КЕРУЕН ЖӘНЕ МЕРЕКЕЛІК ТІЛЕК

Бүгін Ақтөбе қаласында Жаңа жыл мерекесіне орай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Аяз ата Ақшақар және жыл – 12 ай кейіпкерлері қатысқан жаңажылдық құттықтау керуені қала көшелерін аралады.
Мерекелік керуен халық көп шоғырланған орындарға барып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шара барысында ән-күй шырқалып, ақжарма тілектер айтылды. Балалар тақпақ айтып, тәттілер мен шағын сыйлықтарға ие болса, қала тұрғындары ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсті.
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, керуеннің басты мақсаты — қала тұрғындарына мерекелік шаттық сыйлау. Құттықтау керуені «Тұрғындар қалашығынан» басталып, Орталық стадион, «Әлия» сауда үйі, «Дина» гипермаркеті, «Сити шоппинг» сауда орталығы мен «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығында жалғасын тапты. Жалпы, керуен бес бағытта ұйымдастырылды.
Сонымен қатар керуеншілердің бір тобы «Табыс» базары, «Анвар», «Дина» гипермаркеттері, «Далида», «Шығыс» сауда орындары мен Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда болды.
Мәдени шараға Сазды және Қурайлы мәдениет үйлерінің өнерпаздары да атсалысты. Жылы лебіз білдіріп, құшақ жая қарсы алған тұрғындар керуеншілерге ризашылықтарын жеткізді.
— Бірнеше жылдан бері балаларымның қасында Ақтөбеде жаңа жылды қарсы алып жүрмін. Биылғы мереке ерекше көңілді өтіп жатыр. Осындай шаттық сыйлаған өнерпаздарға алғысым шексіз. Баршаңызға ең алдымен денсаулық тілеймін, — деді Атырау қаласынан келген Гүлбаршын Нұрбаева.
Ал Қырғызстан Республикасынан келген Салима Камалова қала тұрғындарының қонақжайлығына тәнті екенін жеткізді.
— Ақтөбеге келген сайын ерекше әсер аламын. Бұл жақта достарымыз көп. Осы жолы да жаңажылдық керуеннің куәсі болып, көтеріңкі көңіл күйге бөлендік. Мұндай шаралар адамдарды жақындастырып, бірлікті нығайтады. Ақтөбеліктерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, — деді ол.
Ал қала тұрғыны Зейнеп Мәжитова жаңажылдық керуен туралы әлеуметтік желіден көріп, немерелерімен бірге арнайы келгенін айтты. Оның айтуынша, мұндай мерекелік сәттер балалардың жадында ұзақ сақталады.
— Әлеуметтік желіден керуен «Дина» сауда орталығына келеді деген хабарламаны көріп, немерелерімді ертіп келдім. Балалар үшін бұл – ерекше әрі есте қаларлық сәт. Осындай мәдени шаралар адамдарға қуаныш сыйлайды. Бақытты сәттеріміз көп болсын. Келе жатқан Жылқы жылы жақсылығымен, мол ырысымен келсін деп тілеймін. Сонымен қатар осындай игі бастамалар көп болсын!, — деді ол.
Айта кетейік, керуеншілер бүгін кешкілік Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өтетін мерекелік іс-шараға да қатысады.
Айдана АЛТЫБАЕВА.









