Түнгі қаладағы рейд


Ақтөбеде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд өтті. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударды.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткен рейд барысында ювеналды полиция бөлімшесінің өкілдері ойын-сауық және тамақтану орындарын аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылады.
— 11-13 желтоқсан аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, көшеде бақылаусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында кезекті рейд ұйымдастырылды. Топ құрамында тәртіп сақшылары, «Қоғам тірегі» бірлестігінің қызметкерлері, еріктілер бар. Олар жастар көп жиналатын ойын-сауық орталықтарын, кафелер мен компьютерлік клубтарды және «Keruen-сity» сауда, ойын-сауық орталығын аралады, — дейді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы үгіт-насихат тобының аға инспекторы, полиция майоры Нұргүл Жолдыбаева.
Оның айтуынша, түнгі рейд барысында құқықбұзушылық жасаған 88 жасөспірім анықталып, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ата-аналық міндетін орындамағаны үшін 29 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ компьютерлік клубта «шылым шегуге тыйым салынған» деген белгіге қарамастан вейп темекісін тартқан ересек адам анықталып, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Нұргүл Жолдыбаеваның айтуынша, биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында 100-ден аса жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Полиция өкілдері заң мен тәртіпті сақтау қоғамдық тұрақтылықтың кепілі және әр адамның жауапкершілігі екенін жастарға түсіндіріп, өз болашағына немқұрайды қарамауға шақырды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.





