МЕДИАСАУАТТЫ БОЛУ — БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

Семинар
Өткен жұма күні Ақтөбе қаласында «Әлеуметтік желідегі тиімді коммуникация: ақпаратты беру мен қабылдаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер клубының мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, белсенді жастар шақырылды.
— Басқосуды ұйымдастыру арқылы баспасөз қызметі мамандарының кәсіби деңгейін арттырып, қазіргі ақпарат кеңістігінде тиімді жұмыс жүргізу дағдысын қалыптастыруды көздедік. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде мазмұнды әрі сапалы ақпарат жеткізу, аудиториямен сауатты байланыс орнату сияқты мәселелерге баса мән бердік, — деп атап өтті өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметкері Бекзат Молдыкешева.
Шара барысында ҚХА жанындағы өңірлік журналистер клубының төрағасы Бибігүл Биманова, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбедегі филиалының төрағасы Зүлфия Набиулина, маркетолог Айдана Ким заманауи коммуникация процестерінің ерекшелігін түсіндіріп, әлеуметтік желілерде контентті тиімді ілгерілету тәсілдері мен ақпаратты қабылдау психологиясының негізгі қағидалары туралы ой бөлісті. Медиадағы мәдениет, сапалы контент жасау, аудиториямен дұрыс байланыс орнату сияқты маңызды бағыттар бойынша да тәжірибе бөлісті.
— Ақпараттық кеңістіктегі мәдениет пен жауапкершілік, этносаралық татулықтың медиа өлшемі қазіргі цифрландыру дәуірінде — әлеуметтік желілер ықпалы артып тұрған уақытта ерекше өзекті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер клубы құрылған күннен бастап ұлттық үнді қалыптастыру, ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту жолында жүйелі жұмыс істеп келеді. Біздің клуб — тек ақпарат тарататын орта емес, сарапталған пікір айтылатын, қоғамдық келісім идеялары талқыланатын, медиа саласында этносаралық қарым-қатынасты нығайту бағытындағы бастамаларды біріктіретін тұрақты алаң.
Біз жылдар бойы өзгермей келе жатқан басты ұстанымымызға адалмыз. Ол —халықтар достығын, этносаралық келісім мен бірлікті сақтау. Жаңашылдық пен ашықтықты ұстана отырып, біз өңірдегі журналистермен тәжірибе алмасып, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған түрлі шара өткізіп келеміз. Бүгінгі семинар да соның бір көрінісі.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер жылдам ақпарат алмасудың, қоғамдық пікір қалыптастырудың негізгі алаңына айналды. Бұл — үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Әлеуметтік желідегі әр жазба, пікірдің өзі қоғамдық келісімге, этносаралық қатынасқа әсер етуі мүмкін. Сондықтан журналистер қауымы, әлеуметтік желі қолданушылары да цифрлық мәдениет пен цифрлық сауаттылықты жоғары деңгейде ұстануы қажет. Цифрлық сауатты болу — ақпаратты дұрыс қабылдау, тексерілген дерекке сүйену, фейк таратпау, онлайн этиканы сақтау. Бұл қағидалар барлығымыз үшін аса маңызды, — дейді Б.Биманова.
Қатысушылар тәжірибелік құралдар, тиімді SMM стратегиялары және медиасауат бойынша жаңа дағдыларды меңгеріп, әлеуметтік желілердегі жұмысты жандандырудың қыр-сырын үйренді.
Соңында Ассамблеяға жыл бойы ақпараттық қолдау жасап, әлеуметтік желілерде белсенділік танытқан жастарға Алғыс хат табысталды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



