АУЫЛДЫҢ ДАМУ БАҒДАРЫ — МЕМЛЕКЕТТІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТІ

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 2500 ауыл әкімі жиналды. Оның ішінде ақтөбеліктер де бар. Аймақ басшысы Асхат Шахаров бастаған делегацияда 108 ауыл әкімі болды.
Айтулы жиында Мемлекет басшысы ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындады, сондай-ақ еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Президенттің айтуынша, ауыл әкімдері осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отыр.
— Шын мәнінде, тақырып — өте өзекті. Ауылдың жағдайы — еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры — ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім — ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл — өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы — 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі — бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. «Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл — жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалады. «Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де — әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын. Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл — ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасына облыстан 108 ауыл әкімі қатысты. Делегацияны өңір басшысы Асхат Шахаров бастап барды. Өңір бойынша 206 ауылдық және қалалық округ әкімдері тікелей сайланды.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдардағы оң өзгерістерге тоқталып, әкімдердің жұмысын жақсарту бағытында бірқатар нақты міндет қойды. Атап айтсақ, Президент 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аударды. Алғашқы Жарлығы да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр.
Жиында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, сондай-ақ өңірлерден келген ауыл әкімдері сөз сөйледі. Олардың қатарында сөз сөйлеген Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов елді мекен әкімдері өз міндеттеріне жатпайтын жұмысты атқаратынын жеткізді.

«2022 жылы сіздің бастамаңызбен енгізген әкімдерді тікелей сайлау реформасының нәтижесінде халықтың сеніміне ие болып, осы қызметке келдім. Бұл реформа ауылдағы әрбір азаматтың дауысы естілетін жаңа кезеңді ашты. Ауыл әкімдері енді халық таңдаған, жауапкершілігі жоғары буынға айналды. Сайланған әкімнің мәртебесі халық алдындағы міндеттемелерді орындау үшін жоғары жауапкершілік пен өкілеттілікті қажет етеді», — деді ол.
Оның айтуынша, ауыл әкімдері кейде өз міндеттеріне кірмейтін тапсырмаларға жиі тап болады. «Ашық айтсам, бізді заңсыз мал жаю немесе жол көлік оқиғалары үшін әкімшілік айыппұл салуға міндеттейді. Шын мәнінде, әкімдерден тергеу мен іздестіру элементтерін жүргізу талап етіледі. Сонымен қатар әкімдер қаңғыбас жануарларды ұстау, тіпті оларды ату сияқты мәселелермен айналысуға мәжбүр. Ал мұндай жұмыстар жергілікті басшының емес, мамандандырылған қызметтердің құзыретіне жататын міндеттер деп есептеймін. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда ауыл әкімінің 40-қа жуық құзыреті бекітілген. Алайда жаңа міндеттер мен сайлауалды талаптарды ескере отырып, бұл нормаларды қайта қарау қажет деп санаймын. Менің бұл ойымды өңірлердегі әріптестерімнің басым бөлігі қолдайды деп сенемін. Ашығын айтсам, бүгінгі таңда ауыл әкімдерінде түсінікті әрі нақты тиімділік көрсеткіштері жоқ. Ал халық бізді есептермен емес, мүлде басқаша бағалайды. Олар судың, жолдың, жұмыс орындарының, табыс пен ауыл өмірі жағдайының жақсаруына мән береді. Сондықтан мен жаңа бағалау жүйесі әр ауыл тұрғыны үшін айқын әрі маңызды нәтижелерге негізделуге тиіс деп нық сеніммен айта аламын. Бұл — тұрғындардың табысының өсуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, қайта өңдеу, кооперация және шағын бизнестің дамуы. Халық көптен күткен жеке және қосалқы шаруашылықтарға лайықты жайылымдар да осының ішінде. Қарапайым тілмен айтсақ, әкімді нағыз қағаздағы көрсеткіш емес, халық күнде көріп жүрген нақты өзгерістер арқылы бағалауға тиіс. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту бойынша ең басты мәселе — барлығы ресурсқа тіреледі. Ауыл бюджетінің бүгінде өзіндік кірістері өте аз, ал кіріс пен шығыс арасындағы тепе-теңдік іс жүзінде жоқтығын ашық мойындауымыз керек. Міне, қарапайым мысал. Мен қызмет атқарып отырған Тәңірберген ауылдық округінде 70-тен астам шағын бизнес субъектісі және 5 орта деңгейдегі кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 350 ауыл тұрғыны еңбек етеді. Бизнес дамып жатыр, адамдар жұмыс істеп жүр, бірақ ауылдық округ бюджетіне өте аз қаржы қалады. Бізге тек көлік, жер және мүлік салықтары бойынша кірістер кіреді. Ал негізгі кіріс — экологиялық корпоративтік көлік салығының бір бөлігі және де басқа төлемдер аудан мен облысқа кетеді. Қазіргі таңда кіріс 16 миллион теңгені құраса, қажеттілік — 54 миллион теңге. Айырмашылық өте үлкен. Бұл ауылдың дамуын тежеп отыр. Нәтижесінде инфрақұрылым мен әлеуметтік саланың жүктемесі бізде, ал ресурстар жоғарыға кетеді. Егер осы салықтардың кем дегенде бір бөлігі ауылда қалса, негізгі мәселелер шешімін табатын еді. Егер адамдар жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істеп, біздің ауылдарда тұрса, салықтардың да бір бөлігі осы ауылдарға қайтуы көңілге қонымды әрі әділ болар еді деп сенемін. Бұл бізге ауылдың дамуы және тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешу үшін нақты ресурстар береді», — деді ол.

Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы аясында мемлекет дамуының негізгі бағыттарына қатысты панельдік сессиялар өтті. Облыстан барған ауыл әкімдері 6 панельдік сессияда белсенділік танытты. Сессиялар еркін форматта өтіп, әкімдер мен Үкімет өкілдері арасында тікелей диалог орнады. Ауыл әкімдері вице-премьерлерден бастап, бейінді министрлерге дейінгі орталық мемлекеттік органдардың басшыларына өз сұрақтарын қойды. Сондай-ақ олар азаматтардың әл-ауқатын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту, өңірлік саясат, бюджет-қаржы саясаты, ауылдың цифрлық тұрғыда дамуы, мемлекеттік қызмет сынды алты бағыт бойынша маңызды мәселелерді талқылады.
Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасына облыстан қатысқан бірқатар ауыл әкімінің пікірі төмендегідей:

Оралбек Әбшанов, Шалқар ауданы Айшуақ округінің әкімі:
— Маған ерекше әсер еткені — ауыл әкімдерінің мәртебесін нақты көтеру туралы тапсырма. Бұл реформа жергілікті басқарудың тиімділігін арттырып, әкімдердің жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар салықты ауылда қалдыруға қатысты ұсыныстар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Ауылда жұмыс істеу — үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметкерлерге жасалатын қолдау олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмысқа деген мотивацияны арттырады. Бұл — ауылдағы кадр тапшылығын шешуге де өз ықпалын тигізетін нақты қадам.

Қуанышбек Серікжанов, Темір ауданы Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі:
— Бұл форум — тәжірибе алмасатын маңызды алаң. Мемлекет басшысы ауылды дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды. Мен үшін басым бағыттардың бірі — экологиялық төлемдердің бір бөлігін ауылда қалдыру. Бұл инфрақұрылымды жаңартуға зор қолдау болар еді. Сондай-ақ салық түсімдерінің үлесін округ бюджетінде қалдыру жергілікті мәселелерді жедел шешуге жол ашады.

Ербол Әбдіров, Хромтау ауданы Тассай ауылдық округінің әкімі:
— Мемлекет басшысы ауыл әкімдерімен тікелей кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдап жүр. Президент өз сөзінде ауылдарды дамыту үшін кәсіби, жаңашыл, адал еңбек ететін, елін-жерін сүйетін патриот азаматтар қажет екенін атап өтті. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру — ең бірінші міндет.
Арайлым НҰРБАЕВА.



