Басты жаңалықтар

ЕҢБЕККЕ БАУЛУ — ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

Ұстаз ойы

Қоғамның дамуы мен ұрпақтың кемел болашағы — сапалы тәрбиенің жемісі. Ал тәрбиенің өзегі — еңбекке баулу.

Ахмет Байтұрсынұлы «Баланы ұлша тәрбиелесең — ұл, құлша тәрбиелесең — құл болмақшы» деп, тәрбиенің бағыты мен мазмұнына ерекше мән береді.

Әзілхан Нұршайықов «Бала тәрбиесінің ең үлкені — оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деп, еңбек тәрбиесінің өмірлік маңызын айқындайды.

Баланың еңбекке деген сүйіспеншілігі, ең алдымен, отбасында негізін қалайды. Үй шаруасына араласу, ата-ананың еңбегін бағалау баланың еңбекке деген көзқарасын қалыптастырады. Ал мектеп бұл тәрбиені жүйелі түрде жалғастырып, тереңдетуге тиіс. Еңбекке баулу — рухани, адамгершілік, әлеуметтік тәрбиенің тұғыры. Еңбек арқылы бала өз орнын табады, қоғамға пайдалы болуға ұмтылады, өмірдің мәнін түсінеді.

Қоғамның іргетасы — тәрбие. Ал тәрбиенің өзегі — еңбек. Ежелден-ақ халқымыз «Еңбек етсең — емерсің», «Еңбек ер атандырады» деп, жас ұрпақты еңбекке баулуды өмірлік қағида етіп ұстанған. Қазіргі таңда бұл қағиданың өзектілігі арта түсті. Себебі еңбекке баулу — баланың тұлғалық дамуының бастауы: жауапкершілік пен тәртіптілік, табандылық пен шыдамдылық, ұқыптылық пен адалдық, ұжыммен жұмыс істеу дағдысы сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Бұл қасиеттер мектеп қабырғасында ғана емес, өмір бойы қажет болады.

Бүгінгі цифрлы заманда балалардың көпшілігі виртуалды әлемге еніп, нақты еңбекпен айналысуға құлықсыз. Бұл — алаңдатарлық жағдай. Сондықтан мектептерде еңбекке баулу сабақтарын жандандыру, ата-аналар тарапынан үй шаруасына тарту, еңбекке қатысты үйірмелер мен жобалар ұйымдастыру маңызды.

Ыбырай Алтынсарин «Қазақ жастарын өнер-білімге, еңбекке баулу — басты міндет» деп, ұлт болашағы үшін еңбек тәрбиесінің маңызын ерекше көрсеткен.

Еңбек — тек табыс көзі емес, ол — тәрбие құралы. Еңбекке баулынған бала — ертеңгі ел тірегі. Сондықтан тәрбие саласында еңбекке баулуға басымдық беру — бүгіннің басты міндеті.

 

Ботакөз СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button