Басты жаңалықтар

САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢА ТӘРТІПТЕР      

Брифинг

Келер жылдан елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Жаңа кодекстің басты мақсаты — салық жүйесін түсінікті, жеңіл және тиімді ету. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері осы тақырыпта сөз қозғады.

Аталған департаменттің камералдық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Қайдар Шайзада 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі корпоративтік табыс салығы және арнаулы салық режимдері жайында баяндады.

Оның айтуынша, корпоративтік табыс салығына (КТС) өзгерістер енгізілді. Бұдан былай жалпы мөлшерлеме 20 пайыз болып бекітіледі. Алайда кейбір салалар үшін салық жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Мысалы, банк секторында және құмар ойындар саласында салық өседі, ал ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар үшін төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған.

Мүгедектер жұмыс істейтін ұйымдарға да арнайы жеңілдіктер берілді. Мұндай ұйымдарда қызметкерлердің кемінде жартысынан астамы — мүгедектігі бар азаматтар болған жағдайда, олар төлейтін салықты едәуір азайта алады. Қажетті шарттар орындалса, кей жағдайда корпоративтік табыс салығын толықтай төлемеуге мүмкіндік бар. Қосымша құн салығы бойынша да осындай қолдау көзделген, — деді спикер.

Жаңа Заңға сәйкес жеке табыс салығы да жаңаша есептеледі. Бұдан былай азаматтардың табысы өскен сайын салық мөлшерлемесі де өседі. 35 миллион теңгеге дейінгі табысқа 10 пайыздық мөлшерлеме қолданылса, одан жоғары табысқа 15 пайыз салық салынады. Нотариус, адвокат секілді жеке тәжірибе иелері 9 пайыз төлейді. Бұрын дивидендтер бойынша берілетін бірқатар жеңілдік енді болмайды.

Департамент өкілінің айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке шаруа қожалықтарына салынатын салықтың да бір бөлігі жеңілдетілді. Өз өнімін өндіретін және сататын шаруалар салық сомасын 70 пайызға дейін азайта алады, бұл нақты төленетін мөлшерлемені 3-4,5 пайыз деңгейінде қалдырады.

Арнаулы салық режимдері де қайта қаралды. Енді үш режим қалады. Ол — өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жеңіл режим, жеңілдетілген декларация және шаруа қожалықтарына арналған тәртіп. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бұрынғыдай кәсіпкер ретінде тіркелмей, мобильді қосымша арқылы жұмыс істей алады, — деді Қайдар Шайзада.

Спикердің айтуынша, жалпы алғанда жаңа Салық кодексі салық жүйесін жеңілдетіп, бизнестің жұмысын оңайлатуға бағытталған. 2026 жылдан бастап бұл өзгерістер барлық салық төлеушіге кезең-кезеңімен қолданыла бастайды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button