Ел дамуының өзегі — еңбек адамы

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланып, онда еліміздің даму жолындағы стратегиялық бағыты мен негізгі ұстанымы кеңінен қамтылды. Облыстық кәсіподақтар бірлестігі Президент айтқан ой-тұжырымдарды толық қолдайды және оларды өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың маңызды бағдаршамы деп санайды.
Сұхбаттағы басты қағидаттың бірі — азаматтардың әл-ауқатына экономикалық өсімнің нақты әсер етуі. Мемлекет басшысы атап өткендей, макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы әрбір қазақстандықтың күн сайынғы тұрмыс-тіршілігінен сезілуі тиіс. Ақтөбе өңірінің еңбеккерлері үшін де басты мәселе — өсімнің жүйелі табысқа, тұрақты жұмысқа және өмір сапасының жақсаруына айналуы. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік саясаттың еңбек адамына, оның әлеуметтік қорғалуына және әділ еңбекақыға бағытталуы аса өзекті.
Президент сұхбатта әділет, заң және еңбекқорлық қағидаттарын ел дамуының берік негізі ретінде атап өтті. Бұл құндылықтар Ақтөбе облысындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда және орнықты дамуды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Аталған бағыттарды іске асыруда әлеуметтік әріптестік тетіктері мен кәсіподақтардың орны ерекше. Кәсіподақтар еңбек қатынастары саласында әділдік пен заңдылықтың сақталуына, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы теңгерімді диалогқа ықпал етуді жалғастыстыра береді.
Цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу жағдайында еңбек құқықтарының сақталуы, қайта даярлау және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары қатаң ескерілуі қажет. Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбек адамы өзгеріс объектісі емес, оның белсенді қатысушысы болуы тиіс. Бұл ұстаным кәсіподақтардың да басты бағытымен үндеседі.
Қорытындылай келе, Президент сұхбатында айтылған ойлар мен міндеттер еңбек адамының мүддесін қорғауға, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Ақтөбе облысы кәсіподақтар бірлестігі бұл бастамаларды қолдай отырып, оларды өңірде іске асыру жолында әлеуметтік әріптестік аясында белсенді жұмысын жалғастыра береді.
Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ,
Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы



