Мәдениет

Сәулелі сезім

Байқау

 15 сәуір — Қозы мен Баян күніне орай тұңғыш рет  «Ғашықтық — асыл сезім» атты қалалық байқау өткізілді.  

Қала әкімдігінің қолдауымен «Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі және қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қала тұрғындары, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткізілген байқауға 10 жұп қатысты.

Ұйымдастырушылардың бірі, «Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, байқау еліміздің ертеңгі тұтқасы болатын жастарға эстетикалық тәлім-тәрбие бере отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, шығармашылық белсенділіктерін арттыру мақсатында өткізілген.

— Бұл байқау қаламызда тұңғыш рет өткізілді. Облыс деңгейінде де бұрын-соңды өткізілмеген. Шараны өткізуде біз жастардың махаббат, сүйіспеншілік, шынайы достық сияқты асыл сезімдерді қастерлеп, құрметтей білуіне өз үлесімізді қосып, атсалысуды  ойладық. Байқауға қатысатын жастардан кітапханаға барып, тарихи-эпостық дастандарды оқып шығуды, дастан кейіпкерлерімен жақынырақ танысуды өтіндік. Кейбір үміткерлер қазақтың белгілі ақындарының жырларын жаттады. Жастар байқауға қатысуға кәдімгідей дайындықпен келді. Байқаудың жастар үшін тәлім-тәрбиелік мәні зор деп ойлаймын. Аталмыш байқауды енді жыл сайын тұрақты түрде өткізіп тұратын боламыз, — деді Маржан Нағашыбекқызы.

Шарт бойынша байқауға қатысқан жұп алдымен өзін таныстырып, ал екінші кезеңінде өнерлерін көрсетіп, үшінші кезеңде алдын ала үйге берілген тапсырма бойынша тарихи дастандардан белгілі бір образды сомдауы қажет болды. Сондай-ақ олар қазақ фольклорының жанры, махаббат дастандарының тарихы, қазақ халқының дәстүрі жайындағы сұрақтарға  жауап берді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері Әйтеке Хамитов пен Фариза Тұрлыбаева ие болды. Ал бірінші орынға Алматы экономика және статистика академиясының студенттері Асхат Дәрібаев пен Нұргүл Пұсұрманова шықса, екінші орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенттері Адис Жұбаев пен Гүлшат Жалғас еншіледі. Үшінші орынды екі жұп бөлісті. Олар — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенттері Рафхат Қанатов пен Ұлданай Мақсұтқызы және қала тұрғындары Аслан Жұмабаев пен Мәншүк Молдажанова.

Жеңімпаздарға қала әкімінің атынан Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырылды.  Өзге үміткерлер «Романтикалық жұп», «Сүйкімді жұп», «Ең әдемі жұп», «Көрермен көзайымы», «Ең үздік фото» номинациялары бойынша марапатталды.

Ж.НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button