Басты жаңалықтар

БЕГАЛЫДА МЕДИЦИНА ПУНКТІ АШЫЛДЫ

Денсаулық

Қобда ауданы Бегалы ауылында жаңа амбулатория пайдалануға берілді. Медицина мекемесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елге қайтарылған заңсыз иемделген активтер есебінен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.

310 тұрғыны бар ауылдағы  медицина нысаны тәулігіне 25 адамды қабылдай алады. Заманауи нысан соңғы үлгідегі техникамен және қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Амбулатория алғашқы тексеру, профилактикалық іс-шара, дәрігерге дейінгі көмек көрсету сияқты қызмет түрлерін ұсынады.

Ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев және аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев қатысты.

Шара барысында аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев ауылдағы  денсаулық сақтау саласын жақсарту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын атап өтті.

Бүгін Бегалы ауылында пайдалануға берілген амбулатория — ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылған жүйелі еңбек нәтижесі. Елге қайтарылған активтер есебінен салынған бұл нысан тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде аудан бойынша 27 медициналық мекеме жұмыс істейді. Биыл ауданда бірқатар маңызды жоба іске асып, Өтек және Жарық ауылдарында жаңа медициналық пункттер пайдалануға берілді. Сонымен қатар ауданның медициналық материалдық-техникалық базасын күшейту үшін биыл облыстық бюджеттен 66,4 млн теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдық алынды. Дегенмен кадр мәселесі әлі де өзекті. Ауданда психиатр-нарколог пен жалпы тәжірибелік дәрігерлер  жеткіліксіз. Бұл мәселені шешу үшін тиісті басқармалармен бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Басты мақсат — аудан тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына толық жағдай жасау, — деді І.Тынымгереев.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button