АУЫЛДЫҢ ЖЕТПЕСІ АЙТЫЛДЫ

Кездесу
Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов Құмтоғай, Қызылжар ауылдық округтерін аралап, тұрғындармен кездесті.
Құмтоғай ауылдық округінің Құмтоғай, Қарасай, Қарақұдық ауылдaрының тұрғындарымен кездесу барысында аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспармен бөлісті.
Ауыл тұрғындары ауылдық округке тартылатын газ, санитарлық тазалық мәселесі бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, олардың шешілу жолына тоқталды.
Ал Қызылжар ауылдық округінің Құрылыс, Жаныс би, Шеңбертал ауылдарының тұрғындарымен кездесуінде Нұрлан Қызбергенов жыл басынан бері жүзеге асырылған жобалар туралы айтып берді. Сондай-ақ елді мекендер атынан сайланған мәслихат депутаттары О.Нұрмағанбетов пен Ғ.Тапақов өздеріне жүктелген міндеттер мен жұмыстарды баяндады.
Ауыл тұрғындары жол қатынасы, құрылыс нысандарының пайдалануға берілуі, т.б. мәселелерді көтерді.
Бұдан бөлек бүгінде ауданда алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмысы күшейтіліп жатыр. Осы мақсатта аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов Жайсаңбай ауылдық округіне қарасты Қыл бөгеті, Құрдым көлі, Шалқар теңізі аумақтарын аралады. Құрамында аудандық мәслихат төрағасы Марат Тұрымов, табиғат қорғау саласының ардагері Омар Сақтағанұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Азамат Жаналин және Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының инспекторы Теміржан Әмірханұлы бар топ қазіргі таңдағы ахуалды бағамдап, жиналған су деңгейі, судың сапалық құрамы және өзге де маңызды жайттарды талқылады.
Д.АЙДАР,
Ырғыз ауданы.



