Облыс әкімі Асхат Шахаров жылды қорытындылады

2025 жыл Ақтөбе облысы үшін экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік салада белсенді даму кезеңі болды. Облыс әкімі Асхат Шахаров өтіп бара жатқан жылдың қорытындылап, 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді айқындады.
Әкімнің айтуынша, өңірде өсім тұрақты өсім, экономикалық көрсеткіш 103,8 пайыз. Сонымен қатар облыста инвестиция тартудың жаңа тетіктері белсенді түрде енгізілуде.
«Өңір экономикасына 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту күтілуде. Жыл ішінде жалпы құны 185,6 млрд теңгені құрайтын 10 ірі жоба іске асырылды, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы мен «Хромтау» индустриялық аймағы құрылды. «AQTOBE INVESTMENT FORUM 2025» халықаралық инвестициялық форумы 20 ел мен 40-тан астам шетелдік компания арасындағы диалог алаңына айналды. Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 448 млрд теңгені құрайтын 17 меморандум мен келісімге қол қойылды», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы да жоғары нәтижелер көрсетті. Субсидиялауға 16,8 млрд теңге бөлініп, 400 млрд теңгеден астам өнім өндірілді. Мал басы 7 пайыз, ал жылқы шаруашылығы 13 пайызға өсті. Ауыл тұрғындарының белсенділігін «Ауыл аманаты» жобасы да айқындайды: бір жылда шамамен 3 мың жоба 16,9 млрд теңгеге қаржыландырылды.
«Бұл көрсеткіштер – тек өсімнің белгісі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың адамдарға өз ісін дамытуға және ауылдағы өмір сапасын жақсартуға қалай көмектесіп жатқанын көрсетеді», – деді облыс әкімі.
Жол саласында 118,8 млрд теңгеге 200 жоба жүзеге асырылып, шамамен 600 шақырым жол жаңартылды. Ерекше маңызға ие «Ақтөбе – Ұлғайсын» жобасы аясында алғашқы 28 шақырым жол пайдалануға берілді, ал «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тас жолын жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Газдандырудың үшжылдық жоспары бір жылдың ішінде орындалды. 31 ауылға газ тартылып, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейі 97 пайызға жетті. Ауыз сумен 927 мың адам қамтылды, бұл өңір халқының дерлік 100 пайызы.
Мектептер мен балабақшалар тапшылығын жою басым бағытқа айналды. 2025 жылы 12 950 орындық 28 мектеп салынды, 18 жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 12-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында. Мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 95,2 пайызға жетті.
Ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылым да нығайтылды. 29 медициналық пункт пен амбулаторияның құрылысы аяқталып, 17 мың тұрғын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілді. Телемедицина мен PACS жүйесі енгізілген Ахуалдық орталықтың ашылуы шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қашықтан заманауи деңгейде кеңес пен тексеруден өтуге мүмкіндік берді.
«Жыл соңына дейін облыста 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, кезекте тұрған 437 отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Жұмыспен қамту саласында шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды, оның 18 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Белсенді жұмыспен қамту бағдарламаларымен 54 мыңнан астам адам қамтылды», – деді облыс әкімі.
Өңірді цифрландыру жалғасуда: 13 ауылдық елді мекен мобильді интернетке, 24 ауыл OneWeb спутниктік желісіне қосылды. Интернетке қолжетімділік деңгейі 98 пайызға жетті.
Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздікті 19 600 бейнебақылау камерасы қамтамасыз етуде, оның 834-і жасанды интеллектпен жабдықталған.
Қоғамдық іс–шаралар мен патриоттық тәрбие де назардан тыс қалған жоқ: «Айбын-2025» халықаралық әскери–патриоттық жиыны, сондай–ақ Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы мен Мөңке бидің 350 жылдығына арналған мерекелік шаралар өткізілді.
Биыл жергілікті атқарушы органдарға 59 мыңға жуық азаматтың өтініші келіп түсті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Соның 96,2 пайызы шешімін тапты, ал құқық бұзушылықтар саны алты есеге азайды.
«Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұр. 2026 жылы басталған жобаларды аяқтауымыз керек, басты мақсат – Ақтөбе облысының әрбір тұрғынының өмір сапасын нақты жақсарту. Бюджет қаражатының жұмсалуы мен нысандардың сапасы қатаң бақылауда болады. Адамдар қағаздағы есепті емес, күнделікті өміріндегі нақты өзгерістерді көруі тиіс. Әрбірбасшының жауапкершілігі жеке болады, барлық шешімдер халықтың сұранысын ескере отырып қабылданады», – деп түйіндеді Асхат Шахаров.






