Мәдениет

Бард

1990 жылдың қоңыр күзі. ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті атанған бақытты қауым Алматы облысы Шелек ауданының «Қазақстан» кеңшарына жүзім теруге келген бетіміз. Бір-бірімізбен енді танысып жатырмыз. Ән айтатындар, айтыскерлер бірден омыраулап, «қырып» барады…

Келесі күні сымбатты сары жігіт келді. Кеше автобустан қалып қойып, бүгін жеткен беті екен. Танитындар: «О, Біржан келді! — деп шуласып жатыр. Маңғаз. Үстінен қымбат әтір иісі бұрқырайды. Аяғын сәл сылтып басады екен. «Әскерде Ауғанстанда болған. Оқ тиген шығар…» деп жатты біреулер. Ақын Бауыржан Үсеновтің туған інісі екен. «Сұмдық әнші!» — десті білетіндер. Осыны естіген біреулер домбыра ұсынып еді, сыпайы бас тартты: «Тамағым ауырып тұрғаны».

Кешке алаңда  «концерт» басталды. Кешеден бері біраз бедел жинап қалғандар өнерлерін көрсетіп жатыр. Аяқ астынан қыз бен жігіттің айтысы да басталып кетті. Ал әншілер тіпті көп екен. Бәрі мықты.

«Концерт» әбден қызған кезде «Біржан ән айтсын! — десті оны білетіндер. Жұрт назары әлгі сары жігітке ауды. Сәл бәлсініңкіреп барып, гитараны қолға алған ол шырқай жөнелді:

Жағалап сайран көлдің сыз кемерін,

Біліп ем, күз келерін, күз келерін.

Қайыңдар дір етеді қыз денелі,

Көңілдің таба алмаймын, көңілдің таба алмаймын іздегенін….

 

Мүлде жаңа саз. Дауысы керемет екен. Бәріміз гу ете қалдық: «Тағы, тағы…» . Бір, екі, үш… Бес ән айтты. Бәрі де жаңа ән. Сөйтті де,  орнынан тұрып жүре берді.

Нағыз қызық, міне, осы жерде болды. Біржанмен бірге сол жерде отырған екі жүз қыз да дүрк көтерілді. Кіл жігіттер ғана қалдық.  «Құлағын аю басып кеткен»  бізді қойшы, кешеден бері қошеметке үйреніп қалғандарға қиын болды…

Біржан айтқан әндердің бәрі Табылды Досымов деген композитордікі екен. Қазақтың тұңғыш бард-ақыны көрінеді. Өз туындыларымен қоса  Мұқағалидың, Тұманбайдың, Фаризаның, Есенғалидың, Шәкизаданың, Светқалидың, Жанат Әскербекқызының сөздеріне жазған әндері Алматыда дүрілдеп тұр екен. Журфакты биыл бітіріп, ауылына — Атырауға аттаныпты. «Менің әндерімді сен  менен де жақсы орындайсың!» — депті Біржанға. Дәл солай деді ме, жоқ па, біздің Біржанға сенбеске амалымыз жоқ еді…

Содан Табылды әндерінің дәурені басталды. Бүкіл жүзімдік алқабы оның әндерімен тербеліп тұрады. «Ақ дидарың-ай, сенің ақ дидарың-ай…», «Ұнатамын мен сені…», «Дәл осылай болатынын сезгем мен…»,  «Үйіме қайтам өкініп тынып, Сүйемін деуге бата алмай…». Біреу ән бастаса, қалғандары қосыла кетеді. Біржанның да беделі сұмдық. Жазатайым «Біржан қайда екен?» — деп сұрай қалсаңыз, бірден он қыз жауап береді. Жігіттердің бәрі Біржанға ұқсап ән айтуға тырысады. «Концертіміз» Біржан айтатын Табылдының әндерімен аяқталады. Ол  орнынан тұра бергенде екі жүз қыз да дүрк көтеріледі. Кейбірі, тіпті, отқа ұмтылған көбелектей жігіттердің бөлмесіне де кіріп кетеді. Ән тыңдау үшін, әрине. Біржанның әнін. Мұндайда Біржан боп тумағаныңа өкінгеннен басқа амал жоқ…

Алматыға бір жыл ерте келіп, ҚазМУ-дың айналасында жұмыс істеген Біржан Табылдымен жақсы араласыпты. Досымов туралы әңгіменің бәрі қызық. Досымыз әңгімесін әнмен «тұздықтап» отырады. «Мынау Табылдының Германияда әскерде жүргенде жазған әні екен…» деп даусын созады:

 

Кетем бе, кейде, бала боп,

Жүрсем де алыс, шалғайда.

Қайда сол, КазГУ-городок,

Алматы қайда, ел қайда?

 

Ғажап. Әлі аралап үлгермеген «городокты» біз де сағынамыз біртүрлі.

Сол қалашыққа да келіп жеттік бір күні. «Қуырдақтың көкесін…» енді көрдік. Бүкіл қалашық Досымовтың әндерімен теңселіп тұр екен. Жиын-тойдың бәрі Табылдының әндерімен басталып, Табылдының әндерімен аяқталады. Жатақхана фойелері де жаңғырады:  «Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші…».

Табылдының сөздері  сұмдық. Тура сүйегіңнен өтеді. Қаныңды тулатады.

Табылдымен қатар жүрген, бірге «сіміргендердің» әңгімелері тіпті бөлек. Тыңдасаң, әр әннің тарихы бар. Бард туралы аңыз да көп. «Алматыда қалуы керек еді. Жалғыз ұл болғасын, амал жоқ, ауылға тартты ғой…». Әңгіме осындай өкінішпен аяқталады.  Табылдыны көре алмай қалғанымызға біз де өкінеміз.

…Бір күні біздің бөлмеге курстасым Әділ Ботпанов кіріп келді де:

— Бауке, кеттік, — деді. — Журфакқа Светқали, Табылдылар келіпті, барайық.

Жетіп бардық. Ұмытпасам, Бақытжан Қосбармақовтың бөлмесі болуы керек, үш адамдық бөлмеге дастарқан жайылыпты. Төрде маңдайы жарқырап Сабыр Адай отыр. Оның оң жағына Светқали жайғасыпты. Одан төменіректе Табылды отыр. Жұмабай Құлиев пен Александар Тасболатов қонақтарды күтіп алып, бірге жүр екен.

Біз барғанда отырыс әбден қызыпты. Ағаларымыздың күркіреп өлең оқығандары, айтқан әңгімелері, тіпті, қалай «сілтейтіндері» де біз үшін  қызық. «Ай, мыналарды қарашы, жетеуі бір кереуетке сыйып кетіпті, ал біз үшеуміз бір кереуетте отырмыз. Айналайын, ақ Табылдың арқасы ғой…»— дейді Светқали бізге қарап, қарқ-қарқ күліп.

Қасындағы екі ағасының пысы басты ма, әлде табиғаты солай ма, маған  Табылды  сабырлы көрінді. Біржанның әртістігіне үйреніп қалғандікі ме, басында ән айтқанын да аса қабылдай алғаным жоқ.

Ағаларымызбен екі күн дуылдадық. Бірте-бірте бойымыз үйрене бастады. Табылдының әндерін де құлағымыздың құрышы қанғанша тыңдадық. Төгіп-төгіп айтады екен. Арқаланып кетеді. Бірте-бірте үйіріп әкетті…

Табылды, меніңше, одан кейін де біз студент кезде,  Алматыға бірнеше рет келген сияқты. Бірақ кездесудің сәті түспеді. Бірақ  университет бітіргенше әндерін «гимн»  қылып,  айтып жүрдік. Біржан балконға шығып, Табылдының әндерін айта бастағанда, бүкіл терезелер ашылып, жүздеген көздер бізге қадалатын. Әнді  аспанға қарап тұрып айтатын Біржан қайырмадан кейін бізден: «Жігіттер, қыздар қарап тұр ма? — деп сұрап қоюды ұмытпайтын…

…Табылдымен екінші рет Ақтөбеде кездестім. Жұмысқа сәл кешігіп келе жатыр ем, тура лифтінің алдында жолықтық. Редакцияға соғып, Ертай ағаммен біраз әңгімелесіпті. Мені күтіп, келе қоймағасын  шығып бара жатқан беті екен. «Димаш – Әлиге» ән жаздырып жатырмын. Қазір Қанатпен кездесуге асығыс кетіп барам. Жақында келемін, отырып әңгімелесерміз…» деді маған. Онымен соңғы рет кездесіп тұрғанымды қайдан білейін…

Бір күні беймезгілдеу уақытта звондады. Үш рет. Ала қойғаным жоқ. Менің номерімді қайдан алғанын білмеймін, телефон алмаспап едік. Бірақ бірде  Шалқардағы Қорғанбек Исаев ініме оның телефоны қатты керек болып, жігіттерден сұрап,  тауып берген едім. Сонда менде  номері сақталып қалған….

Майл.ру-де дос едік. Екі-үш күннен кейін хат жазып ем, қысқа қайырыстық. Неге звондағанын ол да айтпады, мен де сұрамадым.

Көп ұзамай Астанадан Жанат Әскербекқызы звондап: «Табылды қайтыс болыпты…» дегенде сенгім келген жоқ. «Тал қармап», Светқали жездеме звондап ем, рас болып шықты. Олар Индерді бетке алып, жолда бара жатыр екен…

Ертеңіне «Мой мирге» кірсем, жұрттың бәрі аза тұтып жатыр екен. Бірсыпырасына мен де көңіл айттым. «Аға, тау құлағандай болды ғой, — дейді Атыраудағы Бақытгүл Бабаш қарындасым егіліп. Алматыдан Роза Қараева хабарласты. «Алаш айнасы» бет ұйымдастырып жатыр екен. Ештеңе жаза алмадым…

«Ақындардың аузына сөзді Құдай салады» — дейді. Рас шығар. Табылды:

 

…Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

— Қозым-ау, — деші күлімдеп, Баяндай маған.

Өмірді мынау, қалқам-ау, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем, бір күні, оянбай қалам… — деп еді бір әнінде. Шынымен де оянбай қалыпты…

Қазақы қамсыздығымызға сол жолы тағы бір көзім жетті. Газетке өлеңдерін беруге Табылдының кітабын әрең таптық. Басым тұманытып отырып, алғысөзін әрең жаздым.

…Кейін қарасам, Табылдының қазасы қазақ үшін шынымен де «тау құлағандай» болған екен. Қазақтың тұңғыш бардының не жөні түзу кітабы шықпапты,  Астана мен Алматыны былай қойғанда, өзі туған облыстың орталығында да  жеке концерті ұйымдастырылмапты. Тіпті өз ауданындағы концертте де шетке қағылыпты бірде…

Өзі айтқандай «прокатқа алған» өмірінің бұлай тез аяқталарын, әрине, ешкім білген жоқ.

…Біз түгіл құтылмаған алып Абай,

Білмеймін о дүниенің қалы қалай?

Табылдың бір кездегі әні екен деп,

Соңымнан зарлап жүрсін қалың адай…. — деп еді «Табылдың әні» деген әнінде. Қалың қазақ аһ ұрып қалды артында. Ендігі жылағаннан не пайда? «Тіріде сыйласпаған ағайын…»

…Достар,  менің қабіріме келмеңдер,

Тірілерді танымайды өлгендер…

Иә, Табылды бізді енді «танымайды».

Бірақ… өлгеннің артынан өлмек жоқ. Оны біз тануымыз керек! Болашақ ұрпақ білуі қажет! Табылдының өнеріне деген ендігі құрмет қазақ үшін керек! Оның шығармаларын жинақтап, артында қалған мол мұрасын жұртқа жеткізу — міндетіміз!

Қазір осы бағытта біраз шаруалар жасалып жатыр. Ақтауда Табылды Досымовты еске алуға арналған кеш өтті.

Енді сол кеш Ақтөбеде жалғаспақ. 25 сәуір күні Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ғимаратында Табылдының шығармашылығына арналған кеш өтеді. Оған қазаққа ең алғаш гитарамен ән айтудың үлгісін көрсеткен атақты Қорабай Есенов, Табылдының сыйлас ағасы болған ақын Жұмабай Құлиев, бардпен етене араласқан тамаша ақын Әбубәкір Смайыл, телевидение саласының майталмандары,  Досымовпен студенттік шақтың қызығын бірге кешкен Серік Абас-Шах, Арман Сқабылұлы, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, белгілі суретші Ерсайын Жапақ, қазақтың ерке әншісі Елена Әбдіқалықова, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмаровалар қатысады.

Кешті өткізуге мұрындық болып жүрген  азамат — Табылдының көзі тірісінде ерекше сыйласқан ағасы, ақтөбелік кәсіпкер Бижан Қалмағанбетов. Бижан 2009 жылы демеушілік жасап,  «Димаш-Әли» студиясынан қазақтың тұңғыш бардының «Табылдың әні» атты дискісін шығартқан болатын. Табылды балаша қуанып, 2000 дана дискіні жұрт пышақүсті талап әкеткенін хабарлағанда, қосымша тағы диск шығартып дереу жеткізген азамат Досымов дүниеден өткенде  де ең бірінші болып, отбасының жанынан табылған-ды. Жігіттердің басын қосып, басын да қарайтты. Оның шашылып жатқан мұрасын да жинақтап жүр. Енді, міне, осыншама адамның басын қосып, үлкен кеш өткізбек.

… Қайталап айтайық, Табылды — қазақтың тұңғыш бард-ақыны! Оған дейін өз заманының тынысын  гитараның үніне қосып жеткізген дарын ұлтымызда болған жоқ. Өкінішке қарай, одан кейін де ешкім көрінбей тұр.

Ол өз өлеңдерімен қоса біз жоғарыда айтқан қазақтың біршама ақынының өлеңдерін гитара тілімен «сөйлетті». Тіпті кейде батыл қадамдарға да барды. Мысалы, Мұқағалидың сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» атты әніне өзі қосқан қайырма Мұқаңның төл туындысындай үйлесе кетті. Оның өз жырлары  да болмысына сай,  қалыпқа сыймайтын арда өлеңдер  еді.

Өмірден ерте кеткен оралдық ақын Сағат Әбдуғалиевтың да мұраларын жинақтап,  жұртқа жеткізген де Табылды болатын. Өз дүниелерін насихаттауды құнттамай,  «өзгенің» мұрасын тірнектеп жинаған асылға не дерсің…

Беу, дүние-ай, енді Табылдының мұрасын жинақтайтын кез де жетіпті…

«Талантты қадірлейік тірісінде…». Қадыр ақын айтуын айтып еді-ау.  Оралханның кейіпкері айтпақшы: «Неге біз осы…».

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Ақтөбе қаласы, 7.04.2012.

 

 

 

Табылды ДОСЫМОВ

 

Табылдың әні

 

Бұл дүние айналғанмен сырласыңа,

Мен кепіл мәңгі бақи тұрмасына.

Бір күні құдайыңнан хабар келсе,

Шығасың сен де, құрбым, қыр басына.

Қайғырып досың түгіл бақталасың,

Кеудеңде сағат-ғұмыр тоқтағасын,

Қалдырып мынау жалған дүниені,

Келмеске мәңгі бақи аттанасың.

Сол жаққа аттанасың бәрі барған,

Қалады көкірегіңде алып арман.

Қалады аузыңда сары тісің,

Қалады гаражыңда сары «Волгаң».

Біреуде ақшаң қалар қарыз алған,

Мұрныңды шақшаң қалар зәрі жарған.

Он бөлме үйің қалар, қиын болар,

Өйткені бәрі жалған, бәрі жалған.

Бұл қазақ мол байлықты текке іздейді,

Ақшаңды миллионға жеткіз, мейлі.

Сенімен қырсық құдай о дүниеге,

Сом түгіл соқыр тиын өткізбейді.

Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,

Бір күні қу жаныңды бұйымшылар.

Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,

Табылдың құтылуы қиын шығар.

Біз түгіл құтылмаған алып Абай,

Білмедім о дүниенің халі қалай?!

Табылдың бір кездегі әні екен деп,

Соңымнан зарлап жүрсін қалың адай.

Жігіттер, артық айтсам, кінә тақпа,

Батайық күліп-ойнап рахатқа.

Өмірден кәрі де өтер, бәрі бекер,

Берілген тірлік бізге «прокатқа».

 

Биіктік

 

«Тау баласы тауға қарап өседі»…

Т.Молдағалиев.

 

Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,

Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.

Толағай боп туылмадым, әттең-ай,

Атырауға әкелер ме ем бір тауды…

Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,

Экраннан Эверестке үздігер.

Обаны — адыр, адырларды төбе деп,

Төбелерді тау деседі біздің ел.

Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен,

Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.

Осы қырда төбешіктей Аналар,

Дүниеге таудай Ұлдар әкелген.

Ерліктері айналмайтын елеске,

Атыраудың алыбының бәрі есте.

«Ереуіл атқа ерін салған егесте»,

Махамбеттің өзі бір тау емес пе?!

Жанарында жасын ойнап керемет,

Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп.

Санаң болса қалай ғана айтарсың,

Нысанбаев тау емес ед, төбе деп.

Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай,

Жүздерінде шабыт оты жүр маздай.

Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,

Талай таулық кетер ме екен жыр жазбай.

Алты Алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті, айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген.

Бір құдірет тұла бойда тасқанда,

Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,

Қыр баласы тауға қарап өспейді,

Қыр баласы қол созады аспанға…

 

Әулет диалогы

 

Атам айтты: «Ұлым ел қорғаса», — деп,

Әкем айтты: «Сұм соғыс болмаса», — деп.

Мен айттым: «Коммунизм орнаса», — деп,

Ұлым айтты: «Бәрі де далбаса», — деп.

Атам «Аттан, кедейін!» айта күліп,

Әкем жатты, «Фашистер тойтарылып»…

Мен даурықтым: «Жатырмыз қайта құрып!»

Ұлым күлді: «Кетпейік қайта құрып»…

Атам айтты: «Кеңеске — бағалыңмын!»

Әкем күлді: «Пірімін Заманымның».

Мен де шыңға шырқауға шама қылдым,

Ұлым айтты: «Бүрі жоқ табаныңның».

Атам пісті сабасын: «Төгілді», — деп,

Әкем күлді: «Спиртпен көңілдірек!»

Мен сырамды сімірдім, ұлым айтты:

«Нашақорлық жайлады өмірді»,  — деп.

Ақтады атам бидайды қауызындағы,

Ойланды әкем: «Сол қулар сау жүр ме әлі?..»

Мен газетке үңілдім. «ТФУ» деді —

Ұлым «Қазақстанын» аузындағы…

 

Қазақ едім дегенше…

 

Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,

Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.

Сәкен, Ілияс, Бейімбет — үш арысты бір түнде,

Арамыздан ап кеткен «Үш әріппін» десеңші.

Қазақ едім дегенше, бастық едім десеңші,

Самар асқан составпен, астық едім десеңші.

Өзіме-өзім, дүние-ай, қас қып едім десеңші,

Қырып салған халқымды аштық едім десеңші.

Қазақ едім дегенше, нар едім ғой десеңші,

Бар дәулетті шашуға бар едім ғой десеңші.

«Кемелденген кездерде» 50 миллион болып,

Құла түзде мыңғырған мал едім ғой десеңші.

Қазақ едім дегенше, дарын едім десеңші,

Әуелетіп «Айдайға» салып едім десеңші.

Бойдан қуат кеткенде ұл-қызыммен қоштасып,

Қарттар үйі алдында қалып едім десеңші…

 

Өмірзая

 

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

«Қозым-ау» деші күлімдеп

Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай,

мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам…

 

Оянбай қалам, бұл — шындық,

ұрыспа, қалқам,

Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары.

Гитарамды алып,

елеусіз бұрышта қалған,

Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі.

 

Жүректе — қайғы, баста — мұң,

көңілде — қырау,

Оңай ма, жаным, жаныңды

қайғы ауыртқасын.

Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,

Шараптан емес,

шаттықтан айналып басым?!

 

Жанардан ұштың жасын күн —

базарым едің,

Ақ арман неге қол бұлғап

шақырмайды алдан?

Отырам сосын, тұнжырап,

сазарып өңім,

Оқтаулы мылтық секілді

атылмай қалған.

 

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

«Қозым-ау» деші күлімдеп

Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай,

мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам…

 

Алматыда қалған қыз

 

Сен де армансың, мен де

арманмын, арманбыз,

Армандарды армандарға жалғармыз.

Саған құсым қалықтайды алыстан,

Аманбысың, Алматыда қалған қыз?!

 

Сен де еркесің, мен де еркемін, еркеле,

Еркеліктің елік-күні келте ме?

Күйіп, күйіп күпті болған жүректі,

Өтінемін, екінші рет өртеме…

 

Жанарына сағыныштан жас тола,

Өзің болып қол бұлғайды астана.

Лүпілдеген жүрегімсің сен менің,

Қалайша оны жұлып берем басқаға?!

 

Сен де армансың, мен де арманмын,

арманбыз,

Армандарды армандарға жалғармыз.

Саған құсым қалықтайды алыстан,

Аманбысың, Алматыда қалған қыз?!.

 

Жалғыздық

 

Жалықтым. Жабықтым. Жаңа ұқтым,

Еңсемдi езедi тамұқ-түн.

Сығалап қарадым мен оған,

Терезесiнен табыттың.

 

Алқымнан алады кендiр-мұң,

Көңiлiмдi көрге де көндiрдiм.

Шаршаған шылымымның шоғын

Қарашығыма сөндiрдiм.

 

Лақаттан лақтырдым бөркiмдi,

Тәнiмдi жаным жеп өлтiрдi.

Жардағы сүгiрет үнi кеп,

Күлкiмдi менiң келтiрдi.

 

Сезiмiм құламай, сенделiп,

Қиялым барады жерге енiп.

Қараңғы тып-тымық бөлмеде

Жарқырап шам тұр тербелiп…

…Бiреу келсе екен!..

 

Ақан серiге

 

Жастық атты жүргенде дүрбелеңмен,

Аруларға ғашық боп қызғанарлық.

«Таң асырып торыны» мiнбегенмен,

Қылыңдарға таксилеп бiз де бардық.

 

Шығамын деп сәлемiн жолдағанмен,

Шықпай қалып жүректi сыздатқан қыз.

Сiздiкiндей көк бұйра болмағанмен,

Көсiп-көсiп шақшадан бiз де атқанбыз.

 

Жел өтiнде желiккен Табылды аяп,

Түнерiп ап қабағын мұң басқан күз.

«Екеу ара бiр шапан» жамылмай-ақ,

Бiр қол шатыр астында сырласқанбыз.

 

Келешектiң бiз кезiп елесiн көп,

Орындалып ойдағы арман-iсiм.

«Ендi қашан, ағажан, келесiң?» — деп,

Әлгi арудың жәудiреп қалғаны шын.

 

Шақшамды алып, тағы бiр көсiп, күлiп,

Жыр құрадым бағзы ақындардай.

Таң алдында трамвай тосып тұрып,

Қиналғаным болмаса атым болмай.

 

 

Тұңғыш балықшылар Гурьевтердiң

әкесi Гурий Назарьев ақсақалдың

 

Рухына ашық хат

 

Түсiңе кiрiп бекiре балық,

Шоршыған бiздiң айлақта.

Тарттың да кеттiң шоқынып алып,

Атырау дейтiн аймаққа.

 

Орнатамын деп киелi қорған,

Сесiнен қорқып «киргиздiң»,

Ата-бабамның сүйегi қалған

Жағаға қамал тұрғыздың.

 

Жатырған шөгiп атандай далам,

Жiбек жолының өткелi.

Қос құрлықты қатар жайлаған,

Бабалар бiздiң тектi едi.

 

Жүргенде солар көтерiп кеуде,

Тамырға теңеп орысын.

Бөлген жоқ олар материктерге,

Атадан қалған қонысын.

 

Сен келiп, малы төсiнде ойнаған

Даламды менiң үркiттiң.

Соңынан малдың көшудi ойлаған

Бабамды менiң үркiттiң.

 

Жауады бүгiн сұрақтың бәрi,

Сауалы болып өткеннiң.

Балықты мықтап ұнаттың-дағы,

Халықты иттен жек көрдiң.

 

Су асып, қаңғып келген орыспен,

Жауласып қазақ бұзылды.

Қулығың сенiң кеудеңе түскен,

Сақалың құсап ұзын-ды…

Кездерге сол бiр өкiнедi елiм,

Құра алмай қалған қақпанды.

Төрт ғасыр тайдай бекiрелерiм

Ресей жаққа аттанды.

Пенделер қашан өлгендi аяды,

Ұмытқан бұл күн мүрдеңдi.

Белiңде сенiң келген баяғы,

Ұрпағың қазiр гүлдендi.

Тапқандай олар жерұйықты ендi,

Байлықтың бiлiп не екенiн.

Күтедi жылда Гурьевтердi,

Ярославль — мекенiң…

 

Қайысып қайғы көзiне тұнған

Дүниенi төрткүл тәрiк қып.

Мал екеш мал да жерiне туған,

Тартпаушы ма едi жарықтық.

Катерлер ұқсас қара албастыға,

Аулары бейне қайғы-мұң.

Ұрпағың сенiң оралмас, сiрә,

Каспийдың құртпай байлығын…

 

Түсiршi, қартым, шамалап еске,

Кез келдi ендi мақұлдар.

Салғаның сенiң қамал емес пе,

Қалада қандай ақың бар?!

 

Осыны керек бағалауың да,

Балықшы жұрттың сардары!

Ақ Жайығымның жағалауында

Мүрдеңнiң аз ба қалғаны…

Желтоқсандағы жыр-ән

 

Мен қазақпын,

Жүре алмайтын шаттанбаса, күлмесе,

Мен қазақпын,

Iшкен асын тастай салар жыр десе.

Мен қазақпын,

Ашуланып талақ қылар тiрлiктi

Шайға бола бiр кесе…

 

Мен бұл күнде құл емеспiн, күң емеспiн,

Азатпын!

Ендi азатпын,

Басымыздан өткен талай тозақ күн.

Мен қазақпын,

Жалғыз атын сыйға арнайтын қонаққа,

Ертесiне қиналмайтын Қазақпын.

 

Мен қазақпын,

Басқа жанмын деп айтуға жоқ дәрмен.

Мен қазақпын

Азапты да, ғажапты да көп көрген.

Мен қазақпын,

Жүрегiмде шырылдаған шындықты

Жасқамаңдар шоқпармен!..

 

Мен қазақпын, мен қазақпын,

Қазақпын деп айтам ән.

Халқым үшiн қан-додаға кiрмей

қалай жай табам?!

Менiң қаным тебiренсе

Тентек Каспий секiлдi,

Қинайтұғын, ұйымайтұғын,

Арнасына сыймайтұғын қайтадан.

Бауыржан дос...

 

(Бауыржан Үсеновке)

 

Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін

Дендерден,

Мен де бір күн кетер ме екем

бақұлдасып сендермен.

Махаббаттың жыршысымен

қалу үшін қоштасып,

Қабіріме келер талай қос ғашық…

 

Достар, сонда қабіріме келмеңдер,

Тірілерді танымайды өлгендер.

Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,

Мен сендерді күтем ылғи тамұқта…

 

Тауым қайтып опасы жоқ,

орындалмас арманнан,

Мен де бір күн жөнелермін мынау

фәни-жалғаннан.

Мендік жүрек сөнер ме екен,

семер ме екен мәңгілік,

Талай сеніп, талай рет алданған…

 

Достар, сонда қабіріме келмеңдер,

Тірілерді танымайды өлгендер.

Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,

Мен сендерді күтем ылғи тамұқта…

Өлмеңдер,

Ерлеңдер…

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. «Бір күні беймезгілдеу уақытта звондады. Үш рет. Ала қойғаным жоқ». Мынаны жазған адам, анық, қатты адам. Мүмкін, марқұм бір көмек сұрағысы не бір тілегін айтқысы келген шығар… Сөйте тұра, естелік жазғышын.О, заман-ай!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button