Басты жаңалықтар

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ — БАСТЫ НАЗАРДА 

Комиссия отырысы

Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Убайдуллиннің төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі кеңейтілген комиссия отырысында жасөспірімдерге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Жиында құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, білім беру ұйымдарындағы бақылауды күшейту сынды мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды.

Әйтеке би аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дастан  Демеуғалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Сәулеш Биртаева,  аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуаныш Надиров атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы айтты.

Комиссия отырысы аясында ұйымдастырылған семинар-практикумда жасөспірімдерді іс-шараларға тасымалдау кезінде сақталуға тиіс алгоритмдер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Мамандар балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары, жауапты тұлғалардың міндеттері және төтенше жағдайлардың алдын алу тетіктері бойынша баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ  жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілігін төмендету, мектептердегі тәртіп бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар қаралды.

Жиынға мектеп директорлары, учаскелік полиция инспекторлары, спорт мектептерінің жаттықтырушылары қатысты. Олар  жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ата-ана жауапкершілігін арттыру және әлеуметтік-психологиялық қолдау шараларын жетілдіру бойынша пікір алмасты.

Комиссия мүшелері тарапынан құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жандандыру, білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысты жүйелі жүргізу туралы тапсырмалар берілді.

Жиын соңында жиналыс төрағасы кәмелетке толмағандар қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау ауданның басты басымдықтарының бірі екенін айтып, атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеді. Жалпы аудан бойынша жастардың саны — 6010, оқушылардың саны — 4210.

Әйгерім МОПЫҚ,

Әйтеке би ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button