Мәдениет

Уытты сөздің ұстасы


Жазушы, сатира сарбазы Төрежан Мәндібай 75 жаста

Қазақта «Аузы дуалы» деген бар. Екі сөз. Дуалады, дуалапты деп жатқанын да талай естідік. «Басын дуалаған» дейді біреу өзге бір пенденің кеудесіне беріле сенсе немесе екінші біреу оны пікірінен қайтара алмайтын дәрежеге жетсе… Не дегенде де бұл – сөздің құдіреті. Інжілде «Әуелі сөз болған» деп жазады. Соған қарағанда адамзаттың жаралуы сөзге байланысты болғаны ғой.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – дейді кемеңгер Абай. Жаратқан адамзаттан бұрын сөзді нақтылап алған болса, сөздің негізгі шындық, әділдік екен. Адамзат сөз қадірін білмесе, шындықты сүйе ме?! Біз сөзге түсінетін пендеміз. Ол — әуелі шындық, екіншіден, әділдік, үшіншіден, көркемдік болмаса, оның былайғы пендеге сүйкімі мен жұғымы бола ма. Сол сөздің уыты арқылы өтірік пен өсекке, өркөкіректік пен мақтаншақтыққа, арамзалық пен нәпсіқұмарлыққа, тоғышарлық пен парақұмарлыққа, мансапқұмарлыққа бейімдердің құтын қашырушы бір қауым жазушы деген бейнетқор жандар бар. Олар – қоғамдағы әлгі аталғандарды сөз найзасымен түйреушілер. Яғни, сықақшы жазушылар. Сықақтайтын тақырып та қоғамда аз емес. Сыпыра жырау заманынан әріде де талай ақын-жыраулар сықақтап, күлкі өртімен күйдірген мінез-құлықтар мен адам бойындағы жағымсыз қылықтар Абай заманында түгесіліп қалған жоқ. Қайта, Мұхтар Әуезов жазғандай, «балалап көбейіп, ұсақтап» қоғамды шырмап алса, бұл заманда бит-бүргедей сіркелеп, қоғамның тұла бойын кеміріп, кеулеп жатыр емес пе. Енді осынау жағымсыздықты өткір сөзімен, уытты теңеулерімен әрі күлкілі, әрі түрпілі, кірпілі мысалдарымен оқырманына тәнті болған жазушы Төрежан Мәндібай 75 жаста шабытының шарықтауы кезінде келіп отыр екен. Оған дәлел – соңғы кезде мен оның бірнеше сықақ әңгімелерінің мерзімдік баспасөзде жарияланғанына және бұрынғы әдеби құлшынысы мен құштарлығы өткірленіп, көркемдік қуаты беки түскеніне куә болдым. «Үш қоңыр» газетінде басылған 2-3 шағын әңгімесінің әшкерелеушілік қуаты оның Абай сатирасынан мол үлгі-өнеге, көркемдік қуат алғанын көрсетеді.

Төрежан 50-ші жылдардың орта шенінде өлеңмен өресін ашқан. Лирик ақын болуға талпынып көп әуреленді. Кейін өзінің оң жамбасына ыңғайлы күрес тәсілін тапқан балуандай сын-сықаққа ауысқаны өзіне де, оқырманына да ырыс болды. Қазір Төрежан – белгілі әрі республикаға танымал сатирик жазушы.  Әшейін бәйгеге қосыла беретін көп торшолақтың бірі емес, әділдігі болса, бас бәйгені шаппай алатын кемеліндегі Керқұланың өзі дерлік. Қазақ әдебиетінде көзінің тірісінде бағаланбай кеткендер аз емес. Ақын-жазушылардың бәрін атай бермей-ақ қояйын. Сатирамен өлгенше айналысқан Оспанхан Әубәкіровті көзіміз көре қалды. Бірнеше рет дәмдес те болдық. Сол Осекең қатарымызда жүргенде бағаланды ма? Міне, Төрежан да сондай сықақшы. Қоғамның дертін ащы сөзімен емдеп жазатын жазушыны кім жақтырушы еді. Оны бағалайтын замандасын табу қиын. Бағалап, сөзін үлгі-өнеге ету орнына «пәледен аулақ» деп аулақтан сырғақтап жүретіндер жетерлік. Қоғам қай заманда да емдеуді, мерезін сылып алып тастауды қажет ететіндей дәрежеде болмағы заңды. Ал қоғамның ондай жіңішке ауруын емдейтін дәрі — сықақ, сатира ғана. Алайда, бұл кезде сондай шығармалардың өзі онша өрістей алмай келеді. Кешегі кеңестік-партиялық қоғамда обкомның бірінші хатшысы мен облатком төрағаларын сықақ еткендер бүгінде аудан әкімдерін сынап жаза ала ма? Жоқ. Ендеше, қоғамдағы кемшілік қалай түзеледі? Міне, негізгі қиын сауал осы.

Төрежанның көркемдік ой жүйесі мен бейнелі тілі бүгінгі таңдағы ойсыраған олқылықтарды отты сықақтарымен күйдіріп жазар еді. Алайда, ол шідерлеулі аттай, үш аяғы байлаулы, бір аяғымен ақсай басқан тұлпардай халде. Жалғыз Төрежан емес. Қоғамда сықақ найзасына ілінер тақырып жеткілікті. Бірақ не пайда? Сөз еркіндігі даланы еркін кезген самалдай қоғамды құзырынан желпіп тазарта алмай отыр. Абзалы, Абай кемеңгер «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дейтін уақыт әзірге тумай отырған сияқты. Сондықтан Төрежан өресін жаза алмай жүрген жүйріктердің бірі дейміз. Бұл — шындық.

Көп жылдар әдеби ортадан алыста, ауыл мұғалімі болып ұстаздықпен айналысқан Төрежан соңғы үш-төрт жылда Ақтөбе қаласында тұрады.

Төрежан биыл мүшел жасқа толып отыр. Жазушының бағасы оның көп жазғанында немесе басшы-қосшының жақын-жуығы, тумасы немесе әлдебір сүйіктісі болуында емес қой. Қаламгердің сапасы да, құрметтелуі де оның жазған шығармасының қоғамға, сол қоғамда ғұмыр сүріп жатқан адамдарға қандай тәлім-тәрбие, өнеге беретіндігімен өлшенуі тиіс. Біз мақтасақ, қаламгер халықты қандай шығармасы арқылы нендей келеңсіз қылықтан сақтандырды деп сұрасақ керек. Абай кемеңгер: «Адам болам десеңіз, бес нәрсеге асық бол. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой. Бес нәрседен қашық бол. Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» демеп пе еді. Біз Абай өсиетіне адал болсақ керек.

Төрежан Мәндібай Абай атасының осынау өсиетіне адал жазушы. Оның сықақтарын халық сүйсіне, іздеп тауып оқиды. Ендеше, қаламгерге осыдан артық мәртебе, осыдан артық дәреже керек пе? Меніңше, жоқ. Ал оны бағалау, құрметтеу жағына келсек, ел басқарып отырған азаматтардың сезім-түйсігі мен әдеби талғамына, халықтық өресіне, дүниетанымына барып тірелетінін әрбір сауатты оқырман білуі тиіс. Әңгіменің төтесі – шығармашының қадір-қасиеті оның ана сыйлық, мына сыйлықты бедел сала тілемсектене сұрап, жоғарғы жақтағы тума-туысын жұмсап, әрқилы айла-шарғымен мадақтаушыларына мадақтатып, атақ пен моншақтар тағуында емес. Ешқашан да атақ пен сыйлық алмайтын, медаль-седалдарды тағынбайтын талай таланттар өмірден өтті. Олардың шығармалары тап қазір де оқылады, өздері арамызда жоқ, бірақ сөздері тірі. Ал талай тірілердің әлгіндей сыйлық алған шығармаларын ешкім іздеп тауып оқымаса, ол – өлі дүние. Оқиын десе де тартпаса, арам ас сияқты. Әшейін көзін көргенде мақтау далбаса ғой… Құдай сондайлардан сақтасын! Менің Төрежан досымның көзі де, сөзі де тірі. Лайым солай болғай! Ешқашан атақ алмаған, өлеңдері соңғы 20 жыл бойы мерзімдік баспасөзде басылмаған марқұм Өтежан досымның өлеңдері сияқты, сықақтарын аз жазса да саз жазған Төрежан дос-құрбы, саған табиғи жасты Алла берсін! Мен саған творчестволық ұзақ ғұмыр тілеймін.

Құрал ТОҚМЫРЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button