Мәдениет

Жанасаевтың жұлдызы

Темірден тартылған жол

Жарық дүниеге келген әр пенденің өз жұлдызы болады деседі. Соған кәміл иланғандықтан ба, бала кезімізде «жұлдызым жоғары» деген сөзді қай-қайсысымыз да жиі айтқан болармыз. Сірә, мұндай ұмтылыстың өзі адам баласының биіктерге құштарлығынан, жоғарыға жиі көз тігуге бейімдігінен де туындап жатса керек.

Бүгінде егемен еліміздің әскери қайраткерлері сапынан берік орын алған, Қазақстан атты тәуелсіз мемлекеттің көш басындағы көрнекті қолбасшыларының бірі Болат Жанасаев та бір кездері сондай балаң қиялмен жұлдызды шақтарға бір жетсем-ау деп армандаған да болар.

Әрине, көздегенің алдыңнан бірден шыға келмесі анық. Ол үшін өткелі мол жолдарды кесіп өтіп, сол сапар барысында кездесетін қиындықтар мен кедергілерге төтеп беруің керек. Тарихы мол Темір қаласында сонау елуінші жылдардың басында дүниеге келген бала Болаттың санасында күні бүгінге дейін сол шағын шаһардағы Саратов деп аталатын көшенің бойындағы отызыншы үйден өрістеген ой-қиялдар, мақсат-армандар үлкен жолдың бастауындай көрінеді де тұрады.

Әкесі Бақытжан Жанасаев өз тұсындағы елге белгілі азаматтардың бірі болатын. Елуінші жылдары атқа мінген ол сот хатшысы, прокуратура тергеушісі қызметтерін атқарды. Темір қалалық тұтынушылар қоғамы басқармасының төрағасы да болды. Ал өмір тәжірибесін жинақтап, ағалық белеске қарай бет бұрған тұста баспасөз қызметіне келді. Октябрь аудандық газетінде редактордың орынбасары, Темір аудандық газетінде редактор болып, жергілікті басылымдардың сол уақыт талабына сай ұйымдастырушылық, үгітшілік міндеттерін қалтқысыз жүзеге асыруына үлес қосты.

Ал бұл тұста Бақытжанның балалары Болат, Марат мектеп бітіретін жасқа жақындап, «кім болам?» деген сауалдың жауабы алдыдан шыға бастап еді. Сол кездері осы өңірден шыққан Жансен Кереевтің әскери атағы дүрілдеп шығып, жасөспірімдерге үлгі іспетті көрініп тұратын. Бәлкім, сол әсер де көңіл толқынын тап басты ма, әлде журналист әкенің қолдау-бағдары бір арнадан табылды ма, әйтеуір мектеп бітірген жас түлек Алматыдағы жоғары жалпы әскери училищесінен бір-ақ шықты.

Жетпісінші жылдардың басы Кеңестік дәуірдің өзіндік бір өрлеу тұсы еді де, қағазға жазылмайтын, көзге көрінбейтін заңдар жүзеге асып жататын. Соның бірі қазақ балаларының әскери офицерлік қызметтерге, әскер оқуларға көп жақындатылмайтыны еді.

Заман ыңғайына қарай мектепті орыс тілінде бітірген, білімі де, білігі де қатарластарынан кем түспейтін Болат әскери училищеге көп қиналмай-ақ түседі. Баласының тай жарыстан озып шыққандай жүлделі шағына ырза болған әке оң тілегін білдірді. Өкінішке қарай ол кісі перзентінің иығына жарқыратып офицерлік погон таққан күніне жете алмады.

 

Қонаевтың көзіне түскен курсант

 

Училище курсанты үшін тәртіп қатаң, талап жоғары. Қала баласысың ба, ауылдық жерден келдің бе, ол өлшем ескерілмейді. Бұйрық мүлтіксіз орындалуы тиіс. Оқу, жаттығу, дайындық — бәрі-бәрі де белгілеген сағатпен жүзеге асырылады.

Осының қай-қайсысына да тез арада бейімделіп үлгеруің керек. Алматыға аттанар алдында әке алдыға қойған міндет, намысты қайрайтын жігерлі сөздерді жадына түйген Болат енді босаңсуға болмайтынын ақиқат сезді.

Негізінде адам өмірінде тағдыр бұйырмымен кездейсоқ күтпеген жайттар кездесіп тұрады. Бірде әскери училищеге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, СОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаев келеді екен деген хабар жаппай тарап кетті. Әншейінде де бүкіл шаруасы тап-тұйнақтай көрінетін оқу орны мұның өзін місе тұтпай, дайындыққа кірісті де кетті. Сол жолда күрмеуі қиын, шешілуі күрделі мәселелер де кездесіп жатты.  Соның бірі — жоғары мәртебелі басшының алдында қазақ тілінде сөйлейтін курсант іздестіру болды. Қазақстанның сол кездегі астанасы — Алматыда бір кездері осындай проблема болды десе, қазіргі күлкілі көрінер, бәлкім.

Бұл талапқа бірден-бір сай келетін ақтөбелік курсант Болат Жанасаев болып шықты. Бірақ қазақшасы дұрыс болғанымен, ол бұған дейін училищеде өтетін шағын жиындарда да сөз алып көрмеген екен. Дегенмен, тәуекел туы жоғары көтеріліп, қазақтың қара баласы биік дуалдармен айнала қоршалған, ішкі тірлігінің бәрі орыс тілінде жүретін училище ауласын ана тілінде жаңғырықтырып сөйлеп бір кетті дейсің. Бір қызығы, қаншама күн жатталған сөздер сол қалпында түгел шықпай, өзгерістерге де ұшырапты. Ең бастысы, Болат көкірегін кернеген «туған елімізді қорғауға дайынбыз, әкелер дәстүрін лайықты жалғастырамыз» деген жүрекжарды сөздерді жаңылыспай айтады.

Осындай шарадан соң курсанттарға еркіндік беріліп, бір сәт тыныштық орнаған сәтте Болатты училище бастықтары іздеп жатқаны туралы хабар жетеді.

Мұның көңіліне оралған алғашқы ой: «Дұрыс сөйлемедің деп ұрысатын шығар» деген күдік болатын. Сөйтсе, оқу орнының серкелері ел басшысымен бірге ескерткішке суретке түспек болғанда, Дінмұхамед Ахметұлы жаңағы көзіне түскен курсантты іздейді ғой. Бұны көргенде «Ел қорғаймын деп оқып жатқан жігіт, бері кел, болатын бала осындай болуы керек» деп жылы сезімін білдіріп, мейірімін төгеді.

Бәлкім, кеңестік құрсауда жүріп-ақ өзі халқының келешегін осындай жас ұрпақтар арқылы елестетті ме, сол дана адамның бата іспетті лебізі Болаттың өмір бойы жадында сақталып қалыпты. Ал ескерткіш суретті әлі күнге дейін бойтұмардай сақтап келеді.

 

Моисеевтің мектебі

 

Әскери училищені ойдағыдай бітірген өрімдей жас лейтенант жолдамамен Германиядағы Кеңес әскерінің шектеулі тобы құрамында қызмет етуге жіберілді. Бұл алғашқы қадам, бірінші сапар оның көңілін көп толқытты. Бір кездері аға буын — әкелер мен ағалар қолына қару ұстап, бір сүйем жер үшін қан төгіп, қанқұйлы неміс фашистерін өз ордасында жайратқанша жан беріп, жан алысқан сәттер көз алдына келді. Енді сол жолмен бейбіт күннің жауынгері өзінің офицерлік қызметін бастамақшы.

Ол мұнда мотоатқыштар взводы командирі болып тағайындалды. Алғашқы күннен-ақ еңбекқорлығы мен іске деген жігерлілігін байқатқан қазақ жігіті көп ұзамай басшылықтың көзіне түсе бастайды. Оны бөлімшелер арасында өтетін оқу-жаттығу жиындарына жиі қатыстыратын болады.

Жас командир Болат Жанасаев кезекті тактикалық оқу-жаттығу тұсында да өз табандылығын танытады. Мұнда берілген тапсырма — жау қоршауында қалып қойған барлаушылар тобын аман-есен алып шығу. Осы міндетті мойнына алған Болаттың взводы өздеріне бөлінген жауынгерлер мен сауытты техникаларды алып, белгіленген ауданға бет алды. Жолдан кездескен шабуылдарды тойтарып, кедергілерді жою арқылы көздеген межеге жеткен бұлар қоршауда жатқан қаруластарын болған жағдайға сәйкестендіріп құтқарып та шықты.

Бұл негізінде оңай шаруа емес еді. Жас командир операция жүргізілетін аумақты алдын-ала зерделеп, әрбір биіктік пен ой-шұңқырға дейін саралаудан өткізді. Соның нәтижесінде өз тобын тапсырма алған жерге көп қиындықсыз жеткізді. Ал қоршаудан шығарда қарсыластарға қарымды тойтарыс берілді.

Жаттығудан кейінгі талдау барысында осы жайлардың бәрі кеңінен талданды, топтың іс-әрекетіне жоғары баға берілді.

Сол жылдары дивизия командирі болған полковник Михаил Моисеев қазақ командирге ерекше ықылас танытып, «біз алда да кездесетін болармыз» деп жақсы ойдың ұштығын білдіргені көңіліне қанат бітірді.

Шынында да солай болып шықты. Кейін армия генералы болған, 1988-1991 жылдары Кеңестер Одағы Қарулы күштер Бас штабының бастығы қызметін атқарған Михаил Алексеевич кейін де оған талай мәрте сәттіліктер тіледі. Тіпті кешегі егемендік алған тұста да ол Қазақстанмен байланысын үзген жоқ. Қос генерал жиі хабарласып, байланыс жасап тұрды, сол сыйластықтың нәтижесі емес пе, Ресей Думасының депутаты болған Михаил Моисеев бір кездегі шәкіртін өзінің мерейтойына арнайы шақырды. Осында бір кездері Германия жерінде қатар қызмет еткен қаруластардың басы қосылып, бір мәре-сәре болғаны бар.

Болат Бақытжанұлы 1984 жылы мотоатқыштар батальонының командирі болып жүрген кезінде Мәскеудегі М. Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға жіберіледі. Жоғары әскери басшыларды даярлайтын бұл оқу орнына қабылдау сынақтарын ойдағыдай тапсырған ол осында үш жыл білім алып, отыз бес жасында Киев әскери округіндегі мотоатқыштар полкы штабының бастығы қызметіне жіберіледі.

 

Тәуелсіз елдің генералы

 

Ел тәуелсіздігі халқымыздың өміріне күрт өзгерістер әкелді. Қай салада болмасын, жаңарулар жүріп жатты. Ел егемендігін өз қолына алар тұста Болат Жанасаев Ішкі әскердің әскери бөлімін басқарып жүрген еді.

Сол жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымы бойынша шығып қалған депутаттың орнына сайлау жүретін болды. Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданынан басқа да үміткерлерімен бірге Болат Бақытжанұлының да кандидатурасы ұсынылды. Осы сайыста оның бағы жанды, халық қалаулысына айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс және қауіпсіздік салалары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен құрылымдала бастады. 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскерлер, ал 7 мамырда Қарулы күштер туралы Жарлыққа қол қойылды. Сол тұста Жоғарғы Кеңес жанынан Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс комитетін құру туралы әңгіме қозғала бастады. Көп ұзамай бұл мәселе де шешімін тауып, оның төрағалығына Болат Жанасаев сайланды.

Бұрын бірыңғай әскери салада ғана еңбек етсе, енді оған қоғамдық, мемлекеттік, саяси істерге кеңінен араласуға тура келді. 1994 жылдың наурыз айында ол Жоғарғы Кеңестің депутаттығына қайтадан сайланды.

Осылайша біраз саяси шыңдалудан өткен соң әскери өмірге оралу мүмкіндігі туды. Бұл жолы Болат Жанасаевты Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлер Қолбасшысы етіп тағайындады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі айтқан «Елдің тыныштығын күзететін Ішкі әскерді басқаруды қолыңа ал, жақсы дәрежеге жеткіз!» деген тапсырмасы үлкен сенім белгісі еді.

1994 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінің бірінде ол ҚР Президентінің қолынан жоғары әскери атақ — генерал-майор шенін алғанын ерекше есінде сақтайды. Өйткені, ол бұл күні Тәуелсіз елдің генералы болды.

Республикамызда әскери құрылымдарды жетілдіру тіпті де оңайға соқпағаны белгілі. Себебі, қалай болғанда да ұлттық кадрлар жетіспейтін. Сондықтан сыртта жүрген офицерлерді елге тарту, тәжірибелі де іскер мамандарды жаңа жүйелерді жетілдіруге пайдалану аса қажет болды.

2001 жылдың наурыз айында Болат Жанасаев республикалық гвардияның қолбасшылығы қызметіне жіберілді. Мұндағы ұйымдастыру шаралары бір жолға түсе бастаған тұста ҚР Ішкі әскерлері комитетінің төрағасы — ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысы қызметіне тағайындалды. Арада бір жарым жылдай уақыт өткенде Қарулы Күштердің «Шығыс» өңірлік командованиесін басқаруға барды. Ал 2004 жылдың желтоқсан айында ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі қызметі тізгінін ұстау сеніп тапсырылды. 2006 жылдың сәуір айында Республика Қорғаныс Министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Ол осы қызметтердің қайсысында да реформаларды батыл енгізуге қомақты үлесін қосты. Дұрысын айтқанда, бұрыннан қалыптасқан жұмыстарды жалғастыруға барған жоқ, қайта жаңаны енгізуге, көп істің негізін қалауға күш-жігерін жұмсады. Сондай қызу жұмыстарды атқару барысында 2008 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Бас штабының Әскери академиясын үздік бітіріп шықты. Содан кейін Ұлттық қорғаныс университетін басқаруға жіберілді. Осында әскери білім саласындағы ізденістерін жалғастырды, әскери  ғылымдардың кандидаты атанды.

Ол мемлекетіміздің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін Елбасы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды, сондай-ақ өз еліміз бен шетелдердің 36 медалі генерал жүріп өткен жеңісті де жемісті жолдардың белгісі іспетті оның кеудесіне көрік беріп тұр.

Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатыса жүріп, ол көптеген тағылымды да қайталанбас кездесулерді бастан кешкенін кейінгі буынға үнемі айтып отырады. Мәселен, республикалық ұланның қолбасшысы болған тұсында Қазақстанға келген Рим Папасы — Иаонн Павел ІІ-ші мырзаны қарсы алу рәсімі, Үндістан Президенті Шанкар Даял Шарм мен АҚШ-тың Индиана штатынан сайланған сенатор Ричард Лугармен болған кездесулер әсері ойында сақталып қалыпты. 2003 жылы Ішкі әсердің Қолбасшысы болып тұрған кезінде автоматтың авторы — екі мәрте Еңбек Ері, Кеңес Одағының батыры генерал-лейтенант Михаил Калашниковты қарсы алып, әскердің жеке құрамымен кездестіруі де тарихқа енді.

… Генерал-лейтенант Болат Жанасаев бүгінде алпыс атты асуға қол созды. Кеше ғана ару Алматыға әскери мамандықты таңдап, көңілі қобалжи аттанған қара бала бүгінде есімін ел таныған Қолбасшы, талай жолдан сыр бермей өткен Сардар.

Ұлы бабасы Есет Көтібарұлы кезінде Ұлықұмның бойын мекен етіп, ел намысы үшін атқа мінсе, оның кейінгі ұрпағы тәуелсіз елдің туын биік көтеруге лайықты үлесін қосып, күш салып келеді.

Жұлдызы жоғары жанды деген осы болар, бәлкім.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button