Мәдениет

Шебер

Мұхтар Құл-МҰХАММЕД

 В начале было Слово, и Слово было с Богом, и Слово было Бог», деп бас­талады көктен түскен төрт кітаптың бірі Жоханнан жеткен «Ізгі хабар».

Оқығанда оп-оңай бір ғана сөйлем ауда­руға келгенде зілдей ауыр.

«Сөз» бен «Құдайға» ешкімнің таласы жоқ шығар. Ал «в началоны» «бастапқыда», «ал­ғаш­қыда» деп тәржімаласаңыз, онсыз да күр­делі ойға құрылған қиын тіркес одан әрі ауыр­лай түседі. Сондықтан дәл осы араға түп-төркіні арабтан келсе де ана тілімізге әлдеқа­шан кірігіп кеткен «әуелі» сөзі сұранып-ақ тұрғандай.

«Былоны» «болды» немесе «келді» деп аудара салудың да еш қиындығы жоқ, бірақ ол қимылсыз, қозғалыссыз келте тіркес болып шығады. «Болды» мен «келдінің» екеуінен де көктен түскен құдіреттің күші тұрмақ лебі де сезілмейді, ал бізге алғашқы тіркестің өзінде-ақ киелі сәттің жақындап қалғанын сездіретін ишара керек.

Жадыңдағы сөздік қорды сілкіп-сілкіп тағы бір талпыныс жасасаң, «түсті» деген сөз келеді санаңа. Ежелден көк тәңірге сиынып қол жайған көк түріктің ұрпағы үшін осы сөздің орны бөлек. «Түстіге» тоқтар болсақ, сабақтаса байланысқан сөйлемнің алғашқы тіркесі «әуелі сөз түсті» болып шығады.

Екінші тіркесте: «Слово было с Богом» делінген. Мәсіх жолындағылардың мұндағы мегзеп отырғандары — өздері біресе Құдай әке, енді бірде Құдай ұл, тағы бірде Қасиетті рух деп қайта-қайта құбылтып жүрген Ғайса пайғам­барыңыз. Иә, «Қасиетті Құран» Ғайса пайғам­бардың тура жолдан тайқып, адасқан пенделерін түзу жолға түсіру үшін Құдайдың құді­ретімен дүниеге келгендігін қуаттайды. Ендеше, екінші тіркестегі «былоны» «Сөз Құдаймен келді» десек, біз көктен түскен Құдіретті адамзат баласына жақындата түсеміз.

Енді көктен түсіп, жердегі пенделердің қасына келген Құдіреттің кім екенін анық­тауымыз керек. Ол өзі екеу ме, әлде жалқы ма? Санаңда сансыз көп сұрақ жамырайды. Оған жауапты «Сөз — Құдай еді» деген үшінші тіркестен табасыз. Осылайша «Інжілдің» төртінші кітабының бірінші сөйлемін тұтастай тәржі­малар болсақ: «Әуелі Сөз түсті, Сөз Құдаймен келді, Сөз Құдай еді», болып шығады.

Жер бетіндегі бір жарым миллиардтан астам мұсылман қауымының қасиетті кітабы «Құранда» «Інжіл» көктен түскен төрт кітап­тың бірі ретінде танылады. «Інжіл» мәсіх жолын ұстанушылардың ұстанымы бойынша төрт «Ізгі хабардан» тұрады. Жоханның жаз­ғаны — соның төртінші кітабы. «Жазғаны» деп жаңылысып тұрған жоқпын. Әрине, мұсылман қауымы төрт кітаптың төртеуі де Ұлы Жара­тушының құдіретімен түскен деп санайды. Бірақ «Құрандағы» «Ғимран» сүресінің 187-аятында: «Кезінде кітап иелерінен кітап сөздерін толық жеткізуге Алла уәде алды, бірақ олар серттерінде тұрмады да кітап сөздерін болымсыз беделге сатты», — деп ашық жазылған.

Дінтанушылар «Тәурат», «Зәбүр», «Інжіл­дің» адамдар қолымен жазылып, сан мәрте өзгертіліп, толықтырылғанын әлдеқа­шан мойындаған.

Әуелгіде көктен түскен «Інжілдің» орнын сансыз көп «ізгі хабарлар» толтырған. Інжіл­танушылардың зерттеуі бойынша мұндай танылмаған «ізгі хабарлардың» саны жетпістен асып жығылады екен. Ресми шіркеу «ай­қыштың төрт бағыты» дегенге сайып, солар­дың төртеуін ғана таныған. Ғайса пайғам­барды отыз күміс сөлкебайға сататын Иуда­ның да өз «Ізгі хабары» бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын табылған Фоманың «ізгі хабары» да батысты дүр сілкіндірді. Христиан дінба­сылары мәсіх қауымын сергелдеңге түсірген әлгі «хабарларды» сұрыптап, төртеуінен «Інжіл­дің» канондық нұсқасын түзіп, өзге «хабарларды» түбі шикі — апокриф деп ысы­рып тастайды. Біз әңгіме қылып отырған Жоханның жазған кітабы — танылған төртеудің соңғысы.

Сонда қалай болғаны? Құдіреті күшті он сегіз мың ғаламды жаратпас бұрын әуелі Сөзді түсірген бе? «Інжіл» бойынша дәл солай болып шығады.

Сену үшін сана сарсаңға, ой азапқа түседі. Ал егер басқа шапшыған ыстық қанды суық ақылға жеңдіріп, киелі сөздің түп-төркініне сабырмен үңілер болсаңыз, оның құпиясына біртіндеп көз жеткізе бастайсыз.

Шыр етіп дүниеге келген сәбиге ат қо­йылатыны сияқты Ұлы Жаратушы жанды, жансызды дүниеге әкелер алдында ат қойып, айдар тағуға тиіс емес пе? Ал соны сөзбен сипаттамағанда немен белгілеуі керек?! Ендеше, әуелі Сөз түспегенде, не түсуі тиіс?! Тіпті адамзат атаулыға жан берген, тіл берген Құ­дай­дың құдай екендігін ұғындыратын құдіреттің өзі Сөз емес пе?!

Иә, дүние Сөзден тұрады, ал Сөз — Ұлы Жаратушының өзімен келген құдірет. Бізді қоршаған орта, жанды, жансыз табиғат бәрі Сөзден құралады. Біз он сегіз мың ғаламды, оның барша сыры мен сипатын Сөзбен танып, Сөзбен таңбалаймыз. Тіпті адамзат әлі ашпаған құбылыстардың құпиясы да Сөзбен жасырылған. Бастағы ой, қолдағы қалам, алдыңдағы қағаз, дәл қазір сіз оқып отырған газет, кітап, тіпті ғаламтордың да сөзбен бейнеленген өз атауы бар. Олардың әр тілде түрліше таңбаланып, алуан атауды иеленгенімен, түп төркіні бір.

Егер Сөз құдірет болса, ең құдіретті өнер «сөз өнері» болмағанда, не болуы мүмкін. «Шахнамедегі» қайсыбірі қиял­дан, қайсыбірі өмірден алынған сансыз көп патшаларды еске түсіріңізші. Солардың атын, бүгінде өзгені қойып, өз жұр­тындағылардың біреуі білсе, біреуі білмейді. Ал сөз өнерінің қуатымен өлмес туындыны дүниеге әкелген Фирдоусидің даңқы әлдеқашан әлемді шарлап кеткен. Жаһан­дағы ең үлкен құдіреттің «байлық» та, «билік» те емес, «сөз», «сөз өнері» екендігіне бұдан артық мысал келтірудің қажеті жоқ болар.

Сөздің өнер екендігін адамзат дамуының әр кезеңінде ба­тыс пен шығыстың Аристотель мен Абайға дейінгі талай да­ныш­пандары айтқан, бірақ «сөз өнері» деген саф алтындай сом атауды қазақ топырағында тудырған Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынов болатын. Ахаң­ның атын қойып, шығармасын да атауға тыйым салған кезеңде бұл терминді қазақ әдебиетінде жаңа заманға сай жаңа мазмұн беріп түрленткен шебер Зейнолла Қабдолов еді. Ендеше, бүгінгі әңгіме сөз өнерінің академигі, ардақты Зекең жайында болмақ.

Зекең туралы жазам дегелі қашан. Үйдегі, түздегі, жиын­дағы, тойдағы, сансыз көп кездесулердегі қойылған сауалдардан өзі туралы бірдеңе жазғым келетінін шебердің іші сезсе де ешқашан сыр білдірген емес. Мен де асыл ағаның көзі тірісінде-ақ үзік-үзік ойлар ретінде қағазға түсе бастаған жазбалардың ше­бердің өзі айтатын «бүтін бітімге» айналуын күтіп, оқиғаны асықтыруды жөн көрмедім.

Басқалардың қалай жазатынын қайдам, менде әуелі тақырып туады.

«Шебер» сөзінің қазақ тілінде дәл қанша мағынасы барын білмеймін, бірақ ең әуелі ойыма әр қазақтың қиналған, қысылған, там­санған, таңырқаған кезде айтатын «о, шебер құдай» деген тіркесі оралады. Әрине, жалба­рынған адамның аузына алдымен Жаратушының түсуі әбден заңды-ақ. «Құдайы» — түсінікті ғой, ал «шебер» қайдан шыққан? Алла тағаланың Қасиетті Құрандағы 99 сипатының ішінде «шебер» деген эпитет жоқ, бірақ қазақ айтқан және келістіріп айтқан.

Шындығында он сегіз мың ғаламдағы жанды мен жансыз атаулыны қиыннан қиыстырып жаратқан Құдіретті «шебер» демегенде не дерсіз. Ендеше, Жаратушымен бірге жаралған Сөз өнерін ұстанған ұстазды, өзім көрген, білген, қазақта қара сөзден алдына жан салмаған хас талантты «шебер» демегенде не дейін.

Ширек ғасыр бойы нұрлы жүзін көріп, сәулелі сөзін естіп, шуағына жылынып өскен­діктен бе, білмеймін, жазуға оқталсам болды, шебердің мейірбан жүзі көз алдыма келіп, «ой, айналайын-ай» деген майдақоңыр даусы құла­ғыма жеткендей болады.

Біз университетке өткен ғасырдың 77-жылы түстік. Сан атаулының сансыз көп мағынасына шырмауықша шырмалатындардың қатарынан болмасам да, осы бір алшысынан түскен қос жетіде ерекше бір кие бар сияқты көрінеді де тұрады.

Бұл Өмірбек Арыстан­ұлы басқарған Қазақ уни­верситетінің дәуірлеп тұр­ған кезі еді. Қазақ­тың бас университетінің дәрісхана­лары мен дәліздерінде жиі ұшырасатын маңдайы кере­қарыс небір данышпан­дар­дың арасынан шебер дара­ланып тұратын. Өйт­кені ол Алаштың бас кі­табын жаз­ған, қазақтың ке­меңгер жазушысы Мұхтар Әуезов­тің өзіне «іні-дос» бол­ған, «ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі» еді, егер бұған ұлы Мұхаң­ның шәкіртімен «бірге жү­ріп, өзара бірге еңбектенуді» шынайы тілегенін қосар болсаңыз, шебердің бейнесі көз ал­дыңызда әп-сәтте-ақ биіктеп, Алатаудың шырқау шыңдарынан бір-ақ шығады.

Зекең қазақ жерінің небір қатпарлы, қыр­тысты қиыры — Ойыл-Қиыл, Жем-Сағыз, Еділ-­Жайық өңірінде, кешегі Қазтуған, Шалкиіз, Дос­пам­беттен тартып, Махамбетке дейінгі қазақ поэзия­сының бар құдіретін сол күйінде сақтаған салқар өлкеде туып өсті.

Әкесі Қабдол әдемі, қо­ңыр даусымен әуе­летіп ән сал­ған, күмбірлете күй төк­кен, таңды таңға қосып, қис­са-дастан­дарды жатқа айт­қан әсем өнер иесі болыпты. Тіпті Атырау атырабына есімі белгілі атақты Науша серінің жанына еріп, тағылым-тәлімін алыпты. Осының бәрі бала Зейнолланың жүрегіне өнердің шырағын жағып, қиялына қанат бітіреді.

Орайы келгенде айта кеткен жөн, ол әкесін ерекше жақсы көрген. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп, Қабекеңнің дүние сал­ғанын естігенде, есінен танып қалыпты. Кейін ол әкесіне деген бар махаббатын тұңғыш ро­манының бас кейіпкері Тайманның әкесі Дәу­ренге төгіп, қазақ әдебиетінде ұрпағының жолында жанын құрбан етуге әзір мейірбан, қамқор әкенің тамаша образын сомдап шығады.

Құлақта қалған ән, көкейде жатталған күй бала Зейнолланы өлең өлкесіне алып келді. Оның тырнақалды туындысы 7-сыныпта оқып жүр­генде-ақ аудандық газетке шығып, шәкірт күнінен бала ақын атанады. Көпшіліктің наза­рына ілінген ол жергілікті ақындар айтысына да қатысып, үлкен поэтикалық жанр­ды игеруге де батыл қадам басады. Көкқанат талаптың ал­ғашқы поэмала­рының фрагменттері ол мектепте оқып жүргенде аудандық газетке басылады. Бір қызығы, қазақтың арқалы ақыны Хамит Ер­ғалиев Жамбылға бата берген Сү­йін­байдай оқушы Зейноллаға бір қыс ұстаздық етіп, оның балауса талантын ұштайды. Кейін университетке түскенде, өлеңдері да­уылпаз ақын Қасым Аманжо­ловтың өзінен мақтауға ие болып, «Пионер Мұрат» атты поэмасы арнайы жүлде алады. Көп ұзамай таңдаулы өлеңдері топтама жинақ­қа кіріп, тіпті Әбілахат Еспаевтың музы­касына жазған «Жайық қызы» әні респуб­ликалық ра­дио­ның эфирінен түспей, бүкіл қазақ даласын шарлап, сол заман жастарының сүйікті әніне айналады. Осылайша ғалымдығымен қатар ақын ретінде республи­калық дәрежеде таныла бастаған жас Зейноллаға: «Сен енді өлең жазуды қой», — деп қатал үкім айтқан да сол Хамаң болып­ты. Дәл сол оқиғадан кейін ол өлең жазуды біржолата доғарса да, нәзік лиризм мен поэтикалық ағыл-тегіл талант оның прозасы мен ғылыми шығармаларының ажырамас алтын тініне айналып сала береді.

Қырқыншы, елуінші жылдардағы қазақ жастарында дала кезіп, кен қазып, халқын қисапсыз мол қазынаға кенелтсем деген романтика басым болды. Оған 1946 жылы Ұлттық Ғылым академиясының ашылуы және өз қолымен оның іргесін қалап, Одақ мойындаған әйгілі ғылым ордасына айналдырған қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың таңғажайып еңбегі себепкер болды десек, шын­дықтың ауылынан шығандай қоймаспыз. Ендігі жерде қазақ жастары бұрын өздеріне таңсықтау болып келген кенші, инженер мамандықтарын игере бастайды. Солардың алғашқы лебінде қазақ жерінің қос қиырынан келген екі дос, кейін ел таныған қос академик Евней Бөкетов пен Зейнолла Қабдоловтар болды. Зекең бірінші семестрден соң ұлттық университетке ауысып, біржолата ұлы Мұхаңның шеберханасына өтеді.

Зекеңнің университетке ауысуы «Менің Әуезовімде» өте әдемі бейнеленген. Автордың өзі өмір бойы «атамның атынан кейінгі ыстық атау» деп ерекше құрметтеп өткен университет — академиктің өзі және оның көптеген кейіпкер­лерінің басынан өткен бар оқиғалар тоғысатын басты арена. Егер шебердің өмір бойы жазып өткен басты шығармасының бас кейіпкері Әуезов болса, қосалқы кейіпкері — университет.

Оның шығармаларында университет — төрт қабырғадан тұратын кәдімгі ғимарат емес, үнемі қимыл-қозғалыс, қақтығыс-серпіліс үстіндегі, тіпті адамдардың қуаныш-реніш, қайғы-мұңына ортақтасып, үнемі қолдап, қорғап отыратын, шебердің өз тілімен айтар болсақ, «жер бетіндегі ең қастерлі орын».

«Адамдар зердесінде ұшқын атып, жалын шашып, мәңгі-бақи маздап тұрған» университет Зекең үшін әуелгіде есею мектебі болса, кейін бүкіл өмірінің мән-мағынасына айналады.

Университет шеберді әдебиет әлеміне әкелді. Алғашқы өлең, поэмалары, тіпті «Серт» атты әңгімесіне дейін республикалық басылымдарда жарияланып үлгерген жас қаламгер небәрі 20 жасында Жазушылар одағына мүшелікке қабыл­данады. Бұл сол кезең үшін аса үлкен жетістік, ерекше мәртебе болатын. Араға сегіз жыл са­лып, әуелі «Өмір ұшқыны» повесі, кейін «Жалын» романы жарық көрді. Аз ғана уақыт өткенде «Біз жанбасақ» атты қос романнан тұратын дилогияға айналған осы туынды жазушы З.Қабдоловтың суреткерлік талантын әдеби ортаға сөзсіз мойын­датқан кесек туынды ретінде танылды.

Ұлы Мұхаңның тәлім-тәрбиесін көріп қана қоймай, оны сұлу мінез, сұлу өнерімен тәнті етіп үлгерген жас жазушы қазақтың аса биік талғамды зиялы азаматы Ілияс Омаровтың сөзімен айтқанда, «әдебиет есігін үлкен әдеппен, ұяң мінезбен, жұмсақ лебізбен ашты».

Бұл қос роман әлденеше рет басылып, орыс, тіпті шетел тілдеріне аударылып, әдебиетсүйер қауым мен әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан өз бағасын, бағасын ғана емес, тіпті Одақтың сол кездегі мәртебелі сыйлығын да алып үлгергендіктен, оны талдау біздің мақсатымызға жатпайды. Дегенмен шебердің неге осы тақы­рыпты таңдағанына тоқтала кеткен жөн сияқты.

Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде Зекеңнің әкесі дүние салады. Өзі өмір бойы мұнайшылықты кәсіп етіп қана қоймай, ұлының да осы кәсіпті таңдауына ықпал еткен аяулы әкенің бейнесі жас жазушының күндіз-түні есінен шықпайды. Әу баста өзі таңдаған кәсіпті мансұқ еткені бар, ұлының мұнайшы болғанын көрсем деп армандаған әке аманатын аттағаны тағы бар — жазушының жан дүниесі алай-түлей күйге түседі. Осы екіұдай хал нәзік жаратылысты жазушыны сырттай романтикасы басым көрінсе де илеуі де, игеруі де қиын мұнайшылар тақырыбына алып келеді.

Өзі мұнайшы отбасында туып, еңбек жо­лын мұнайшылықтан бастаған, тіпті осы кәсіп мамандығын дайындайтын жоғары оқу орнында бір қыс оқыған Зейнолла бұл тақырыпты аттап өте алмайды. Оның үстіне қазақ прозасында Қабдоловқа дейін мұнай­шылар өміріне қалам тартқан жазушы болған емес. Содан болар, ол әуелі «Өмір ұшқыны» атты шағын повеспен тақырыпқа барлау жасап, алғашқы қадамы сәтті болған соң оны «Ұшқын» атты күрделі романға айналдырады. Жоталы романды әдеби қауым жамырай мақтап, автордан оның жалғасын күткен кезде жазушы «Жалынды» дүниеге әкеледі.

Мұның дәлелі — «Ұшқындағы» жазушы­ның бар қаламгерлік қуатын төгіп, ерекше шабыт, шын пейіл, мол мейірмен суреттелген қамқор әке Дәуреннің прототипі — шебердің өз әкесі Қабдол екендігі. Жазушы өмірінен хабардар оқырманға бұл бірден аңғарылып тұрады.

Жілікті шығармаларын былай қойғанда, қарапайым мақаласының өзі арнасынан асып-тасып, шалқып-төгіліп жататын жазушының талантқа да, танылуға да тарлық ететін жұ­мысшы тақырыбына келуі кезінде өзін мұнай­шы кәсібіне баулып, бастаған ісін алға апарар деп үміт еткен әкесіне сом шығармамен ескерткіш соғудан туындады деп нық сеніммен айтуымыздың сыры осында болса керек.

Қос роман әдебиетте жақсы бағаланып, зиялы қайраткер І.Омаров, талғампаз талант иесі Ғ. Мүсірепов, білімпаз сыншы М. Қара­таев бастаған уәлі ауыздар оң бағасын берді.

Зекең ұлы Мұхаң үлгісімен жұрт мақтаған романды драматургия тіліне көшіріп, алға­шында «Қабеннің құбылыстары» (атының өзі Мұхаңның «Қасеннің құбылыстарын» еске түсіріп тұрған жоқ па) деген атпен кітаби нұсқасын жазып, ол сахнаға қойылар кезде артық сөз, әрекетсіз кейіпкерлерден арылтып, «Сөнбейтін от» атты тегеурінді драмалық шығармаға айналдырады.

1967 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында С.Қожамқұлов, Н.Жантөрин,   Ы.Но­­ғайбаев, М.Сүртібаев, Ш.Мусин, К.Қар­мы­сов, З.Шәріпова, Е.Жайсаңбаев сияқты қазақ театр өнері тарландарының қатысуымен зор табыспен сахналанған бұл драма Зекеңнің драматургия жанрындағы бәсі де ерекше екендігін танытты.

«Біз жанбасақ» бірнеше тілге аударылып, алды тіпті алыс шетелдерде басылып, «Сөн­бейтін от» академиялық театр сахна­сында маздап жанғаннан кейін Зекең өзін жылымдай тартып бара жатқан мұнайшылар тақыры­бынан, тіпті көркем проза мен драматургиядан алшақтап, басы бүтін ғылымға ден қояды.

Университет бітірген соң бес жыл бойы қанатының астына алып келген ұлы Мұхаң Зейнолланы өзі дәріс беретін кафедраға оқытушылыққа алдырып, ұстаздыққа баули бастайды. Өзі қолтығынан демеп, шәкіртіне «әдебиет теориясы», «әдебиеттану» пәндеріне түрен түсіртеді.

Ұстазбен бірге еңбектену бақыты тым ұзаққа бармады. 1953 жылдың сәуір айында Әуезовтің басына екінші мәрте қамауға алыну қаупі төніп, ол жасырын түрде Мәскеуге аттануға мәжбүр болады. Әуезовті әке тұтып, өзі айтқандай, «өлердей» жақсы көрген Зейноллаға университет қаңырап қалғандай әсер етеді. Осы кезде талантты жасты қазақ зиялылары комсомолдық қызмет­ке, қызмет болғанда республикалық дәреже­дегі жауапты қызметке тартады.

Ары қарай адам айтса нанғысыз бұл оқиға былайша өрбиді.

Республика жастарының сол кездегі бас­шы­сы Сағындық Кенжебаев Зейнол­ланың кандидатурасын алдын ала Қазақстан ком­партиясы орталық комитетімен келісіп, оны жауапты қызметке ұсынған кепілдеме-ұсы­нысты Зекеңнің өз қолына ұстатып, Мәскеуге аттандырады. Көтеріңкі көңілмен вокзалға келген ашық ауыз жас әлдебір «ардагердің»: «Мына бір хатты Одақтық комсомол хатшысы Степановқа тапсыра салшы» деген ұсынысын жерге тастамай, оны өзі әңгімелесуге келген адамның қолына ұс­татады. Конвертте кезінде М.Әуезовтің соңына шам алып түскен Нұр­шин деген сұмы­райдың Зейнолланы «Кеңес­тердің қашанғы қас дұшпаны, ұлтшыл, ала­шордашыл М.Әуезовтің құйыршығы. Мұн­дайды комсомол­дағы жауапты қызметке қою большевизмнің болашағына балта шабумен бірдей» деген сыңайдағы сандырағы жазылған болып шығады. Қашанда көңілі қағаздай ап­пақ Зекең өзін осылай «жерден алып, жерге салған» қаралау хатты Одақтық комсомол хат­шысының қолына осылайша тапсырған екен.

Комсомолға ұсынған кандидатурасы оңбай сүрінген аңғал жасқа елдегі ағалары тағы да қамқор көңілмен қол созып, оған «Әдебиет және искусство» жур­налының бас редактор­лығын ұсынады.

Зекең келе сала шалажансар журналдың тамырына қан жүгіртіп, жан бітіреді. Ақын­жанды бас редактор журналдың атын «Жұл­дыз» деп жайнатып қана қоймай, мазмұнын да жарқырата өзгертіп, оны жылымық кезеңнің шуағына сенген жас таланттардың батыл ойлы әдеби трибунасына айналдырады.

Көп ұзамай басына төнген пәле-жаланың бәрінен арылып, ұлы Мұхаң да бүкіл атақ-даңқымен елге оралады. Ұстаз үшін ең бір жемісті де жеңісті күндер басталады.

Мұхаң жас буынның талантты, талапты өкілі ретінде Зекеңді ерекше жақсы көрді. Өмірінің әр кезеңінде бауырына басып, қана­тының астына алып, ағалық, ұстаздық қамқор­лығын аямады. Аса зор даңқпен елге оралған ұлы Мұхаңның демеуімен 30-ға толар-толмас жастағы Зейнолла Орталық партия комите­тінің сектор меңгерушісі қызметіне жоғары­ла­тылады. Билік атаулы партияның қолында бол­ған сол заман үшін бұл аса үлкен лауазым еді.

Қатаң қағидаға негізделген қасаң ортада екі жылға жетер-жетпес қызмет атқарған Зекең бұдан кейін тағы бір жарым жылдай «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған соң біржолата туған университетіне қайтып оралады. Оның бұдан кейінгі бүкіл өмірі осы бір киелі шаңырақта өтті және бұл шебер үшін өмірінің ең бір бақытты жылдары болды. Ендігі жерде университет тақырыбы оның мәңгілік мақтан-жырына айналды және ол кезеңдегі ғажап өмірі жайлы Зекең «Менің Әуезовімде» мөлдірете жазды.

Егер мұнайшылар тақырыбы қаламгер Қабдоловтың алуан жанрда жеріне жеткізе жазып, кейін мүлде қайтып оралмаған тақы­рыбы болса, «Әуезовті» ол өмір бойы жазып өтті.

Зекеңнің бұл тақырыпқа келуінің өз қызық.

Мұхаңның дүние салғанына екі жыл өткенде Зекең Шыңғыс Айтматовпен Алматы­ның іргесіндегі шипажайлардың бірінде демалады. Бір-бірін бұрыннан білетін екі дос үнемі әңгіме-дүкен, сыр-сұхбат құрып, өзара пікірлесіп жүреді. Осындай кештердің бірінде Шыңғыс оған институтта оқыған досының басынан өткен әсерлі әңгімені айтып береді. Жақсылық жасауға келгенде жанып түсетін Зекең оған: «Сен мұны жазуың керек», деп соңынан қалмайды. Тіпті дастарқанға отырған сайын: «Қызыл алма қайда?» деп мазасын ала бастайды. Ақыры Шықаң сол демалыс үйінде «Қызыл алманы» жарқырата жазып және оны досы Зейнолла Қабдоловқа арнайды. Орысша жазылған бал шырынды әңгімені Зекең табан астында келістіре қазақшаға аударып, «Жұл­дызда» жариялайды.

Дәл осы жолы Зекеңнің ұлы ұстазы туралы қанша айтса да сүйіспеншілікке, інілік ізетке, шәкірттік адал пейілге толы үлбіреген әңгіме­леріне тәнті болған қырғыз классигі оған Әуезов туралы міндетті түрде жазу керектігін қиыла өтінеді.

Шықаңмен болған осы бір шын көңілді сыр­ласудан кейін Әуезов әлемі Қабдолов шығар­машылығының өзегіне айналып шыға келеді.

Әрине, Шебер өзіне өмір бойы азық болар тақырыпқа Мұхаңның көзі тірісінде-ақ келген. Әуелі ұлы жазушы қаламынан орыс тілінде туған үлкенді-кішілі мақала, баяндамаларды тігісін жатқыза қазақшалаған және оның бұл еңбегіне Мұхаң өте жоғары баға берген. Мұхаңның жетекшілігімен Абайдың лирика­сын зерттеу объектісі етіп алған. Тіпті ұста­зының көз алдында 1957 жылы «Абай» эпо­пея­сы туралы терең мазмұнды баяндама да жасаған (оның кітаби нұсқасы «Менің Әуезовімнің» соңында «Тасқа тіл бітірген» деген шағын мақала күйінде берілген). Сон­дықтан Зекеңді Мұхтар Әуезов тақырыбына жетектеп әкелген Шыңғыс Айтматов еді деген ұшқары ұйғарым жасаудан аулақпыз. Дегенмен, Әуезов тақырыбын ғылыми жағынан зерделеп қоймай, әдеби-көркем әдіспен зерлеуді ұсынған Айтматов екені анық. Соның алғашқы қарлығашы ретінде Зекеңнің «Ғұ­лама» атты естелік тұрпатты алғашқы эссесі 1967 жылы жарық көрді. Кейін «Менің Әуезовімнің» өзегіне өрілген өзге туын­дылары дәл осындай тілдік, стильдік сипатта әр жылдары жарық көре бастады.

Сонымен, «Менің Әуезовім» қандай кітап? Өзі әдебиет теориясының академигі саналатын автор кітап жанрын роман-эссе деп айқындаған. Болашақта жанрға байланысты пікірталас туындайтынын алдын ала бажай­лаған автор оған эпиграф ретінде Бальзак, Байрон, Гюго, Жорж Санд, Тургенев және әкелі-балалы Дюмалар туралы тамаша өмір­баяндар, тұтас романдар сериясын туғызған әйгілі француз жазушысы Андре Моруаның «Этот жанр — гибрид. В этом романе нет ни строгости, ни… Впрочем он и не претендует на это, его характерная черта — интеллектуальная игра ума», — деген сөздерін алған. Осы эпиграфтың өзінде көп ишара бар.

«Менің Әуезовім» — көркем ойдың жемісінен туған көп романдардың бірі емес, өмірдің өзінен, тіпті өзегінен алынған келісті туынды.

«Менің Әуезовім» — романға қойылатын қатаң талаппен шектеуге болмайтын шығарма. Мұнда Моруа айтқандай естелік, эссе, әңгіме, очерк, рецензия, мақалаға дейін мидай ара­ласып кеткен. Дәл осындай жанрлық жігін анықтау қиынға соғатын «Стамбул: естеліктер мен шаһар» атты шығармасы үшін түрік жазушысы Орхан Памук Нобель сыйлығын алды.

Кітаптың жанры туралы ой жүгірткенде оның авторы маған боз далада жер танабын қуыра шапқан теңбілкөктің үстіндегі кәнігі көкпаршыны елестетеді. Оған оңы мен солы бірдей. Оңайлықпен ешкімге жеткізбейді, ал жете қалған жан болса көк серкені бұлт еткізіп, біресе оң жағына, біресе сол жағына ойнатып, ойына келгенін істейді. Анталаған әлеуметтің дегбірін алып, қуып жеткеннің дедігін басу үшін шыққан құдды бір құйын дерсіз. «Маған қылар қандай дәрменің бар» дегендей, ойға түссең ойран салып, қырға салсаң қырқаға шығып, төмендегі тобырға тәкап­парлана қарайды да тұрады. Бар жанрды теориялық тұрғыдан да, творчестволық жағы­нан да терең меңгерген Қабдоловтай кемел талант иесі роман-эсседе ғылыми ой-санамен ұштасатын көркем прозаның үлкенді-кішілі бар жанрының мүмкіндігін шебер пайдала­нып, қиыннан қиыстырып жол тапқан.

Сан жүлгеден басталып, алуан жылғадан жиналған «Менің Әуезовім» шебердің өзі ғана тапқан, қай оқырманға болмасын ерекше шуақ сыйлайтын жылы ағыста тоғысып, ортақ тақырыпта табысады. Ол қандай тақырып? Енді осыған келейік.

Ол — махаббат тақырыбы. Иә, еш таңдан­бай-ақ қойыңыз. «Менің Әуезовімнің» басты та­қырыбы — махаббат. Махаббат болғанда, әде­биеттегі екі шығарманың бірі арналған әшейін «күйдім-жандымға» құрылған махаббат емес, шәкірттің ұстазға деген ең ізгі, ең іңкәр көңілден туған тұмадай тұнық махаббаты.

Ашылып, сырласқан күндердің бірінде: «Мұхаңды ерекше жақсы көресің-ау, сен», — дейді Шыңғыс. «Өлердей», — деп жауап қатады шебер. Осы бір жалғыз ауыз сөзде қаншама терең, таза махаббат жатыр. Бұл — ұстазын бүкіл жан-дүниесімен шын беріле, үздіге жақсы көрген шәкірттің шынайы махаббаты.

Иә, ұстаз туралы шығарма да қазақ әдебие­тінде аз емес. Бірақ соның қай-қайсысында болмасын, ұстаз бен шәкірттің, автор мен кейіпкердің арасында көзге де, көңілге де бірден түсетін арақашықтық бар. Шебердің қолынан шыққан туындыда осы екеуі бірігіп, тұтастанып кеткен. Тіпті ара жігі де білінбейді. Оны «Менің Әуезовім» деген кітаптың аты ұстап тұр. «Құлыным менің» деп бөбегін бауырына басқан ананың құшағынан нәрес­тесін ала алмайтының сияқты, «менің» деп үздіккен шәкіртті кемең­гердің кең құшағынан алу да мүмкін емес. Демек, «Менің Әуезовім» — махаббатқа тұн­дырылған туынды.

Байқайсыз ба, кітапта ұштасқан үш ұғым: ұстаз, университет, шәкірт шебердің өзі тудыр­ған «бүтін бітімге» айналып кеткен.

Әрине, романдағы басты кейіпкер — Әуезов. Шебердің қолынан шыққан кемеңгер образының монументальдығы соншалық, оның бейнесі құдды бір тау тасынан қашалған алып ескерткіш сияқты болып шыққан. Өмірінің әр кезеңінде балағынан алған, етектен тартқан, балтырын қапқан, шаужайына жармасқан, тіпті жағасынан алған сәмсүгір, қарабұжыр, шикіл­сарылардың тышқан-тірліктеріне даныш­панның аспанмен таласқан алып бейнесі кешіріммен қарайтын сияқты.

«Менің Әуезовім» — алуан түрлі адамдардың ғажайып портреттер галереясы. Ойдан шыға­рыл­ған біреуі жоқ. Өмірде болған, кейбірі әлі күнге дейін ортамызда жүрген кейіпкерлер.

Мен Зекеңмен талай мәрте ұстаз бен шәкірт, аға мен інідей ақтарыла әңгімелесу бақытына ие болған жанмын. «Менің Әуезовімді» де қолжазбасынан оқыдым. Шеберден суыртпақтап сыр тартқан көп сұхбаттардан ұққаным: автор солардың бірсыпырасының аты-жөнін әдейі өзгерткен. Қашанда сыпайы Зекең кейбірін әдеп сақтау үшін, енді бірін даралау, мінездеу, мүсіндеу, жинақтау, типтеу үшін, бір сөзбен айтқанда, көркем проза критерийіне жақындату үшін жасаған. Көзі тірісінде талай басылым­дарға сан сұхбат берген шебер солардың бірде-бірінің нақты түрде атын атап, түсін түстеген емес. «Айтпаса сөздің де атасы өлетіндіктен», сол шындықтың бетін ашуға талпыныс жасап көрейік: Бекет Бекетов — Евней Бөкетов, Мерген — Сафуан Шаймерденов, Есенбек — Тұрсынбек Кәкішев, Белгілі Бекей — Белгібай Шалабаев, Дүйсен Байкенжин — Бейсенбай Кенжебаев, Шой Ғалиев — Ханғали Сүйінішәлиев, Дос Тәкі­мов — Ысқақ Дүйсенбаев, Мәкен Айсина — Мәс­кен Сармурзина, Қарабұжыр — Нұрымбек Жанділдин, Сәмсүгір Сұршин — Нұршин.

Бұған қарап романда Әуезов замандас­тарының бәрінің аты-жөні өзгеріп түскен екен деген ұғым қалыптаспауы керек. Ұлы жазу­шының өскен, өнген ортасы, жақын-жуығы тү­гелдей өз жөнімен, өз атымен шығарма төрінен орын алған. Даралауды да, қаралауды қажет етпейтін С.Мұқанов, М.Ғабдуллин сияқты кейіпкерлер де өз атымен аталады.

Шебер салған портреттер қандай десеңші.

Көрейік. Сіз де назар салыңыз.

«Маған бұрылған сәтте байқап қалам, ат жақты, ашаң бетінің бар көзге түсер жерін мұ­рын басып қалған шоқыбел ұзын мұрын қабақтан төмен оқтаудай салбырай бере қақ орта­сынан күрт сынған да жебедей сүйір ұшы­мен үстіңгі ерінді үстінен орап барып ауызға шөккен. Сонда шынында да бетінің бәрі мұрын секілденіп кетеді. Мұның есесіне беттен көзге тиген орын тым тапшы: пышақ сыртындай ғана жыртықтан сығырая жылтыраған кішкене көз ісінген үлкен мұрынға жараспайды, беттің шыр­қын быт-шыт бұзып тұр. Бірақ осы көздің «сұ­луынан жылуы» көп, ұяң, бұйығы, момын; жанарынан нұры да жұмсақ, жұбау, кірпігін жабырқау мұңмен кіреукелеп, кісіге біртүрлі елбіреп, есіркей қарайды».

Бұл — қазақтың ардақты жазушысы Сафуан Шаймерденовтің студент күнгі суреті.

«Қарасұр жігіт бір көрмеге әп-әдемі, қыр мұрын, атжақты, ашаң. Көзінің шарасында ақыл мен ашу оты аралас жанады. «Ашусыз — ақыл тұл» деген бар, асылы, ақыл оты маздаған жерде ашу шоғы қосыла қоздаса, сол — абзал! Жалғыз-ақ, осы жігіттің осынау әп-әсем кескін-кейпінде «осы қалай» бір жер бар: неге екенін, неден екенін кім білген, көзінің асты көне сырнайдай жиырылып жатқан қыртыс-қыртыс әжім. Әжім­нің қалыңдығы сондай, күзгі таң атып, күн шыққанда шөп басын шиырлай шырмай жүзіп жүретін шұбалаң мизам секілді көз маңын түгел айғыздағанмен тұрмай үстіне шығып, кірпікке ілініп, көздің қарашығын шы­ра­сымен қоса жасырып, жым-жылас қымтап тастайды екен».

Бұл — бүгінгі академик Тұрсынбек Кәкішевтің жігіт күнгі келбеті.

«Шатын айыра төмен салбыраған бір құшақ қанар-қарнын айтпағанда, тіпті бүйір-бүйірдің өзі піл сауырланып беларқаға қарай аунай айналып кеткен. «Бетте де кем дегенде бір-бір килодан ет бар-ау», деп ойладым. Шықшытты, салпы ерін; иек дегеніңіз жақпен жіксіз жалғасқан бұғаққа кіріп жоқ болған; ал мұрын қос жұдырықтай түйілген екі беттің ортасына қыстырылып қалған да, семіздіктен жұмылып кеткен көз орнында көзілдіріктің қос шынысы ғана жылтырап тұр. Көзілдіріктің сабы самайды жүлгелей жаншып барып сол арада қылтиған бір шеміршекке әрең ілінген. Сол шеміршек, сірә, құлақтың шеті болуға тиіс».

Бұл — белгілі фольклор зерттеушісі, академик Ысқақ Дүйсенбаевтың шын шебердің қолынан шыққан қайталан­бас келбеті.

Егер сіз осының бәріне бас кейіп­кердің көкала бұлт секілді көк мамық шашы, сызатсыз, қылау­сыз, шылаусыз даң­ғайыр маңдайы, қарасынан гөрі ағы басым көзі, жылт-жылт ұшқын шашқан қиығы, кермиық, кербез пішіні, кең иық, көтеріңкі кеудесі, толық денесін ауыр қозғаған, ырғала басқан жүрісі, тіпті орындыққа отырып, тізе бүгісіне дейін бар болмысымен өзінше айтқанда «кеудесіндегі күллі дірілінің түйсінісімен» жазылған Қабдолов қаламынан ұлы Ұстаздың ешкімге ұқсамайтын ғажайып портретін қосар болсаңыз, «Менің Әуезовім» романы сөзбен сомдалған «қайта­ланбас портреттер галереясы» болып шығады.

«Менің Әуезовім», әрине, заман туралы роман. Қиялдан туған қайдағы бір коммунистік мұрат үшін әке балаға жауығып, бала баба­сынан безінген, ақи­қатты ай­туды былай қойып, іздеуге тыйым салын­ған, бі­рінің бірі ая­ғынан ша­лып, жаға­сынан ал­ған сұр зама­нның сұр­ғылт бейнесі де асқан суреткерлікпен бейнеленген роман.

Зекең «Менің Әуез­овімді» ұзақ жазды. Өзіне тән ұқыптылық­пен сан рет түзеп, күзеп, әрлеп, әдемілеп жазды. Арагідік рес­пуб­ликалық баспа­сөз­де үзінділері жа­рия­ланып, оны шығар­ма­ның жазылып жат­қа­нынан хабардар қа­уым іздеп жүріп оқы­ды. Әдеби, ғылыми жұрт­шылық өте жоға­ры ба­ғалап, роман-эссе Қа­зақ елінің ең мәрте­белі марапаты — Мемлекеттік сыйлыққа ие бол­ды. Мұның бәрі ше­бердің мерейін өсі­ріп, Зекең роман­ның екінші кітабын жазуға отырды. Тағдыр оған бұл кі­тапты аяқтауды бұйыр­мапты. Соның өзінде «Менің Әуезо­вім» Мұх­тар Әуезов туралы терең тебіреніспен жа­зылған үздік ту­ынды ретінде ұлт әде­биетінің төрінен ойып тұрып орын алды.

Шебер өмірінің ба­сым бөлігін, өзінің екін­ші үйі болған ұлт­тық университетте өт­кізді. Ұстаздық атты ұлы кәсіпті ұстана жүріп, «Сөз өнері» атты өлең тілімен жа­зылған өміршең оқу­лық­ты дүниеге әкелді.

Егер «Менің Әуезовім» шебердің қалам­герлік қарымын танытқан кітап болса, «Сөз өнері» Қабдоловтың ұстыны мықты ұстаздығын айқын­даған туынды болды.

Жас ұстаз Зейнолла Қабдолов 1961 жылы алғаш рет студенттер мен аспиранттарға арнал­ған «Әдебиеттану» бағдарламасын жасайды. Арада тоғыз жыл өткенде осы бағдарлама бойынша оқылған дәрістері негізінде «Әдебиет теориясының негіздері» деген атпен жаңа оқулық шығарады. Дәл осы оқулық 1976 жылы түбірімен өңделіп, толықтырылып, «Сөз өнері» деген атпен жарық көрді және ол ұстаздың көзі тірісінде әлденеше рет басылып, қазақ филологтарының бірнеше буынын тәрбиелеген әдебиет теориясының бас оқулығына айналды.

Әрине, әдебиет туралы оқулық қазақ әдебиетінде Қабдоловқа дейін де болған. Оның төл басында Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» тұр. Бұдан кейін Қажым Жұма­лиевтің «Әдебиет теориясы» (1938) мен Есма­ғамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының негіздері» (1940) кітаптары жарық көрді. Өзіне дейінгі қазақ әдебиеттану ғылымында жинақ­талған бар тәжірибені түп-тамырымен жүйе­леген «Сөз өнерінің» алғашқы басылымында Ахаң туралы бір ауыз сөз болған жоқ. Кезінде осыны сан-саққа жүгіртушілер де болды. Оның ақиқатын Зекеңнің өзі-ақ айтты.

Ол 1995 жылы әдебиеттану ғылымының басы, ортасы және аяғы болатыны туралы пікірді алға тарта келіп: «Басы — жиырмасыншы жылдары жазылған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы», ортасы қырқыншы жыл­дарға таяу басылып шыққан Қажым Жұма­лиевтің «Әдебиет теориясы» мен Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының негіздері», аяғы алпысыншы жылдардың басында жазылып бітіп, жарық көрген Зейнолла Қаб­доловтың «Әдебиет теориясының негіздері» («Сөз өнері»). Ахаң жоқта біздегі әдебиет басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік». Академиктің ағынан жарылып айтқан осы сөздері сол кездегі күңкіл-сүңкілді күл-талқан етті.

Әдебиеттің үздіксіз өсіп, өркендеп отыруымен бірге әдебиеттану ғылымы да ұдайы жаңарып, жаңғырып отырады. Тіпті бірыңғай партиялық басшылық үстемдік еткен Кеңес Ода­ғы кезінде ресми оқулықтар ретінде ұсынылған Абрамович, Тимофеевтердің кітаптарындағы теориялық ой-тұжырымдарға мүлде кереғар Р.Якобсон, М.Бахтин, Ю.Лотман, В.Шкловский­лердің кітаптары да жарық көрген болатын. Әдебиет сияқты әдебиеттану ғылымында әркім­нің өз көзқарасы, өз ұстанымы болуы әбден заңды.

Ұлттың ұлы ұстазы атанған ардақты Ахаң қазақ тілін ерекше түрлетті. Біздің бүгінгі қолданыстағы қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымы терминдерінің басым көпшілігін ойлап тауып, батыл қолданысқа енгізген кемеңгер Байтұрсынов болатын. Сондықтан ол туын­датқан терминдер кеңес дәуірінде оқулықтарда мейлінше молынан пайдаланылды. Әйтсе де Қабдолов біржолата Ахаңның жетегінде кетпейді. «Ахаң терминдерін жапа-тармағай жіпке тізе бермей таңдау керек, талғау керек, сөйтіп барып таңдау керек» дей келіп: «Әуезе — эпостың, толғау — лириканың, айтыс — драманың бүгінгі теориялық деңгейіндегі баламдары болады деу қиын», — деген тұжырым жасайды. Академиктің бұл пікірімен келіспеу қиын-ақ.

Бүгінгі әдебиеттану ғылымы, әдебиет тео­риясы бүкіл адамзаттық ғылым-білімнің дамуы­на сәйкес өлшеусіз өсіп, өркендеді. Жаңа оқу­лық­тарды былай қойғанда, әдебиеттану ғылы­мының мүлде жаңа салалары пайда болып, әлемдік әдеби пейзаждағы әдебиет теориясының жаңа терминологиясы қалыптасты. Ағыл-тегіл ақпаратқа құрылған заманның биік талаптарына сай жаңа оқулықтар жазылғанынан және әлі де талайының жазылатынынан хабардармыз, бірақ Қабдолов қисындаған «Сөз өнерінің» қазақ әдебиеттану ғылымындағы алар орны әрдайым ерекше болатынын атап айтқан жөн.

«Сөз өнері» — поэзия тілімен жазылған оқу­лық. Жай оқулық емес, оқулық-монография. Ке­лісті оқулық, келелі монография. Автор алғашқы сөйлемдерінде-ақ: «Осы әдебиет дегеннің өзі не нәрсе?» деген сұрақтан бастайды да, оқушысын әдебиет әлемінің таңғажайып дүниесіне жетелеп, сөз өнерінің сан алуан құпиясын ашады. Кітаптың «Сөз өнері туралы сөз», «Сөз өнері жайлы ғылым», «Сөзбен сомдал­ған тұлға», «Сөзбен шыңдалған шын­дық», «Сөз сыры», «Сөз сарасы», «Сөз өнеріндегі тек пен түр», «Сөз өнеріндегі бет пен бағыт» атты сегіз тарауы сегіз өрім қамшыдай жымдасып кеткен.

«Сөз өнері» — мен үшін ерекше ыстық кітап. Онымен мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенде таныстым. Бұл біздің орта мектеп бағдарламасы шеңберінде әдебиет теориясынан әжептәуір мағлұмат алып, әдебиеттің тегі мен түрін ажырататын дәрежеге жеткен кезіміз болатын. Сол жылы аудандық радионың жауапты хатшысы Бейсехан Көбесов деген азамат Алматыға білім жетілдіру курсына аттанып, одан қайтып оралғанда орнында қалған маған «Сөз өнерінің» қоңыр мұқабалы кітабын сыйға тартып:

— Бауырым, бұл — Алматының бүкіл фило­логтары мен журналистері жата-жастана оқып жүрген кітап. Өзі жақында ғана жарық көрді. Түптің түбінде сені әдебиет әлеміне осы кітап әкелетін болады, — дегені әлі есімде.

Мен «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» кітапты бірнеше қайыра тамсана, таңдана оқып шықтым. Менің ұлттық университетке түсуіме бірден-бір шапағатын тигізген осы кітап десем, артық айтқандық бола қоймас. Тіпті әдебиет әлеміне біржолата кірігіп кетпесем де, одан әлі күнге дейін алыстамай жүруімнің бір себебі — жас күнімнен жадымда жатталған осы кітаптың арқасы.

Жаһандану заманындағы әдебиеттану ғылы­мы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ол бұ­рын­ғысынша әдеби арнада ғана дамымай, тарих, философия, тіл білімі, психология, мәдениет­тану, әлеуметтану және өнертану ғылым­дарымен біте қайнасып кетті. Соның нәтиже­сінде жаңа концептуалдық, методологиялық тұрғыдағы тың теориялар дүниеге келді. Олардың ішінде мәтінге арналған нарратология, авторды зерттеуге бағытталған феноменология, оқырман талғамын сара­лай­тын рецептивті эстетика, тарихи-мәдени процестермен байланыстыратын салыстырм­алы әде­биеттану ғылымдары алдыңғы қатарға шықты.

Әлемдік әдебиеттану ғылымы неміс ға­лымдары ұстанған герменевтика мен позитивизм, француз білімпаздары негізін қалаған экзистенциализм мен структурализм, амери­кан­дық филологтар дамытқан постмодернизм мен мультикультурализм ілімдерімен толықты. Әдеби мейнстримге генетикалық структурализм, деконструктивизм, когнитивті әдебиет­тану, компаративистика, психоаналитикалық сын, интерактивті, мультимедиалы мәтінмен жұмыс істейтін цифрлы әдебиет ғылыми мектептері келіп қосылды.

Кеңес заманында шығармалары там-тұмдап аударыла бастаған Ж.Сартр, Р.Барт, М.Вебер, Э.Гуссерль, М.Хайдеггерлердің қатарына бү­гінде Ж.Деррида, Дж.Эллис, Р.Уэллек, О.Уорен, Г.Гейтс, Дж.Хартман, Дж.Пайзерлердің шығармалары қосылды. Кеңестік кезеңде ғылым кандидатынан жоғары көтеріле алмаған аса көрнекті орыс ойшылы М.Бахтиннің 7 томдығы жарық көрді. Әдебиеттанудың пәндік, ұғымдық терминдік жүйесі көп өзгеріске түсіп, бір сөзбен айтқанда, өз бетінше ізденемін, жаңалық ашамын, ғылымға үлес қосамын деген адамға кең өріс ашылды.

Орыс әдебиеттану ғылымында жаңа есімдер, өзгеше оқулықтар пайда болды. Бірақ олардың ешқайсысы Аристотель, Буало, Потебня, тіпті Белинский мен Чернышевскийді аттап кеткен жоқ. Ендеше, өсер елдің өскелең ұрпақтары арасынан шыққан қазақ әдебиет­танушыларының жас буыны Ахаң түрлетіп, Зекең түлеткен «Сөз өнерінің» төрдегі орнына таласпайтынына нық сенемін.

Шебер шығармашылығының тағы бір үлкен парасы — аудармашылығы. Ол тәржімалаған Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ері» алпысыншы жылдары зор табыспен М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында сахналанды. Орысша «Всеми забытый» деп аталатын бұл пьесаға Зекең «Елеусіз қалған есіл ер» деп құлпырта ат қойып, қазақ драматургиясының төл туындысындай сөйлет­ті. Н.Жантөрин, Х.Бөкеева, Ф.Шәріпова, А.Әші­мов сияқты қазақтың ұлы актерлері ойнаған бұл шығарма ондаған жылдар бойы көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Дәл осы пьеса арқылы сол кезде есімін ешкім білмейтін жас режиссер Виктор Пұсырманов­тың аты әуелі театр, кейін кино қауымдас­тығына кеңінен мәлім болды.

Шебердің аудармасымен Гарриет Бичер Стоудың шығармасы бойынша жазылған   А.Брун­штейннің «Том ағайдың лашығы» респуб­ликалық Жастар театрының сахнасына шықты. Атырау облыстық театры Зекең аудар­ған орыс классигі А.Островскийдің «Ұшынған ақша» комедиясын қойды.

Ағып тұрған шешен Қабдолов қазақ публи­цистикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Оның бұл саладағы туындыларын қазақ көсем­сөзінің керемет үлгісі деуге әбден болады. Оның тақырып қоюы, оқиға өрбітуі, өмірбаян деректерін ойнатуы, сөзден ой туындатып, образ сомдауы қаламгерлік шеберліктің қай­таланбас мектебі деуге әбден тұрарлық.

Бірінен-бірі өтетін кейіпкерлері қалай де­сеңші. «Феномен» (Х.Досмұхамбетов), «Селен мен өлең» (Е.Бөкетов), «Тұлға» (С.Зиманов), «Ойшыл туралы ой» (Ж.Әбділдин), «Мық­шеге» (Т.Қожакеев) атты етек-жеңі жинақы, көтерер жүгі салмақты портреттері оның ғұлама ғалым, қабырғалы қаламгер ғана емес, керемет көсемсөз шебері екендігін айқын аңғартатын туындылар.

Өмірінің соңғы кезінде Зекең төсек тартып жатып қалды. Қызмет соңында жүрген мен келуімді сирексітіп алдым. Ағамен жолығудың сәті жаңа жылдың қарсаңында ғана түсті. Себетке Аяз Атаның сыйлығын ала келген мен Сәуле апамен амандасқан соң ағаның көңілін сергіте:

— Жатудың бәрі ескі жылда қалсын. Жаңа жылда секіріп Алатаудың сеңгіріне шығыңыз. Аяз Атаға жасаған жаңа жылдық тартуыңыз сол болсын, — дедім екпіндете сөйлеп.

Зекең асықпай төсектен басын көтерді. Мен лезде жастығын биіктетіп, кеудесін тіктедім. Ұстаз маңдайымнан иіскеп: «Ой, айналайын, келдің бе?» — деді ерекше мейірленіп.

Бұл кезде Зекең әлі тың болатын. Сөзі анық, жады мықты. Төсек тартып жатса да баспасөз арқылы ел тұрмысынан, әдеби, мәдени жаңа­лық­тардан жақсы хабардар екен. Менің кейбір жазғандарымды да оқыпты.

— «Менің ағаларымның» ең басты кейіпке­рінің бірі — Сіз боласыз, Зеке. Сырқаттан құ­тылған соң әлі талай асықпай отырып сұхбат­тасамыз, — деп ағаны ақырындап әңгімеге тарттым.

Зекеңнің жүзіне қан жүгіріп, біраз әңгіме айтты. Әсіресе, Әуезов туралы ерекше ықылас­тана сөйледі.

Әңгіменің соңына қарай себетке қарай ишара жасап:

— Құй, — деді.

Мен Сәуле апайға көз қиығын салып едім, апамыз үнсіз бас изеді.

Әп-сәтте шампан ашылып, жадыраған мерекелік көңіл-күй орнады. Зекең суық шарапты сіміре жұтып:

— «Тас бұлақтың суындай сылдырап өңкей келісім», шіркін, Абай қалай келістіріп айтқан, — деді.

Мен «апырай, сырбаз жанның сырқаты да ерекше болады екен ғой» деп іштей таң-тамаша қалдым.

…Бұл шебердің соңғы жаңа жылы еді. Осы оқиғадан соң Зекеңмен екі рет жүздессем де сол бір кездесу жадымда мәңгі жатталып қалыпты.

Зекең бақытты өмір сүрді. Ұлы Әуезов айтқандай, өзі «сұлу мінез, сұлу білім иесі» сұлу ғұмыр кешті. Сұлу ұрпақ өсіріп, соңына сұлу мұра қалдырды. Соңғы демі біткенше сәбидей мәпелеп, шебер қолының табы бар әр туындыны аялай сақтап, арыс ғұмырының соңғы алты жылын көркем сөзбен кестелеген керемет күнделік жазған Сәуле апайдай сұлу жар сүйді.

Шебер бүгін арамызда жоқ. Бірақ оның сөз өнерінде салған өрнегі сайрап жатыр.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button