«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 БЕЛСЕНДІ КҮН»

Облыста 25 қараша күні «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» атты халықаралық акция аясындағы іс-шаралар басталды. 10 желтоқсанға дейін жалғасатын акция барысында қоғамның әртүрлі топтарын қамтитын түрлі кездесу, ақпараттық жұмыс жүргізілмек.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәжілісінде Ақтөбе облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева мен облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлыбек Суентаев өңірдегі отбасылық құқықбұзушылықтың алдын алу мен акция аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар жөнінде баяндады.
Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, 16 күн бойы ақпараттық жұмыс, психологиялық және әлеуметтік қолдау, мәдени-көпшілік іс-шара өткізіледі.
Мәселен, облыстағы сауда орталықтары, білім беру мекемелері мен кітапханаларда буклеттер, ақпараттық парақтар таратылады. Сонымен қатар сталкинг туралы және оған қатысты жауапкершілік шаралары, цифрлық зорлық-зомбылық тақырыптарында ақпараттық жұмыстар жүргізіліп, әлеуметтік желілерде онлайн акциялар ұйымдастырылады. Жастар мен студенттерге арналған құқықтық түсіндіру кездесулері, пікірсайыстар мен «Жастарға кеңес» ақпараттық шаралары да өткізіледі.
— Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің нысандарын жою туралы конвенция ережесіне сәйкес жыл сайын 25 қарашада зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні аталып өтіледі. 16 күнге созылатын акция 10 желтоқсан — Адам құқықтары күніне дейін жалғасады. Іс-шаралар отбасылық құндылықтарды насихаттауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жәбірленушілерге көмек көрсетуге бағытталған.
Биылғы науқан «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» деген ұранмен өткізіледі. Қазіргі таңда сандық технологиялардың дамуы зорлық-зомбылықтың жаңа түрлерін — кибербуллинг, желіде қудалау, жеке деректер мен суреттерді келісімсіз тарату сынды қауіпті тудырып отыр. Сондықтан биылғы науқанның негізгі мақсаты — әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылыққа қоғамның төзбеушілігін қалыптастыру, цифрлық қауіпсіздік, интернет кеңістігінде құрмет пен тең құқықтарды насихаттау, — деді ол.
Акция аясында дағдарыс орталықтарында, аналар үйлерінде және тұрғындар үшін арнайы психологиялық тренингтер өткізіледі. «Мен жалғыз емеспін» атты тренинг, көшпелі консультациялар және тұрғындармен жүргізілетін тренингтер арқылы әйелдерге қолдау көрсету қарастырылған. Театр қойылымдары, поэзия кештері, кітап талқылау іс-шаралары мен диалогтік алаңдар ұйымдастырылады. «Қызым, мен сені қорғаймын! Қарындасым, мен сені қолдаймын!» атты ер-азаматтардың мейірім маршы өтеді, бұл қоғамдағы позитивті қарым-қатынастарды насихаттайды.
— Полиция бөліміне әр түскен қоңырау бойынша жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғау нұсқамасы шығарылады, сондай-ақ сотпен құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленеді. Сонымен қатар іс сотқа жолданатын болады. Тәулік бойы 111, 102, 150 жедел желісінің телефондары жұмыс істейді, оларға қоңырау шалған әрбір адам тиісті кеңес немесе қолдау ала алады. Осы сәтті пайдалана отырып біз сіздерді айналаңызда болып жатқан заңбұзушылықтарға, яғни көршілеріңізде, таныстарыңыз немесе жақын адамдарыңызда зорлық-зомбылық орын алғанын байқасаңыз, оған көз жұма қарамауға шақырамыз. Полиция «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтумен қатар, отбасы институтын қолдап және кез келген зорлық-зомбылықтан қорғауға әрқашан дайын, — деді Нұрлыбек Суентаев.
Бүгінде елімізде зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Яғни арыздану сипатынан анықтау сипатына көшірілді. Жәбірленушінің арызы болмаса да, әкімшілік іс қозғала береді. Ол үшін куәгерлердің айғақтары немесе бейнебақылау камераларындағы жазбалар жеткілікті. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстары әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауыстырылды.
Акция аясында мобильді топтар тарапынан облыста өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша және тұрмыста құқықбұзушылық жасауға бейім адамдар, сондай-ақ қолайсыз отбасылар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жоспарланған. Барлық іс-шара тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



