ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҮЛЕСІ

Семинар
Ақтөбедегі №78 мектеп-гимназияда «Денешынықтыру сабақтарында қазақтың ұлттық ойындарын оқытуда интерактивті және оқуға бағытталған әдістерді пайдалану» тақырыбында қалалық семинар өтті. Іс-шараға қаладағы мектептердің денешынықтыру пәнінің мұғалімдері қатысты.
Семинардың мақсаты — ұлттық ойындарды насихаттау арқылы оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және заманауи оқыту тәсілдерін денешынықтыру сабағына тиімді енгізу.
Әр мектептің педагогтері акт залында жиналып, жасанды интеллект көмегімен тапсырмаларды жылдам орындап, оны оқыту үдерісінде қалай тиімді қолдануға болатынын тәжірибе жүзінде көрсетті.
— Бұл әдіс мұғалімдерге ұлттық ойындарды балаларға қызықты әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні пайдалану арқылы қысқа мерзімді жоспар мен бейнематериалдарды жедел әзірлеу мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, уақыт үнемдейді. Басты мақсатымыз — жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды заманға сай, жаңа тәсілмен жеткізу. Жалпы біздің білім ордасында ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық секілді спорт түрлерінен оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болып жүр, — деді №78 мектеп-гимназияның директоры Жанар Сейтмағанбетова.
Семинар барысында қатысушылар небәрі екі минуттың ішінде жасанды интеллект арқылы қысқа мерзімді жоспар әзірлеп, соған сәйкес ұлттық ойындарға арналған бейнематериалдар жасап шығарды.
Сондай-ақ ұстаздарға №78 мектеп-гимназиясында жаңадан ашылған садақ ату кабинеті де таныстырылды. Қатысушылар арнайы жабдықталған кабинетті көріп, ұлттық спорт түрінің мектеп оқушылары арасында насихатталып жатқанына жоғары баға берді.
— Мұндай семинарлар денешынықтыру пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттырып, ұлттық тәрбиені сабақта тиімді енгізуге зор мүмкіндік береді. Біз үшін өте маңызды. Өйткені көп уақытымыз спортзалда өтетіндіктен, қағаз жұмыстарына үлгеру қиын. Ал жасанды интеллект көмегімен жоспар мен бағдарлама жасау тәсілін меңгерсек, жұмысымыз едәуір жеңілдейді. Бүгінгі семинардан көп нәрсе үйрендік, — деді №38 мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Еркін Құдайсүгіров.
Семинар соңында денешынықтыру пәні мұғалімдері жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, қысқа мерзімді жоспар құру, тапсырмалар әзірлеу, тіпті оқу видеоларын бірнеше минутта жасау дағдыларын меңгерді. Семинар педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырып, оқу үдерісін жаңаша ұйымдастырудың жолдарын көрсетті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



