Мәдениет

Алла разылығын іздеген ғұмыр…

Ән-Нұғман ибн Сәбит ибн Зәута  — сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабының негізін қалаған тұлға. Бүгінде әлем мұсылмандарының 48 пайызы осы мәзһабты ұстанып отыр. Біздің халқымыз да он екі ғасырдан бері Ханафи мәзһабын ұстанып келеді.

Ән-Нұғман ибн Сәбит ибн Зәута тарихта Әбу Ханифа (тура дін жетекшісі), сонымен қатар Имам Ағзам (ұлық имам) деген аттармен қалған.

Сахабалар шәкірті болған, өз замандастары арасында зор құрметке бөленіп, барша мұсылман әлемінің мақтанышына айналған Әбу Ханифа туралы бізге жеткен әңгімелердің кейбірін оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.

 

«Бізге ақылыңды көрсетші!»

Бұл оқиға Әбу Ханифаның жас кезінде Басра қаласында болған екен. Басраға шеттен бір адам келіп: «Барлық мұсылмандар жиналып, менімен пікір таластыру үшін, орталарыңнан бір жас ғалымды шығарыңдар. Маған Алланың бар екенін дәлелдесін. Егер жас ғалымды сөзден жеңер болсам, айтысу үшін, оның ұстазын шақырамын» — дейді. Сөйтіп, ертесіне бәрі мешітте жиналатын болып, уақыт белгіленеді. Отқа табынушымен пікірталасқа Әбу Ханифа шығатын болады.

Ертесіне әлгі адам уақытында келіп, орындыққа жайғасады. Ал Әбу Ханифа жоқ. Жиналған жұрт мазасыздана бастайды.

Әбу Ханифа біраз уақыт өткеннен кейін келеді. Алқынып жетіп:

— Айыпқа бұырмаңыздар. Өзеннің арғы бетінде тұрушы едім. Бергі бетке өтетін қайық таппадым. Бұдан да кешігетін едім, әйтеуір өзен жағасындағы ағаштардың бірі өздігінен — қайыққа, екіншісі ескекке айналып, өзеннен өттім, — деп жұртшылықтан кешірім сұрайды.

Мұны естіген қарсыласы қатты күліпті:

— Ғалым деп жүрген адамдарың осы ма? Ағаштың өздігінен қайық болғанын қашан көріп едің?..

Әбу Ханифаның да күткені осы еді. Ол дереу:

— Солай ма? Егер ағаш өздігінен қайыққа айнала алмайтын болса, мына үлкен ғалам қалайша өздігінен жаратылады? — деп қарсы сауал түрінде жауап қайтарыпты.

Айтысушы кісі жеңілгенін мойындағысы келмей:

— Сендер айтып жүрген Алла бар болса, кәне,  неге көрінбейді? Бар нәрсе көрінуі керек емес пе? Ал көрсетіңдерші, — депті.

Әбу Ханифа бұл жолы да оған дереу қарсы сұрақ қояды:

— Сенің ақылың бар ма?

— Бар.

— Ендеше бізге көрсетші!

— Оны көрсету мүмкін емес… — деп міңгірлейді әлгі адам.

Оның тығырыққа тірелген түрін көріп, отырған жұрт тәкбір айтып, қатты қуаныпты.

 

 

Садақа не үшін таратылды?

Әбу Ханифаның әкесі, аталары саудамен айналысқан, ауқатты адамдар болған. Әбу Ханифа да әке кәсібін жалғастырған.

Бірде ол өзінің саудадағы серігі Хафс ибн Абдуррахманды базарға шығаратын бұйымдар сатып әкелуге жұмсайды. Сатып алынған бұйымдар арасында сапасы нашарлау бір зат болыпты. Әбу Ханифа Хафсқа жаңағы затты алғысы келген адамға арзанға беріп, кемшілігін ескертуді тапсырыпты. Бірақ Хафс оның айтқанын орындауды ұмытып кетеді. Заттарды түгел сатып жібергеннен кейін ғана есіне алады. Ал кемшілігі бар бұйымды кімнің сатып алғаны есіне түспейді. Мұны естіген Әбу Ханифа сол жолғы саудадан түскен табыстан өзіне ештеңе алмай, түк қалдырмай садақа етіп таратып жіберіпті.

Тағы бірде бір әйел Әбу Ханифаға жібек көйлек сатпақшы  болады. Жібегі үшін 100 дирхам сұрайды. Әбу Ханифа: «Сіз бұрын сауда жасап көрмеген соң, арзан сұрап тұрсыз. Бұл әлдеқайда қымбатырақ тұратын бұйым болса керек» — десе, әйел: «Маған сол ақша да жетеді» — деп тұрып алыпты. Ақыры Әбу Ханифа оны көндіріп, екеуі жібекті басқа бір саудагерге бағалатпақ болады. Әлгі саудагер оны 500 дирхамға бағалапты. Сөйтіп, Әбу Ханифа 100 дирхам сұрап келген адамның қолына 500 дирхам ұстатыпты.

 

Анаға құрмет

Әбу Ханифаның анасын қатты құрметтегені, оның бетіне жел болып тимегені жөніндегі әңгімелер де көп тараған екен. Әбу Ханифа дүйім жұртқа белгілі ғалым, фикһ ілімінің білгірі ретінде танылғаныменен, анасы соны кейде мойындағысы келмей, оның пәтуасына тоқтамай, басқа ғалым іздейді екен. Сондайда Әбу Ханифа анасының тілегін орындап, алыс жердегі мешіт имамына алып баратын болған. Бір күні ол имам шыдамай кетіп, Әбу Ханифаның анасына: «Сіздің жаныңызда ең білгір ғалым жүр ғой. Сол кісі тұрғанда менен пәтуа сұрауыңыз жарамас» — депті.

Әбу Ханифаның сол тұстағы өз елінің билігіне жақпай, түрмеге қамалған, дүре соғу түріндегі жазаға ұшыраған кезі болған. Сондай кезде ол: «Бұл қиыншылықтардың бәрі де анамды ренжіткеннен ауыр емес» — депті деседі.

Жалпы, Әбу Ханифаның мінезі өте жұмсақ болған. Өзіне жазықсыз тіл тигізген жандарға ол: «Алла сені кешірсін! Сен айтқандай емес екенімді Алла біледі» — деп қана жауап қайтарады екен.

 

Тақуалығы пәтуасынан асып түсетін…

Көзі тірі кезінде-ақ Әбу Ханифа өзінің асқан тақуалығымен аңызға айналған. Язид ибн Харун есімді ғалым былай деп естелік қалдырыпты: «Бірде Әбу Ханифа бір адамның үйінің алдында, Күн көзінде отыр екен. «Әй, Әбу Ханифа! Көлеңкеге барып отырсаңшы!» — дедім. Сонда ол кісі: «Осы үй иесі маған ақша қарыз еді. Сондықтан көлеңкеге отырмадым» — деп жауап берді». Түсіндірушілер мұны: «Әбу Ханифаның бұл қылығында өзінің берген қарызынан пайда іздегендей болмайын деген ниет жатыр» — деп жеткізеді. Өзіне осыншалық талап қоя алған Әбу Ханифа басқаларға мейіріммен, кешіріммен қарай білген. Замандастары ол туралы: «Тақуалығы пәтуасынан асып түсетін» — десе, ал өзі соңына: «Егер қарайып қаламын деп қорықпағанда, ешкімге пәтуа бермес едім. Пәтуа адамдарға пайдалы, тура жолға бастауы тиіс. Оның жауапкершілігі ауыр» — деген сөз қалдырды.

Язид ибн Харун тағы да былай депті: «Әбу Ханифадан асқан биязы адам көрмедім. Қаншама ғалымнан білім алдым, ілім үйрендім. Алланың атымен ант етейін, Әбу Ханифадан асқан тақуа, тілін жамандықтан қорғай алатын ешкімді көрмедім».

Әбу Ханифаның тақуалығы, құлшылыққа берілгені соншалық, баласының тәрбиешісі ол туралы: «Әбу Ханифаны танып-білгелі оның бар түнді толық ұйқымен өткізгенін көрмедім» — деген екен. Ал оның өмірбаяны жайлы жазбаларда Құранды 7000 (!) рет хатым еткендігі айтылады.

 

Материал Алау Әділбаев және Шамшат Әділбаеваның

«Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы» кітабы бойынша әзірленді.

 

 

Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен:

 

Алла алдында тура сөзден артық садақа жоқ.

***

Қайсыбір мұсылман егін ексе немесе жемісті ағаштар отырғызса, олардан адамдар, құстар яки жануарлар жесе, осының бәрі ол үшін садақаға жатады.

***

Пенденің иман таразысына салатын жақсы мінезінен артық ісі жоқ. Оның дәрежесі ораза және намазбен бірдей.

***

Жақсы достық сабын, әтір сататын дүкен сияқты. Ешқандай сауда жасамасаң да, дүкендегі заттардың исінен ләззат алып тұрасың.

***

Басына түскен қайғысын, дертін, жасаған қайыр-садақасын жасыру — жақсылықтың нышаны.

***

Науқастың көңілін сұрай барып, оның маңдайынан сипап, хал-ахуалын білу, шын мәнінде, қажыға барғанмен бірдей.

***

Кісінің өзін бейәдеп сөздерден тыюы — оның мұсылманшылығының белгісі.

***

Кімде-кім мұсылманға зәбір жасаса — маған зәбір жасағаны, ал маған зәбір жасаса — Аллаға зәбір жасағаны.

***

Ғұламаның алдында мақтану; надандармен сөз таластырып, айтысу; ілімді адамдардың назарын өзіне аударуға тырысу — күнәһарлықтан басқа ештеңе емес.

***

Адамдардың жарастығының мол болуы садақадан кем емес.

***

Ілім үйреніп, содан соң оны басқаларға үйретпеу, мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button