ЕРЛІКПЕН ҚАЗА ТАПҚАНДАРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТТЫ

Ескерткіш
Темір ауданында қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Тәртіп сақшылардың есімдері Кеңқияқ кенттік полиция бөлімшесінің аумағында тасқа қашалды.
Әріптестерін ұмытпай, аты-жөнін мәңгілік есте қалдыру мақсатында мұндай бастаманы қолға алған полицейлер өз арасында қаржы жинағанын айтады.
— 2011 жылдың шілде айында Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарында белгісіз біреулер полицейлердің көлігіне шабуыл жасап, екі қызметтесімізді атып тастады.
Қылмыскерлерді бірден ұстау мүмкін болмады. Олардың соңына түскен жауынгерлердің бірі қаза тапты. Өңірге Алматыдан арнайы бөлімдер көмекке келді. 9 экстремистің көзі жойылды.
Арада қанша жыл өтсе де, әріптестерімізді ұмытпадық. Олардың есімін ұлықтау үшін өз есебімізден ескерткіш тақта қойдық.
Айта кетерлігі, Айдос пен Нұрлан кісі қолынан ажал құшса, Мұрат 2020 жылы коронавирустан көз жұмды. Сондықтан соңғы аталған әріптесіміз де ұмытылмасын деп тізімге қостық, — дейді Темір аудандық полиция бөлімі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Зарина Дәулетова.
«Міндет! Абырой! Ерлік! Қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлер — мәңгі есімізде! Айдос Боранбаев, Нұрлан Алпысбай, Мұрат Бекетаев». Қара граниттен құйылған ескерткішке осылай жазылып, марқұмдардың туған-мерт болған жылдары көрсетіліпті.
Салтанатты жиын кезінде полицейлердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, марқұмдардың жұбайы мен туыстары сөз сөйледі.
Сондай-ақ аудан орталығында мекемелер арасында қызмет барысында қаза тапқан полицейлерді еске алуға арналған шағын футболдан турнир өткізілді. Бұл сында Темір балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жеңіске жетті. Жақсы нәтиже көрсеткендерге соңында грамота, медаль және бағалы сыйлық табыс етілді.
Айбек СЕРІКҰЛЫ,
Темір ауданы.



