Басты жаңалықтар

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ЖЕДЕЛ САТЫ ЖАЙЫ

Қала 

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев Авиатор, Әуе қалашығы, Юнис Сити, Сельмаш-1,2 шағын аудандарының тұрғындарымен кездесті. Ә.Кекілбайұлы  атындағы №72 жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейінде ұйымдастырылған іс-шарада бірқатар көкейкесті мәселе талқыланды.

Биыл аудан әкімі 50-ден астам кездесу өткізіп, тұрғындар тарапынан қойылған 327 сұрақ бойынша тиісті жұмыс атқарған. Оның айтуынша, қабылдауға келген азаматтардың өтініштері кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр.

Астана ауданының құрамына 20 тұрғын үй алабы, 61 бау-бақша ұжымы кіреді. Ауданға қарасты 66 саябақ, сквер, аллея, 350 көше мен 270 аялдама бар. Бүгінде автомобиль жолдарының құрылысы бойынша 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңақоныс, Бауырластар-1, Бауырластар-2, Алтын Орда ауданындағы Халел Досмұхамедұлы көшесінен Ғазиза Жұбанова көшесіне дейінгі автомобиль жолдарын салу аяқталды.Сондай-ақ Оңтүстік-Батыс-1,2 тұрғын алаптарында жалпы ұзындығы 27 мың шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Келер жылға ауыспалы 13 жобамыз бар, яғни 13 көшенің жолы жөнделеді, — дейді аудан әкімі. 

Жиын барысында осы жылы 19 мың шаршы метр жаяу жүргінші жолы төселгендігі айтылды. Оның ішінде түрлі түсті  жабындымен жаяу жүргінші жолдарын орналастыру бойынша Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы тозығы жеткен және көктем-күз мезгілінде жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін тротуарлар жаңартылды. Оның ішінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамынан «Мәдениет» сауда үйіне, Әлия Молдағұлова даңғылынан «Анвар» супермаркетіне, Ғазиза Жұбанова көшесінен «Береке» банкіне дейінгі аралықтағы тротуарлар жөнделген. Астана ауданының әкімі қала тұрғындарын экологиялық тазалыққа үндеді. Оның айтуынша, биыл ғана орнатылған 800 контейнердің 500-і жарамсыз болып қалған.

Жуырда жаңадан орнатылған 10 контейнер түгелімен өртеніп кеткен. Сондықтан қоқыс жәшігіне қатты-тұрмыстық қалдықтарды тастамаңыздар. Авиатор-24 тұрғын алабында тексеріс жүргізгенімде 10 шақты қоқыс қалтасының контейнер сыртында үйіліп жатқанын көрдім. Біз бәріміз таза жүргенді, таза киінгенді ұнатамыз. Алайда экологиялық мәдениетті сақтай бермейміз. Сондықтан қоқысты белгіленген жерге төгіп, қаламыздың тазалығына немқұрайды қарамайық, — дейді Б.Қырықбаев.

Есеп беру жиынында инфрақұрылымдық жобалар, көшелерді жарықтандыру, жол құрылысы және әлеуметтік мәселелер көтеріліп, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Жиында Әуе қалашығы ауданына тротуар орнату, контейнер алаңдарын жөндеу, №6/1, №6/2, №9/1, №9/2 тұрғын үйлердің жылу желісі иесіз болғандықтан, аталған үйлерді «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының балансына беру мәселесі айтылды.

Әуе қалашығы ауданының тұрғыны Жаңылсын Балиева тұрып жатқан 7 қабатты тұрғын үйінде жедел сатының жоқтығын айтып, осы мәселенің оңтайлы шешілуін сұрады. Оның айтуынша, мердігер компания екі жылдан бері уәдесін орындамапты.

Өзім Бөкенбай батыр көшесіндегі №155 үй, 3-корпустың тұрғын үй кооперативінің төрағасымын. Мұнда тұратын тұрғындардың дені — қариялар. Жедел саты болмағандықтан, үлкен кісілердің далаға шығуы мұң. Екі жыл бұрынғы жиналыста хаттамаға қол қойып, құны 12 миллион теңгені құрайтын жедел сатының орнатылуына бірауыздан қолдап, қол қойғанбыз. Әр пәтерге 3900 теңгеден төлем шыққан-ды. Алайда екі жылдан бері мердігер компания жедел сатыға бөлінетін ақша әлі аударылған жоқ дегенді ғана айтады. Бүгінде ол жедел сатының 15 миллионға қымбаттағанын естіп жатырмыз. Бірақ бізге бағадан гөрі жедел сатының орнатылғаны керек, — дейді қала тұрғыны.

Жиын соңында келер жылы пайдалануға берілетін балаларға арналған ойын алаңы таныстырылды. 2026 жылы «Авиатор» саябағына балалар алаңы салынып, Бөкенбай батыр көшесіндегі №153, №155/7, №133, №133 «Н» тұрғын үйлерінің ауларына ойын және воркаут алаңдары орнатылады. Сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы да айтылды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button