүзді адам екен.

Әдетте адам тегіне тартады. Алтынбектің үлкен әкесі Саржан би аталған, ел-халқына қадірлі адам болған екен. Сондай дегдарлық Алтекеңнің бойынан да байқалатын.

Тіршілікте бәрі ойдағыдай бола бере ме? Сонау қанды қырғыннан аман-есен келіп, Шалқардан хабар алғызғанда «анаң тірі, Ырғызда» деген қуанышты сөз жетеді. Алайда жаяулап-жалпылап елге жеткенде, аяулы анасының қабірі қарауытып қарсы алады. «Бұл — менің өмірлік өкінішім, жүрегімде тұнған қасіретім», — деп кейін де айтып отыратын ол.

Осындай ауыр күндерді де басынан өткерген ол талай қиындықтарға төтеп берді. Өзі бас болып, соңындағы қалың елді де ілгері алып шыққанын көзіміз көрді.

Ол өткен күндерінің, балалық шағының ауыр азаптарын айта отырып, бүгінгі күнге тәубе жасайтын. «Тағдырыма ризамын, — дейтін сондайда,— Жұмагүлге үйленіп, шаңырақ көтердім, ұлды, қызды болдым. Енді алдағы өмірге арманым жоқ».

Ол жас кезінде бейнет көргенімен, егде тартқан шағында зейнет көрді. Халыққа, елге қаншалықты қызмет көрсетсе, өзі де сондай құрметке бөленді.

Ұзақ жыл бойы ел басқарып, артына тек қана жақсы сөз қалдыру екінің бірінің басына бұйыра бермесе керек-ті.

Алтынбек біздің жастық кезіміздің, елге қызмет еткен тұсымыздың куәгері еді, мақтан тұтатын жолдасымыз болатын. Сондай адамдар өмірді мәнді ететін, мағыналы қылатын. Ол бізге әлі күнге дейін сонысымен қымбат.

Ақбике ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button