Мәдениет

Өлкеміз осылай өркендеді

Ақтөбе облысы — 80

Облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Шежірелі өлкемнің ардагер азаматтары» атты кеш өтті. Шара облыстың 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. 

Жиында алдымен сөз алған Ақтөбе  қаласының  құрметті  азаматы, геология-минерология  ғылымының  кандидаты, профессор Зейнолла  Бөлекбаев облыс тарихына тоқталып, өңірде  алғаш мұнай табылған уақыттан бастап, бүгінгі таңға дейінгі мұнай саласындағы оң жетістіктерді сөз етті.

Ал  тарих  ғылымдарының  кандидаты, доцент,  Зәкіраддин  Байдосов   Ақтөбе  облысының  тарихын  кезеңдерге  бөліп, жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп берді.

— Биыл  ашаршылыққа  —  80 жыл. Өткенді еске алмай, болашаққа қадам басуға болмайды.  Аштықтың  салдарынан облыста 100 мың  адам опат  болды, — деді Зәкіраддин Байдосов.

Қ. Жұбанов атындағы  Ақтөбе  мемлекеттік университеті жанындағы гуманитарлық  зерттеулер  институтының директоры, филология ғылымының  докторы, профессор Алпысбай  Мұсаев  ел аумағы бойынша облыстың көлемі жағынан  3-орын алатынын айтып, аймақтың мәдениетіне, ғылымына, өнер  саласына  кеңінен  тоқталды. Ал өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген Ақтөбе облыстық  тарихи-мәдени  мұраларды қорғау  жөніндегі  мемлекеттік  инспекциясының  директоры  Бекарыстан Мырзабай тарихи мұралар туралы сөз етті.  Достық үйінің  әдіскері  Роза  Балдығарина  Ақтөбе  қаласының тарихынан деректер қозғады.

Жиын соңында Әлия  Молдағұлова  атындағы гуманитарлық  колледждің жастары өз өнерлерін ортаға салды, ал  Ғ.Жұбанова атындағы  филармонияның  әншісі  Гүлсім Юсупова  «Айналдым Ақтөбе» әнін айтып, жұртшылықты тамсандырды. Сондай-ақ  «Тамыры терең, тарихы  кенен — Ақтөбе» атты кітап  көрмесі  ұйымдастырылды.   Күн  санап өркендеп келе жатқан  өлкеміздің  көрікті, көз  тартар  мекендерін  тамашалауға  мүмкіндік  беретін  бейне-слайд  көрсетілді.

Лариса ҚҰРЫМБАЕВА, облыстық С.Жиенбаев  атындағы                                                                                                                     жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button