КЕРУЕН ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ТАРТУЫ

Жаңа жыл қарсаңында өткен мерекелік керуенге «Геолог» мәдениет үйінің өнерпаздары белсене атсалысты. Олар Есет батыр тұрғын алабындағы «Дина», «Анвар» супермаркеттерін аралап, балаларға сый-сияпат таратты.
«Геолог» мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Нұрболат Медетовтің айтуынша, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында мұндай іс-шараларды өткізу үрдіске айналған.
— Жылқы жылының керуені бес бағыт бойынша ұйымдастырылды. Аяз ата мен Ақшақардың киімін киген өнерпаздарымыз көпшілікке тәтті таратты. Әсіресе балалар шат-шадыман көңіл күйге бөленіп, Аяз атаға тақпақ оқуға асықты. Барша ақтөбеліктерді босағамыздан аттағалы тұрған Жылқы жылымен құттықтаймын! Жылқыдай жүйрік болып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер! Сіздерді кешкілік Есет батыр тұрғын алабындағы «Дина» супермаркетінің алаңында өтетін «Жылқы жылы — қуаныш пен үміт жылы» атты концерттік бағдарламамызды тамашалауға шақырамыз. Ғажайыпқа толы кештен қапы қалмаңыздар! — деді ол.
Жаңа жылдық керуенді тамашалаған қала тұрғындары Аяз ата мен Ақшақар, жаңажылдық ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, мерекелік думанға куә болды.
Айталы Нұрберген мерекені тойлауға Шұбарқұдықтан арнайы келіпті.
— Биыл Жаңа жылды ата-әжеммен бірге қарсы аламын. Әр мерекені асыға күтемін. Мен де жылқы жылы дүниеге келдім. Бүгін мерекелік керуенді алғаш рет көрдім. Ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, Аяз атаға тақпақ оқып бердім, — деді ол.
Жаңа жыл кейіпкерлерінің жалт-жұлт еткен костюмдері әдемілігі жағынан бірінен- бірі асып түседі. Биыл балалар арасындағы трендке айналған лабубу, куроми сияқты кейіпкерлер де көпшіліктің назарын аударды.
— «Геолог» мәдениет үйіне қарасты «Мұрагер» вокалдық тобының хормейстерімін. Жаңа жылдық іс-шаралар аясында биылғы жыл иесі — жылқының костюмін киіп, балаларға арналған ертеңгіліктер, думанды кештер ұйымдастырдық. Бүгін кешкі сағат 20.00-22.00 аралығында Есет батыр тұрғын алабының тұрғындарына арналған мерекелік концерт өтеді. Сол іс-шарада жыл иесі ретінде қала тұрғындарын құттықтаймын. Жылқы жылы баршамызға жайлы, табысты жыл болсын! — дейді Назым Сералықызы.
Өз кезегінде «Анвар», «Дина» сауда желілерінің ұжымы «Геолог» мәдениет үйінің өнерпаздарына ризашылығын білдірді.
— Бүгінгі күніміз қауырт басталды. Келушілер әдеттегіден көп. Себебі бүгін көпшілігіміз асыға күткен Жаңа жыл мерекесін тойлаймыз. Өзім көпбалалы анамын. Жергілікті өнер ұжымдарының мерекелік құттықтауын тамашалап, қуанып қалдым. Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Сәттілікке толы жыл болсын! — дейді «Анвар» супермаркетінің қызметкері Дильфуза Мыңжасарова.
Жаңажылдық керуен Есет батыр, Қарғалы тұрғын алабындағы адам көп шоғырланатын сауда орталықтарында да жалғасты.
Бұл күні өнерпаздар Орталық базар, «Астана» сауда үйі, «Шығыс», «Табыс» базары және басқа да ірі сауда орталықтарын жүріп өтті.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.






