АУЫЛДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Бокс
Шалқар ауданы Жылтыр ауылындағы Т.Шанов атындағы орта мектепте Қайырғали Назаров атындағы алғашқы халықаралық бокс турнирі өтті.
Қайырғали Назаров — Жылтыр ауылының танымал азаматы, осы ауылда бокс спортын дамытқан алғашқы бапкерлердің бірі. Ол көп жыл бойы жасөспірімдерді спортқа баулып, ел ішінде беделді ұстаз, білікті ұйымдастырушы ретінде танылған.

Турнир Қайырғали Назаров көп жыл басшылық еткен мектеп түлектері мен оның шәкірттері, әріптес-ұстаздарының бастамасымен ұйымдастырылды.
Халықаралық деңгейде өткен додаға Тәжікстан, Қырғызстан, Ресейден келген спортшылармен қатар, еліміздің әр аймағынан — Астана, Түркістан, Қызылорда, Шымкент, Орал, Ақтөбе қалаларынан жас боксшылар қатысты.
Жарыстың ашылуында Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов қатысушыларға сәттілік тілеп, ұстаздың еңбегі туралы айтып өтті.

— Қайырғали Ерғалиұлы — көптеген жасқа спорттың құндылығын ұғындырып, салауатты өмір салтын насихаттаған ұстаз. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Бұл — ұстаздың ел үшін жасаған елеулі еңбегінің жемісі, — деді ол.
Салтанатты жиында Қайырғали Назаров жас спортшыларға ақ тілегін арнап, жігер мен сәттілік тіледі. Ардагер ұстаз, қоғам қайраткері Қойшыбек Әминов турнирге қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдіріп, тағылымды әңгімесімен әсерлі ой қалдырды.

Турнир соңында жеңімпаздар марапатталып, медаль мен кубоктарға ие болды. Сонымен қатар үздік боксшыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл жас спортшылардың алдағы жетістіктерге деген ынтасын арттырып, жігерін жанитын маңызды қолдау болды.
Іс-шараның жалғасы ретінде Қайырғали Назаровтың қызы Назеркенің қолдауымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама өтті. Кеш барысында әнші Мәди Қадыров пен ауылдың талантты қызы Гүлфайруз Хасен әсем әнмен көрермен көңілін көтерді. Сондай-ақ мектеп түлегі, белгілі әзілкеш Нұрлыбек Жұбатқан «Екі езу» театрының бағдарламасымен жұртшылыққа күлкі мен шаттық сыйлап, турнирдің шырайын аша түсті.
Жұртшылық ерекше көңіл күймен тарқасты.
Игілік ҚОЖАБЕРГЕНОВА, Т.Шанов атындағы мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Шалқар ауданы.



