Мәдениет

«Қаламгердің» қонағы — Ертай ақын

«Қаламгер» қонақжайы — биылғы жылдың жаңалығы. С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың осы қонақжайына осымен үшінші рет жиналған оқырмандар белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаевпен жүздесті.

Қаламгердің жеке ақындық лабораториясына үңілуді мақсат еткен «Жыр —жүректің бұлағы» атты бұл басқосуда ақын туралы баяндама жасалған жоқ немесе әдеттегідей қосымша сөздер сөйленбеді. Алғысөзсіз басталған өзгеше кешті өлеңмен ашқан ақын одан әрі де жүздесуді соңына дейін тек өзі жүргізіп отырды. Зиялы қауым, әсіресе, студенттер көп қатысқан кеште ақын жаңа жырларын сарапқа салды, алуан түрлі сауалдарға жауап берді. Қазақ өлеңінің бүгінгі ахуалы, әдебиеттің ролі, жас қаламгерлердің қуат-қарымы туралы әңгімелер жаһандық жыр әлемінің мысалдарымен «тұздықталды». «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясымен Астанадағы «Аударма» баспасынан шыққан «Еуропа поэзиясы. ХХ ғасыр» (2010), «Еуропаның классикалық поэзиясы» (2011) томдықтарына енген Хуан Рамон Хименес, Герман Гессе, Ярослав Сейферт, Джон Китс, т.б. әйгілі ақындарды аударған қалам иесі әдебиеттің рухани хал-жайы, заман мен адамзаттың қазіргі тағдыры, ақынның парызы мен қарызы жөнінде сөз қозғады.

Қызықты пікір алысулар арасында ақынның сөзіне жазылған сазгер Қанат Айтбаевтың «Астана вальсі» әнін Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушылар квартеті орындаса, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының артистері М.Құрманалин мен Е.Ашықбаев қазақ тіліне аударған, халықаралық байқауда жүлде алған, театрдың бойтұмарына айналған «Ат тұяғын тай басар» пьесасынан үзінді ұсынды, №32 мектеп-гимназияның оқушылары балауса жырларын оқыды.

Қонақжайға келгендер бұл жолы бөлекше тиянақтылықты сезінді. Өйткені кеш бастан-аяқ бірінші жақтан сөйлейтін жеке шығармашылық сыр-баянды ұсынуды мақсат тұтқан еді. Сондықтан да ақынның жыр жинақтары мен ол туралы жазылған баспасөз материалдарынан жасақталған «Жырлары оттай жарқырап» деп аталатын көрмеге кітапхана қызметкері Айзада Өтешова кеш басталмас бұрын шолу жасаса, кеш соңында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова ақынға Алғыс хат тапсырып, сыяпат көрсетті. Осындай қонақжайлық дәстүрді қолға алған кітапхана директоры, белгілі ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының директоры Амантай Өтегенов әріптес інісіне табыстар тіледі.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button