Заң мен тәртіп

Көші-қон заңнамасы түсіндірілді

Аққағаз Досжанова атындағы конференц-холда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде білім алып жүрген шетелдік студенттерге Қазақстан Республикасының көші-қон, виза режимі мен әкімшілік заңнамасын сақтау талаптары түсіндірілді.

Іс-шараға облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары қатысты.
Кездесу барысында шетел азаматтарына тіркеу, уақытша тұру және еңбек қызметіне қатысты талап, заңбұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен жеке деректерді қорғау жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ қатысушыларға қауіп туындаған кезде құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі мен қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат берілді.
— Шетелдік студенттер тарапынан жиі кездесетін заңбұзушылықтар — виза мерзімін өткізіп алу немесе оның мүлде болмауы. Мұндай жағдайда әкімшілік айыппұл салынып, 5 жылға дейін елден депортациялануы мүмкін. Сондай-ақ шетелдік студенттерге студент визасымен жұмыс істеуге тыйым салынған. Егер рұқсатсыз жұмыс істейтін болса, ол заңбұзушылық болып есептеледі. Осындай дәрісті біз жылына екі рет өткізіп тұрамыз, — деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Әйгерім Қартова.
Полиция қызметкерлері ақпараттық дәрісте студенттерге күнделікті сақтауға тиіс негізгі талаптарды да атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында шетел азаматтарының митингілерге немесе кез келген наразылық шараларына қатысуына тыйым барын да еске салды.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button