Денсаулық

МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер болады?

Сақтандыру

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде маңызды өзгерістер енгізіледі. Осы жылдан бастап бірқатар созылмалы аурулар МӘМС пакеті арқылы толық қамтылады. Бұл осы аурулар бойынша есепте тұрған азаматтар дәрігерге қаралу, тексерілу, ем алу және қажет болған жағдайда ота жасау қызметтерін тегін алады.
МӘМС жүйесіне енгізілетін аурулардың қатарында қант диабеті, сал ауруларының балаларға тән түрі, ревматизм, дәнекер тіндерінің жүйелі аурулары бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар 11 ауру тобы да қамтылады. Олардың ішінде туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, вирустық гепатиттердің созылмалы түрлері, бауыр циррозы, психикалық бұзылыстар, орфандық (сирек кездесетін) және жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары бар. Бұдан бөлек орталық жүйке жүйесінің демиелинизирлеуші аурулары, эпилепсия, жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай ішінде), инсульт (бір жыл көлемінде) сияқты аурулар да МӘМС аясында емделеді. Бұл санаттағы науқастарға қажетті дәрі-дәрмек, дәрігер кеңесі және ем-шаралар тегін көрсетіледі.
МӘМС арқылы азаматтар талдаулар тапсырып, қажетті диагностикалық тексерулерден өте алады. Сонымен қатар жоспарлы операциялар, емдеу курстары және оңалту қызметтері де осы жүйе арқылы қолжетімді болады.
2026 жылдан бастап мемлекет жеңілдік санатына кіретін 12 миллионнан астам азамат үшін МӘМС жарнасын өзі төлейді. Бұдан бөлек жергілікті атқарушы органдардың шешімімен шамамен 1 миллионға жуық азамат МӘМС жүйесіне қосылады. Бұл көптеген тұрғынға медициналық көмекті уақтылы әрі тегін алуға мүмкіндік береді.
Азаматтар өздерінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін бірнеше жолмен тексере алады. Ол үшін SaqtandyruBot телеграм-ботын, msqory.kz ресми сайтын, eGov.kz порталын немесе eGov mobile қосымшасын пайдалануға болады. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығына хабарласу мүмкіндігі бар.

Күләш ҚАМЫСБАЕВА,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы
алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша бас штаттан тыс бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button