ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жаңғыруымыздың жаңа кезеңін елімізде жасалып жатқан жаңа қадамдардың институционалдық және экономикалық реформалардың жалғасы ғана емес, қазіргі білімге, адам капиталына, азаматтар мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін қамтитын даму моделіне көшу екендігіне назар аударды.
Еліміз жаңғырудың жаңа кезеңінде білім, ғылым, экономика және денсаулық сақтау салаларына ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазіргі заманғы жаңғыру тұсында ғылым ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналуы керек. Себебі жаңғыру бағытындағы реформалар әкімшілік шешіммен жүзеге аспайды, әрбір шешім нақты сараптаманы, ғылымға негізделген болжамды және дәлелділікті қажет етеді. Жаңғырудың жаңа кезеңі білім сапасымен, ғылыми зерттеулердің деңгейімен, биотехнологияның, цифрлық медицинаның, медициналық инженерия мен фармацевтика саласының даму сапаларымен де тікелей байланысты. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына қатысты айта келіп, оның ішінде медициналық туризмнің дамып келе жатқанын ерекше атап өтіп, оны «адам денсаулығына салынған инвестиция нәтижесі» деп бағалады.
Президент өз сұхбатында жасанды интеллект ұзақ мерзімді өркениеттік таңдау, Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт екенін атап өтіп, осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын, «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойғанын, болашақта Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылатынын жеткізді.
Мемлекет басшысының пікірінше, жоғары оқу орындары, яғни университеттер ел дамуының ғылыми-рухани көзі ретінде айқындалуы керек. Олардың ішінде өңірлерде ел экономикасы мен қажеттілігіне қарай кадр даярлау, өңір сұранысына бағытталған қолданбалы зерттеулер жүргізу, ғылымды нақты міндеттерді шешу құралы ретінде пайдалану, жасанды интеллектіні университеттерді басқаруға, білім беру процесіне, ғылым саласына енгізу, барлық білім алушылар үшін АІ — сауаттылықты қалыптастыру бағыттары бар. Сондай-ақ болашақта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылмақ. Өйткені Қазақстан — әлеуметтік мемлекет. Сондықтан денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым мен мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалуға тиіс.
Жаңғырудың жаңа кезеңін жүзеге асыратын — жастар. Президенттің пайымдауынша, өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы керек. Бұл тұрғыда біз еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі мол жастарды тәрбиелеуге тиіспіз.
Қорыта айтсақ, Президенттің биылғы сұхбаты — ел дамуының айқын бағдары. Ендеше, біздің міндет — Мемлекет басшысының тапсырмалары мен тың бастамаларын сапалы орындау және нәтижелі жұмыс жүргізу.
Талғар ӘБІЛОВ,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан
медицина университетінің ректоры.



