ҚОҒАМҒА РУХАНИ ТЕРЕҢДІК БІЛІМ, ЕҢБЕК АРҚЫЛЫ КЕЛЕДІ

Соңғы үш жылдан бері Ұлттық құрылтайда елдің болашағына қатысты көптеген мәселелер көтеріліп келеді. Мемлекет тарапынан көтерілген мәселе, қабылданған шешім, айтылған ұсыныстар қазіргі қоғамның шындығымен қатар, тарихтың да тағылымын негіздейді. Тарихтағы халықтың тәжірибесін бүгінгі қоғам игілігіне жаратуға үндейді. Осы жерде мемлекет, халық болып көңіл бөлуді қажет етіп отырған бір мәселе бар. Елдің тарихындағы тәжірибелерді, ұлттық құндылықтардың бағдарын қоғамға дұрыс жеткізе алатын, халықты жұмылдыратын интеллектуал адамдар қоғамға жетпей жатыр. Тарихта қазақ қоғамында интеллектуал адамдар қатары көп әрі күшті болғандықтан халық қоғамының ішкі және сыртқы мәселелерін зерделеуде қарама-қайшылық болмаған. Барлық мәселе интеллектуалдардың деңгейінде зерделеніп қоғамға барлығы тегіс жеткен. Халықта сөзге түсінетін деңгей болған. Бұның негізгі себебін ойшыл, интеллигент адамдардың рөлінің күшті болуымен түсіндіруге болады.
Интеллектуал адам бұл ұлттық мүддеге жауапты, қоғамға, яғни халыққа үлгі болатын, жол көрсетіп отыратын, бағыт-бағдар беретін адамдар. Мәселен қоғамның ішкі тұтастығын, еркіндігін және жеке адамның ерік қасиеттерін нығайтуға қатысты Абай мұраларындағы ойларды келтірсек ол негізінен мынадай формуладан тұрады. Қай заманда болмасын қоғамның алдында тұратын екі жол бар. Ол дұрыс немесе бұрыс жол болып бөлінеді. Дұрыс жолды таңдау үшін халық ортақ тәжірибені, тарихи уақыттың сынынан өткен ортақ құндылықтарды иеленуі тиіс. Ол Абай айтқан бес асыл қасиет болып шығады. Яғни қоғамда әр адам ең алдымен өзіне дұрыс талап қоя білуі тиіс, еңбекқорлық қажет, терең білім, ой, көзқарас, тәжірибе керек. Қанағатшыл, мейірімді, кешірімді болуы қажет. Елдің болашағына зиянын тигізетін бес дұшпан деп Абайдың нені көрсеткенін білеміз. Олар өсек, өтірік айту, адамның өзін өзі алдауы, мақтаншақтық, жалқаулық, ысырапшылдық секілді зияны мол нәрселер. Бұлардан арылу керектігін, ұрпақтың қашық болуы қажеттігін тарихта ойшылдарымыз талай айтқан. Өкінішке орай қанша айтылса да, бұндай зиянды нәрселерден қашық жүруге елдің тәжірибесі мол болса да арылмай келеміз. Бұның себебі не дейтін болсақ ең алдымен қоғамның көңіл бөлмеушілігін айтар едік. Бүгінгі қоғамда, яғни тәуелсіздік тұсында интеллигент адамдар болғанымен инттеллигенция әлеуметтік институт ретінде қалыптасып жатқан жоқ. Бұны қалыптастыру керек. Тарихта тәуелсіздіктен қол үзген тұста халық бұны қалыптастырды. Халық интеллектуалдар дәстүрінен қол үзген емес. Ал бүгінгі тәуелсіздік тұсында мүмкіндік мол, мемлекетте бұл бағытта саясат жүргізіп келеді. Халықта осы мүмкіндікті пайдалануы қажет, ешкімге де пайда әкелмейтін нәрселерден арылуы қажет десек бұл шындық. Пайда әкелмейтін нәрселер Абай айтқан бес дұшпан. Осыдан халық ұрпақты аулақ қылып тәрбиелеуі керек.
Қоғам бір уақытпен шектелмейді. Әрбір қоғамның мәдени кеңістігінде қалыптасатын жаңа тәжірибелер халықтың елдің өткені мен жаңа уақыттағы озық нәрселерді қатар иеленуінен шығады. Бұған қол жеткізу үшін Абай айтқан халық бес асыл іске назар аударуы қажет.
Ұлттық құндылықтар бұл қоғамның, мемлекеттің беріктігін сақтап, нығайтып отыратын дүниелер. Мемлекет үшін негізгі құндылық бұл халық, оның әрбір адамы. Сонымен қатар мемлекеттің негізгі мүддесін құрайтын құндылықтар (жер, тіл, дін, мәдениет, өнер, білім, ғылым,шаруашылық, заң, саясаты және т.б.). Осы игіліктерді тегістей қорғап, білімі, мәдениет арқылы кейінегі ұрпаққа табыстай алатын қоғам қажет. Сондықтанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Демократия дегеніміз – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты».
Қоғамға қасақана сырттан еніп отыратын нәрселер алдыменен адамның ерік қасиеттерін өзгертуге бағытталғанын ескеру қажет. Себебі мемлекеттің тәуелсіздігі ең алдымен оның мәдениетіне тәуелді. Тәуелсіздік, қоғамның мәдениетінің негізінде әр адамның еркіндігі, білімі, этикалық ұстанымы тұр. Еркіндіктің негізінде ерік қасиеттері бар. Сондықтанда қоғамның, жеке адамның ерік қасиеттерін ұлттық құндылықтар жетілдіріп отырады. Соның ішінде жастардың рухани қалыптасуында оның ерік қасиеттерін жетілдіруге көмектесіп отыратын ұлттық құндылықтар екенін халық естен шығармауы керек. Өкінішке орай қазір қоғамда жастар арасында орын алып отырған мәселелер аз емес. Оған ең алдымен әр отбасы, яғни ата-ана, мектеп жауапты. Соңғы жылдары «синтетикалық есіркі», «лудомания», «буллинг», «кибер буллинг» және т.б. осы секілді ұғымдар пайда болды. Бұл нені көрсетеді? Қазіргі қоғамда баланың болашағына үлкен қауіп төндіретін нәрселердің қоғамда пайда болып жатқанын көрсетеді. Мемлекет, барлық құзырлы органдар бұнымен күресуде. Талай зиянды нәрселердің алдын алуда. Бірақ ең алдымен ата-ана, мектеп өзінің алдындағы өсіп жатқан балаға ие болуы қажет. Аталған зардабы мол нәрселердің орын алуы ең алдымен отбасы институтының, білім беру мекемелерінің әлсіздігін көрсетеді. Отбасы өзінің мемлекетімен байланысын күшейтуі қажет. Ол үшін заң мен тәртіпті орындауға, баланы соған дағдылауы керек. Баланың мәдениетін қалыптастыруда оның денсаулығы да ескерілуі қажет. Себебі ұрпақ ұлттың болашағы. Ал болашаққа оның мәдениеті, денсаулығы қажет.
Ойшыл бабаларымыз Х-ХІІ ғасырдың өзінде қоғамның болашағын айқындайтын кісілік деген. Қоғамның барлық саласында кісілігі бар адамдар оны ілгерілете алады деген тұжырым жасаған. Бұлардың қатарында Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Әл-Фараби және т.б. ойшылдарды айтуға болады. Олардың ойынша әлеуметтік ортада кісілік жетпесе қалған нәрселерді түгендеу, орнына келтіру қиын. Ал кісілік адамды, әсіресе оның қоғамын тарихпен, болашақпен біріктіріп отырады. Сол себептен ата-ана балаға мемлекеттін, айналасындағы адамдарды, ортасын құрметтеуді үйретуі керек. Бәсекелестік, даңғойлық, ысырапшылдық, менмендік, қатігездік, зұлымдық деген жаман әдеттер адамның ойында, бойында да орын алмауы керек. Адам өзінің осы өмірдегі орнын тек кісілікпенғана табады. Сондықтанда адамның болмысын, әсіресе әлеуметтік ортаны кісілікпен өлшеу немесе бағалау барлық кезде орын алған. Мемлекет пен халық, соның ішінде әрбір отбасы бірігіп ұрпақтың бақытты өмір сүруіне себепкер болуы тиіс деген ой жатыр қазақ даналығында. Ол үшін әр адам Жүсіпбек Аймауытов жазғандай қоғамына көмектесуі қажет. Алаш зиялысы өзінің «Жан жүйесі» атты еңбегінде былай деп жазып кеткен: «Өмір бойы еңбек еткен адамның қандай кемелдікке жеткенін сол адамның өмірінен көруге болады. Кемелдікке жету үшін ірі адамдарда келешектегі игілікке зор үміт, өзінің күшіне зор сенім болған. Бір нәрсені іздеп, зерттеп, соңына түскен адам, егер ынтасы, қабілеті, таланты болса, түптің түбінде мақсатына жетпей қоймайды».
Тарихта тұлғаларымыз көтерген адам мен қоғамның болмысына қатысты мәселелер бүгін қайта қозғалуда. Ұлттық құрылтайда зерделенген дүниелердің барлығы ұлттың болашағына қатысты мәселелерді тарихи тұрғыда зердделуге бағытталған. Бұның өзі қоғамның болашағына қатысты мәселе барлық кезде оның мәдениетіне келіп тірелетінін көрсетеді. Мәдениетті жалғайтын ұрпақ. Бүгінгі ұрпақтың да алдында мәдениетке қатысты міндеттер көп. Мәдениеттен қол үзе бастаса жеке адам, оның қоғамы да өзінің деңгейін жоғалта бастайды. Сондықтанда қоғамның басты жетстігі кісілік. Осыған орай мемлекет басшысы бірінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде, «Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуініктер солардыңғана талабын орындауға жүгіреді» деп айтқан болатын.
Қазір қоғамда кітап оқитын адам, жастар азайды. Бұл әрине уақыт өте келе үлкен мәселеге айналуда. Ең алдымен адамның өзіне зиянын тигізеді. Адамға зиян нәрсе қоғамға да зиянын тигізері анық. Адам жаңа нәрселерді, дайын нәрселерді қызығып қабылдағанымен оны өмір, уақыт, мәдениет қабылдамауы мүмкін. Адамға тереңдік білім, еңбек арқылы келеді. Сондықтанда Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамның болашағы оның рухына, рухан мәдениетіне тәуелді. Ал рух мәдениетін қалыптастыратын халықтың өзі. Әр халық осы рухани мәдениеті арқылы адамзаттың игілігіне өзінің үлесін қосып отырады.
Соңғы үш жылдан бері Ұлттық құрылтайда көптеген қоғамның ішінде орын алып отырған мәселелер кеңінен талқылануда. Бүгінгі қоғамға ұлттық құндылықтардың бағдары айқын көрініп отыр. Сырт көзге елеусіз болып көрінгенімен, осы Ұлттық құрылтай отырыстарынан кейін соңғы үш жылдың өзінде жастардың өміріне қауіпті зиянды нәрселерге шектеу қойылғанын көріп отырмыз. Бірақ барлық көтерілген мәселе мемлекет тарапынан зерделеніп, шешімін тауып отырғанымен, оның қоғамда қайталанбауына себепкер халық екенін ескерген жөн.
Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы
Философия ғылымдарының кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі



