«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП — САЛАУАТТЫ ҚОҒАМНЫҢ КЕПІЛІ»

Заң мен тәртіп
Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепте нашақорлық пен лудоманияның алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп — салауатты қоғамның кепілі» тақырыбында жалпықалалық интерактивті кездесу өтті.
Іс-шараға қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева, құқық қорғау органының өкілдері, қала мектептерінің 8-10 сынып оқушылары, психологтер, сынып жетекшілері қатысты.
Кездесуде жастар арасында құқықбұзушылықты төмендету, есірткі мен психотропты заттардың зияны, лудоманияның қаупі, заңнамалық жауапкершілік және алдын алу тетіктері жан-жақты түсіндірілді.
Ақтөбе облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Жүніс Кәкімовтің айтуынша, өңірде есірткі және психотропты заттар бойынша қылмыстар саны азаймай тұр.
— Мәселен, Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша былтыр 120 адам, биыл 126 адам сотталған. Ал 297-бап — есірткі мен психотропты заттарды ірі және аса ірі көлемде өткізу бойынша өткен жылы 35 адам, биыл 39 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл — өте алаңдатарлық көрсеткіш. Сондықтан кәмелетке толмағандарды күмәнді заттардан, бейтаныс ұсыныстардан аулақ жүруге шақырамын, — деді прокурор.
Кездесуде №8 мектептегі ер мұғалімдерден құралған «Тәртіп сақшылары» тобының жұмысы таныстырылды. Арнайы топ мүшесі Сүндет Жолдыбайұлының айтуынша, олар түнгі рейдтерге жиі шығады.
— Түнгі уақыттарда полиция қызметкерлерімен және ата-аналармен бірге рейдке шығып тұрамыз. Мақсатымыз — оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, беймезгіл уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау, — деді ол.
Кездесуде Ақтөбе қаласы Алматы ауданы №3 ҚПБ ЖПҚБ полиция майоры Кенжегүл Махмудова, облыстық жастар денсаулық орталығының меңгерушісі Серік Әлімбаев, №8 орта мектептің директоры Талғат Қаймолдин жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықты арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіптерден сақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу және қиындық туған жағдайда үлкендерден көмек сұраудан тартынбау қажеттігін еске салды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



